• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Мамыр, 2020

Ақпарат және қоғамдық даму министрі журналист Бейсен Құранбектің отбасына көңіл айтты

1544 рет
көрсетілді

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева белгілі журналист Бейсен Құранбектің отбасына көңіл айтты.

- Елімізге белгілі журналист, халқымыздың аяулы ұлы Бейсен Құранбектің қазасы баршамызға ауыр тиді. «Айтуға оңай», «Қарекет» бағдарламалары арқылы қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған тележүргізуші, елдің мұңын өз мұңындай көріп, көпке қамқор болған жомарт жүректі азамат бақиға аттанды. Марқұмның отбасына, жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз.   Қазақ журналистикасы ауыр қайғыға душар болды. 49 жасқа қараған шағында белгілі журналист Бейсен Абайұлы Құранбек дүниеден өтті. Елдегі БАҚ саласының дамуына ерекше үлес қосқан қарымды тілші, аузы дуалы жүргізуші, білікті медиа-менеджердің сіңірген еңбегі ел есінде. Қиындықтан қайтпайтын, отаны үшін қызмет етуге бекінген асыл жанның бейнесі әріптестерінің жадында қалады. Айтуға қиын, қабылдауға суық хабар біздің де қабырғамызды қайыстырды.   Бейсен Құранбек әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Еңбек жолын республикалық «Спорт» газетінде тілші, жауапты хатшы қызметінен бастаған. «Рахат», «31 арна», «Хабар» арналарында, Президент телерадиокешенінде қызмет атқарған. 2007-2012 жылдары Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болды. 2013-17 жылдары «Қазақстан» телеарнасындағы жалпақ жұртқа танымал «Айтуға оңай» әлеуметтік-тұрмыстық ток-шоуының жүргізушісі болды. 2017 жылдың қыркүйек айынан бері ұлттық арнадағы «Қарекет» бағдарламасын жүргізді. 2014 жылдың қазан айында Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасының бас директоры болып қайта тағайындалды.   Ол қай жерде жүрсе де өзінің кәсіби біліктілігін танытты. Қаламы жүйрік, өзіндік ойы бар екенін дәлелдеді. Өзекті тақырыпты тап басып, қоғамдық мәселені көтере білді. Бейсен Абайұлының туыс туғандары мен оның оқырмандары мен көрермендеріне, әріптестеріне, жалпы Қазақ еліне қайғырып, көңіл айтамыз! Алла тағала асыл азаматтың алдынан жарылқасын, - делінген министрдің көңіл айту хатында.