Бір адамның бойында осыншалықты қажыр-қайрат, өмірге деген ынтызар құштарлық болады екен-ау. Боркемік болып жаралса баяғыда тағдырдың салған ісіне көніп, бордай тозар еді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда сан сынақ басына түссе де, берілмей-ақ келеді.
Өтпелі кезеңнің өкпек желімен алысты. Алыса жүріп егін егіп, мал бақты, сауда жасады. Тоқсаныншы жылдардың басындағы өлшеммен тәп-тәуір қаражат жинаған. Омбы қаласында оқитын жалғыз ұлы Әсетке үй әперемін деп барғанында тағы да қырсық шалды. Содан бері бір айналдырған тағдыр шыр айналдырумен келеді. Тұла бойы құрыштан құйылғандай, жігері мықты, жүйкесі берік Рамазан Хасенов не көрмеді?!
Омбының шетінде қарақшылар соққыға жығып, есінен тандырып, қойнындағы пәтер аламын деп жинаған бар қаржысын үптеп кеткенімен қоймай, темір жол бекетінің алдындағы жол үстіне көлденең тастап кетіп, екі аяғын бірдей салмағы мың батпан пойыз қырқып түскенде де жалаулы жасыл дүниеден, аппақ әлемнен үмітін үзбеген.
Маңдайына басқан жалғыз ұлын Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде оқып жүрген кезінде қас қарая әлдекімдер соққыға жығып, тонап кеткен. Қалтасындағы тиын-тебенін сыпырып алыпты. Жанын жалдап бір шеті Мәскеуге дейін емдетуге апарғанда да қиындықтан беті қайтпаған. Тапқан-таянғанын түгел жұмсаған. Бір анализінің өзі үш мың доллар. Әйтсе де, жанындай жақсы көретін жалғыз ұлы Әсет, мектепті үздік оқыған озат оқушы, жоғары оқу орнында білім сайысында замандастарынан оқ бойы озық жүретін бозбала ем қонбай, қайтпас сапарға аттанды. Бұл қайғыны жүрегім көтере алмас деп қорыққан. Көтерді.
Бой жетіп таралып өсіп қалған қызын Омбы қаласының көшесінде машина қағып, ажал құшты. Қара аспан айналып түскендей болды. Өлгеннің артынан өлмек жоқ екен, шыбын жаны шырылдап, дүние тегіс қараңғы тартқандай. Көз алдын көлегейлеген шымқай қараңғыдан иненің жасуындай жарық көрінеді. Сол жарық азапты болса да, қасіреті көп болса да жарық дүниеге деген махаббат сәулесі екен ғой. Өксіте жүріп өрге сүйреді.
Кейін Қызылтудан Зерендіге қоныс аударған. Ескі елес ес жидырмаған соң. Қайғының қара бұлты сыпырылар деген. Зерендіде шағын шеберхана салды. Өзі тәрізді міскіндердің арбаларын тегін жөндеп беру үшін. «Күн астында жүргенмен күрсінуге себеп көп» демекші, өмірде оқыс жай аз ба? Бір Зеренді ауданының өзінде 1850 мүгедек бар екен. Мүгедектер арбасымен жүретіндерге қиын-ақ. Мойынтірегі осал ма, немене, тез істен шығып қала береді. Өзі тәрізді міскіндердің қол арбаларын тегін жөндеп беріп жүрді.
Осыдан үш жыл бұрын тағы бір иманды істі қолға алған. Ауданның шалғай ауылдарынан орталықта әлдебір құжат мәселелерін шешуге, дәрігерге қаралуға келетін мүгедектер аз емес. Қонақ үйде жату олар үшін тым қымбат. Әрі Зерендіге еліміздің түкпір-түкпірінен келетін қонақтар да аз емес. Олардың арасында да өзі тәрізді өмір өкпелеткен адамдар бар. Солар келгенде қол арбамен көтерілер жолы бар, ішінде бар жағдайы жасалған үй салып қоймақшы болды. Жер телімі де берілген. Аудандық жер, сәулет бөлімі өлшеп-кесіп, мәслихат құптап, әкімдік рұқсат еткен. Тек әдемі ойдың оңынан оралмауына аудандық прокуратураның рұқсатты теріске шығарған шешімі ғана себеп болды. Үй саламын деп жылдық өсімі 6 пайызбен бес жылға несие алған. Ол екі арада құрылыс материалдары да қымбаттап кетті. Енді не істерін білмей дал.
Жер мәселесі бірінші топтағы мүгедек Рамазан Қазбекұлы үшін қара жердің өзіндей ауыр болды. Әлдебір учаскелік инспектор жер менікі деп таласқан. Екеуі сотқа жүгінді. Әділдік жеңді. Түпкі ие Рамазан Қазбекұлы болып танылды. Шындығында солай еді.
– Бірақ алты ай бойы азапқа түсірген осы мәселе сотта қаралған кезде тиісті төлемдерін төлеу үшін 210 000 теңге қаражатым шығын болды,–дейді Рамазан Қазбекұлы, – әр тиыны санаулы адам емеспіз бе, бірақ, ақшасынан бұрын он екі мүшесі сау адамның жала жауып, тізе батырмақ болғаны жаныма батып кетті.
Өзі әупірімдеп күнелте жүріп мүгедек спортшыларды әрқилы сайыстарға жібереді екен, демеуші болып. Олар жалғыз-жарым жол жүре алмайды, қасына серік қосады. Серігінің жол шығынын да өзі көтереді. Үй-күйі жоқ үш мүгедекті өз үйінде ұзақ жыл паналатыпты. Інісіндей болған Рамазан Жахин есімді азамат үйленіп, бөлек шығыпты.
– Тағдырдың талқысын көп көрген адамдар ғой, аяймын, – дейді өзі.
Ал өзгенің өмірін жеңілдетсем деп өзегіндегі бар қайратын сығымдап жұмсап, жанын жалдап, тағдырмен жекпе-жек шығып, сан алуан теперішке мойымай келе жатқан өзін аяр жан бар ма?!
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы