Бүгінгі таңда елімізде 1 млн 700 мыңға жуық қосалқы шаруашылық бар. Ауыл халқын ғана емес, қала халқын да ауылшаруашылық өнімімен қамтып отырғанына қарамастан, олардың өнімі сауда орындарында ресми түрде сатылмайды, өңдеуші кәсіпорындарға жеткізілмейді. Мемлекетке 1 тиын да салық төленбейді. Қосалқы шаруашылықта жұмыс істейтіндер әлеуметтік жағынан да қорғалмаған. Бұған Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та назар аударып, Үкіметке ауылдағы кооперацияны дамытуды тапсырғаны белгілі.
Жуырда «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков онлайн режімде брифинг өткізіп, Президенттің осы тапсырмасына байланысты және басқа да мәселелерге қатысты журналистердің сауалына жауап берді.
– Қосалқы шаруашылық дегеніміз – ауылдағы үй мен маңайындағы бау-бақшасы, қора-қопсысы. Бір үйде ерлі-зайыпты адамдар болады десек, ең азы 2 жарым миллион адам осындай отбасылық шаруашылықпен айналысады. Бұл ауылдық жердегі 7 жарым миллион халықтың жартысына жуығы. Осы отбасылық шаруашылықтар еліміздегі ауылшаруашылық саласындағы өнімнің 50 пайызға жуығын өндіріп отыр. Атап айтқанда, ет-сүт өнімінің – 70 пайызы, көкөністің – 80 пайыздан артығы, картоптың – 90 пайыздан артығы солардың үлесінде. Бұл өте үлкен көрсеткіш. Заңда агроөндірушілер ретінде заңды тұлғалар мен шаруа қожалықтары белгіленген. Меніңше, үшінші топ ретінде отбасылық шаруашылықтар айқындалуы керек, олар туралы қазіргі заңда ештеңе айтылмаған. Біз соны ескеріп отбасылық шаруашылықтарға мемлекеттік қолдау көрсетсек, саланың қарқынды дамуына ықпал етер едік, – деді ол.
Оның пікірінше, фермерлер Қазақстанда өндірілетін дәстүрлі аграрлық өніммен ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп қана қоймай, экспортқа да шығара алады. Дұрыс жолға қойылса, аграрлық секторда жылына 40-50 млрд доллардың өнімін экспорттауға мүмкіндік бар.
– Кейбір шалғай ауылдарда жұмыссыздардың үлесі 90 пайызға дейін жетеді. Ауылдағы негізгі жұмыс істейтін адамдар – мектеп мұғалімдері, әкімдік қызметкерлері, полицейлер, медицина қызметкерлері және мәдениет үйлерінің мамандары, шаруа қожалықтарындағы адамдар. Қалған халықтың бәрі жұмыссыз. Олар мемлекеттен ешқандай көмек алмай-ақ, өзінің жеке шаруашылығын дөңгелетіп, табыс тауып, отбасын асырап отыр. Іс жүзінде жұмыссыз саналады. Егер кооперативтер құрып, осы адамдардың келісімшарт негізінде өнімін кооперативке тапсыруына жағдай жасалса, оларды жұмыссыздардың, өзін өзі жұмыспен қамтығандардың санатынан шығаруға болады. Екіншіден, кооперативке өнімін өткізушіден заң бойынша салыққа кірісінің 10 пайызы ұсталады. Жоғарыда айтылған 1 700 мың шаруашылық менің есебімше жылына 204 млрд теңгеден артық салық төлей алады. Салыстыру үшін айтайын, қазір қазақстандағы бүкіл ауыл шаруашылық саласынан түсетін салық 50 млрд теңге. Мәселе халықтан салық жинап алуда емес. Олар бұл кірісінің бір бөлігін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына және медициналық сақтандыру қорына аударар еді. Бұл өзін өзі жұмыспен қамтушыларға қатысты өзекті проблема, оған қоса бер реттік әлеуметтік төлемнің де қажеті болмайды, – деді Т.Рақымбеков.
Салықтан түскен қаржының қалған бөлігін, яғни 100 млрд теңгені жергілікті ауылдық округтердің әкімдігіне аударған жөн. «Төртінші деңгей бюджетін» қалыптастыруға бұл үлкен көмек. 100 млрд теңгені елдегі 2 мың 300 ауылдық округке бөлсе, орташа есеппен жылына шамамен 45 млн теңгеден айналады. Бір жағынан, бұл әкімнің атқарған жұмысынан да хабар беретін көрсеткіш болады. Салықтың көбірек түсуіне жағдай жасаған, сол қаржыға ауылда балалар алаңын немесе басқа да нысан салдырған әкімді жергілікті халық та қолдайды.
Т.Рақымбеков айтқандай, жалпы аграрлық салаға тән үлкен проблеманың бірі – инфрақұрылымның жоқтығы. Өнімді шаруалардан сатып алу, сақтау, дүкен сөрелеріне немесе қайта өңдеу кәсіпорындарына жеткізу жүйесі қалыптаспаған. Жанар-жағармай, тыңайтқыш, қосымша сайман жеткізу, біліммен қамту жұмыстары қарастырылмаған. Кооперативтер осы жүйені қалыптастыра алады.
– Несиелендірудің өзін кооператив арқылы жасауға болады. «Ауылшаруашылық кооперативтері туралы» Заңда несиелендіру көрсетілген, бірақ несиелендіру процедуралары туралы заңдар жоқ. Президент айтқандай, «Егістік даласынан – дүкен сөресіне дейін» өнім жеткізетін, басқа да артықшылықтары бар кооперативтерді қанатқақты жоба ретінде бірнеше ауданда бастау керек. Оның тиімді жақтары, артықшылықтары байқалғаннан кейін халықтың өзі әрі қарай кооперативке бірігуге тырысады, – деді Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басшысы.
Кооперативтер желісін ұйымдастыру, насихаттау, халыққа түсіндіру жұмысын мемлекет қолға алуға тиіс.
Бүгінгі таңда ауыл маңындағы жайылымдық немесе егістік жерлерді ірі шаруашылықтар алып қойғандықтан, кейбір ауылдарда қосалқы шаруашылық иелері азғантай малын бағатын жер таппай, қысылып қалғаны жасырын емес.
– 2015 жылы қабылданған «Жайылымдық жерлер туралы» заңда жергілікті атқарушы органдар елді мекендердің маңындағы жерді қоғам малына жаюға беруге тиіс екені айтылған болатын. Бір өкініштісі, кейінгі қабылданған басқа заңдарға өзгеріс енгізіліп, ол жерлерді нарық бағасымен сатып алуға тиіс болды. Бәленбай миллиард тұратын жерді ірі шаруалардан сатып алып, жергілікті халыққа беруге әкімдіктің қаржысы жоқ, – деді спикер.
Алайда кооператив желілерін құру бұл проблеманы да шешуге жол ашады. Кооперативтер отбасылық шаруашылықтардың малын қосып, ауылдан қашықтағы бос жайылымдарға апарып бағуды ұйымдастыра алады. Ауылдың іргесінде жайылым жоқ екен деп, халықты малсыз қалатын жағдайға жеткізуге болмайды.