• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Мамыр, 2020

Парламент депутаттары мақтааралдықтардың жағдайына қанықты

148 рет
көрсетілді

Түркістан облысына арнайы жұмыс сапарымен келген Сенат депутаттары Әли Бектаев, Әлімжан Құртаев және Мәжіліс депутаты Ержан Құдайберген Мақтаарал ауданындағы топан судан зардап шеккен ауылдарды аралап, жергілікті тұрғындардың жағдайымен танысты.

Сенаторлар алдымен төтенше жағдайға байланысты облыстық штабтың орталықтандырылған қоймасында болды. Жалпы бүгінге дейін қоймаға еліміздің барлық облыстарынан 620 тоннадан астам тауар келіп түскен. Оның 220 тоннаға жуығы эвакуациялық пункттерде уақытша орналасқан азаматтарға үлестіріліп берілген. «Ауылдарын топан су шайып, қиындыққа душар болған мақтааралдықтардың мәселесі бізді де қатты толғандырды. Десек те, Елбасымыз, Президентіміз, Nur Otan партиясы, облыс әкімдігі және бүкіл облыстар барынша көмек қолын созып, Мырзашөл халқымен бірге екенін танытып жатыр. Алдағы 1-2 айда жаңа үйлер бой көтеріп, егін, мал шығындары толық төленіп, бұл қиындықтарды да еңсеретінімізге сенімдіміз. Сенат депутаттары ретінде мақтааралдықтарға қашанда қолдау білдіруге біз де дайынбыз»,  дейді Әли Бектаев.

Депутаттар су басып қалған Өргебас және Фирдоуси ауылдарына барып, тұрғындардың талап-тілектерін тыңдады. Қазіргі таңда арнайы мамандардың көмегімен ауылдарды судан тазарту жұмыстары жалғасуда. Апаттың зардаптарын жоюға Нұр-Сұлтан, Шымкент қалалары мен Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарындағы Төтенше жағдай департаменттерінен қосымша күш тартылған. Бұл жұмыстарға жалпы 37 техника, 102 сорғыш, 1494 маман жұмылдырылған. Бүгінге дейін ауылдарды басып қалған судың 10 мың тоннасы насос арқылы қауіпсіз аймаққа шығарылған. Атакент кенті мен Мақтаарал ауылдық округіндегі №14 колледжі мен №42 жалпы орта мектебіндегі эвакуациялық бекеттерінде уақытша орналасқан тұрғындар депутаттармен кездесуде осындай қиын-қыстау кезеңде бар көмегін аямаған Үкімет пен облыс басшылығына және барша қазақстандықтарға шынайы алғыстарын білдірді.

Сондай-ақ, халық қалаулылары жаңадан бой көтеріп жатқан елді мекенде болып, құрылыс жұмыстарымен танысты. Топан суда қалған Жаңатұрмыс, Жеңіс, Достық ауылдарын басқа жерге қоныстандыру үшін Мырзакент кентінен жалпы 160 гектар аумаққа 505 үй салынуда.