• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Руханият 20 Мамыр, 2020

«Ой, бұл кісі күлдіріп, күшті емдейді»

1308 рет
көрсетілді

«Жақсы жұмыс істегеннен кейін, халық көп барғаннан соң жұмысынан бо­сау­ға мәжбүр болыпты». Бүгінгі кейіпкеріміз, ақжарлық дәрігер Ермек Шағалақов туралы екі жыл бұрын осындай әңгіме естіген едім. «Жақ­сы жұмыс істеген адамның жұмыстан босап қалғаны қалай?!» деп өз-өзіме сұрақ қойғаным да рас сол кезде. Жақында Ақжардағы Мә­де­ниет үйінде аяқастынан, күтпеген жерден ол кісімен кездесудің сә­ті түсті.

Дәрігермен жолықпас бұрын «Шы­нымен де, бұл кісіні ақжар­лық­тар жақсы тани ма, әлде жай айтылған сөз бе екен?!» деп Мәдениет үйінің залында жиналысты күтіп отырған Ақжар ауылының бірнеше тұрғынын жорта сөзге тарттым. Таңғалғаным, Ақжарда бұл кісіні білмейтін адам жоқ секілді. Бәрінің айтатыны бір ғана сөз: «Мықты дәрігер. Жақсы қарайды», дейді. «Қатты ауырып, операцияда жатқан қаншама адамды аман алып қалды. Жан-жақтан кісі көп келеді. Қарамайын десе де есік алдына жатып алады. Менің ұлымның лагерьде сындырған қолын жазды. Біздің ауылда демікпемен ауырған кісіні де осы дәрігер емдеді. Бұл кісіні Ақжардың емханасынан шығарып тастағаны дұрыс болмады. Ауданымызға өте қажет адам. Мұндай хирург бүгінде өте аз», деді Тарбағатай ауданындағы Сәтпай ауылының тұрғыны Ерлан Көмекбаев.

 Облыс әкімінің өзі жұмысқа шақырды

Ермек Шағалақовты жергілікті халықтың ерекше құрметтейтінін, айрықша жақсы көретінін жуықта Ақжар ауылындағы Мәдениет үйін­де облыс әкімі Даниал Ахметов­тің қаты­суымен шекаралық аудан­дар­­ды дамытуға қатысты өткен жиын­да анық аңғарғандай болдық. Залда сөз алған осы өңірдің бір тұр­ғыны Ақжардағы медицина жайын, дә­рі­­герлердің адамдармен дұ­рыс сөй­­лес­­пейтінін айта келе бі­лік­ті дә­рігер Ермек Шағалақовтың ең­бе­гінің лайықты бағаланбай жүр­ге­нін жет­кіз­генде бүкіл халық тік тұрып, дуылдата қол соқты. «Ха­лық қаласа хан тү­йесін сояды» де­мекші, осы кезде аймақ басшысы дәрігерді ел алдына шығарып: «Айналайын Ермек, Ақжарға бас дәрігер болып жұмысқа келші. Қа­жет­­ті жабдықтарды алайық. Жаңа ма­ман­дар әкелсеңіз, пәтер мәселесін ше­шейік. Мен емес, халық сұрап тұр ғой», деп ұсыныс айтты. Дәрігер облыс әкімінің өзі ұсыныс айтты екен деп елп етіп, бірден келісе кетпей, байыптылық танытып: «Халықтың қолдауымен жеке клиника ашқалы жатыр едім. Сол жұмыс жарты жолда қалып қоя ма деп алаңдаймын. Ойланайын», деді.

Жиналыс аяқталған соң дәрі­гер­мен Мәдениет үйінің бір бөлмесінде аз-кем сұхбат құрдық. Ол туған жері Ақжардағы ауданаралық ауруханаға 2016 жылы келіп, хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметіне бел шеше кірісіпті. Жергілікті тұрғындардың алғысын алумен қатар өз әріптестері арасындағы түсініспеушілік осы кезде басталған секілді. «Бұл жерде бір жылдай жұмыс істедім. Облыстың бас хирургі Марат Башабаевтың келісімімен бірнеше операция жа­садым. Жасалған операция нәти­желі, сапалы болды деп ой­лай­­мын. Кейін әріптестерім арасында біраз түсініспеушіліктер бо­­лып, жұмыстан кеттім. Сөздің ора­йы келгенде айта кетейін, жалпы өз басымның Ақжардың ешбір дәрігеріне өкпем жоқ. Бұл жердің дәрі­герлері өте мықты. Бас дәрігер Қайрат Өскенбаев тәжірибесі мол, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалған білікті маман», дейді хирург.

 Науқасқа ең әуелі керегі – жылы сөз бен жайдары қабақ

«Ақжар халқы сізді ерекше жақсы көретінін бұрын да білуші едік. Бүгін тіпті көзіміз жете түскендей. Тұрғындар сізді неге жақсы көреді? Мұның сыры неде?» деп бізге қызықты, дәрігерге ыңғайсыздау сұ­­рақты еріксіз қойдық. «Мұны ха­лықтың өзінен сұрағаныңыз дұ­рыс болатын шығар. Менің анық білетінім – дәрігердің алдына шипа іздеп келген жанға ең әуелі жылы сөз бен жайдары қабақ керек. Пендеміз ғой. Бәріміздің басымызда мәселе бар. Менде де бар. Бірақ өзі ауырып, жәрдем тілеп алдыма келген адамды қабағымнан қар жауып қарсы алсам не болады? Ол маған үміт артып, сенім білдіріп келіп отыр ғой. Одан кейінгі ең маңызды дүние – дұрыс диагноз қою. Өзім алдыма келген адамды бастан-аяқ, толық қарап шығамын. Кейде дәрігерлер: «Мынау менікі емес. Маған қатысы жоқ» деп қашқақтап жатады. Мәселен, науқастың оң тізесі ауырса, сол ауырған тізесін ғана қарай салады. Болды. Негізінде барлық орган бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан адамды тұтастай қарауымыз керек», дейді дәрігер. Осы кезде Мәдениет үйінің біз дәрігермен сөйлесіп отырған бөлмесіндегі қара көзілдірік киген бейтаныс ағамыз: «Ой, бұл кісі күлдіріп, күшті емдейді» деп сөзге араласты.

Дәрігерге бүгінде Ақжар ауылын, Тарбағатай ауданын былай қой­ғанда, облысымыздың түкпір-түк­пірінен, тіпті Алматы мен Нұр-Сұлтан, Қызылорда қалаларынан науқастар еміне шипа іздеп келеді екен. Әрине алдына көп адам келетін хирург әр науқасты қараған сайын әртүрлі ой түйетіні, кейде науқаспен бірге қиналып, өзін қоярға жер таппай: «Неге осылай?» деп күйетіні де анық. Ақ халатты абзал жанды алаңдататын дүние аз емес. Соның бірі – ұялы телефон. «Қазіргі жастар, балалар ұялы телефонды ұстамаса жүре алмайды. Біле білсек, бұл да адамды ауыртады. Телефонның зия­ны жай адамға білінбейді. Дәрігер болған соң біз білеміз. Біреудің басы ауырып келеді, бірінің көзі ауы­рып келеді. Онкологиялық аурулар көп. Бұған телефонның да әсері бар. Кейбір ата-аналар: «Балама телефон берсем, тыныш отырады. Жыламайды» деп мақтанады. «Бұған мақтанбау керек, жылау керек» деймін мен. Кейін ержеткен соң ауырып жылағанша, ба­ланың қазір телефонға қолы жете алмай жылағаны дұрыс. Мені тол­ған­дыратын тағы бір дүние – памперс. Қазіргі кішкене балаларда фи­моз ауруы көп. Фимоз дегеніміз – үрпісінің дұрыс ашылмауы. Үрпі дұрыс ашылмағанда баланың кіші дәретке отыруы қиындайды. Қазақ халқының кереметтігі сол, бала бе­сік­те жатқанда үлкендер «Әтпүш бер, әтпүш әкел» деп оны ойнатып, иіс­кеп, шүмегін уқалап, тартып жатады. Бала соған мәз болады. Ойлап қа­расаң, мұның өзі бір тәрбие, емнің, жаттығудың бір түрі екен. Сонда бала фимоз болмайды екен. Негі­зін­де ағзадағы артық заттар, неше түрлі бактериялар үлкен және кіші дәретпен шығуы керек. Памперс соны жауып тастайды. Сондықтан мүмкіндігінше балаға үйде памперс кигізбеген дұрыс», дейді хирург.

Ермек Шағалақов қолы қалт ет­ке­н­де ауыл тұрғындарын жинап, тегін дәріс оқиды екен. Дәріс барысында бүгінде жиі кезігетін буын, остеохондроз, қан тамыр ауру­лары туралы айтып, айтып қана қоймай, бұл сырқаттарды емдеу жол­дарын массаж, жаттығулар арқы­лы көрсетіп, тұрғындардың сұрақтарына жауап беретін көрінеді. Дәрігер осыған ерінбей, жалықпай, үш сағат алтын уақытын жұмсайды екен. «Дәрістерге дәрігерлер қатыса ма?» деп сұрадым. «Аудан ор­талығында біраз уақыт жұмыс іс­те­генімде дәрісті ең әуелі ка­би­нетте оқыдым, 15 кісі болды. Екінші рет оқығанда 35 адам кел­ді. Кабинетке сыймай кетті. Үшінші рет аурухананың акт залында өтті. Қарапайым халық көп болды. Бірақ бірде-бір дәрігер келген жоқ. «Келіңіздер. Үйреніңіздер, білгенімді көрсетемін, білмегенімді сіздерден сұраймын» дедім. Өздері біледі ғой» деді Шәкәрімнің «Білген ердің бол шәкірті, білмегенді қыл шәкірт» ұстанымын ұстанатын, әр кез бойындағы, ойындағы жиған-тергенін өзгеге үйретуге ұмтылатын білікті маман.

Бұл дәрігердің артықшылығы дейміз бе, өзгешелігі дейміз бе, қалай десеңіз де еркіңіз, алдына келген науқастарға топырлатып дәрі жазып бере бермей, жаттығу мен массаж арқылы емдегенді қолай көреді екен. «Америка ашып, ештеңе ойлап шығарып жүргенім жоқ. Бәрі өз басымнан өткен. Бұрын өзім­нің де жүрегім ауырды. Қан қы­сы­мым болды. Студент кезімде 2-қабаттан құлап, омыртқам да сынды. Сол кезде маған қаншама дәрі жазып берді. «Мынаның бәрін ішсем өлем ғой» дедім іштей. Содан кейін «Емделудің басқа жолы бар шығар» деп Бубновский, Валентин Дикуль, Коновалов секілді авторлардың кітап­тарын қарадым. Әрқайсысынан өзіме керегін алдым. Омыртқам сынған кезде сүйек біткенше үш ай бойы төсекте қозғалмай жату керек болғанмын. «Үш ай қалай жатам?» деп дәрігерлер тыйым салса да ақырындап қимылдай бер­дім, қозғала бердім. Бір айдан кейін футбол ойнап жүрдім. Жү­ре­гім ауырғанда жаттығу, бауырым ауырғанда массаж жасадым. «Мұ­ның бәрін оқып алған жоқпын, өз басымнан өткердім» деп халыққа айтып жүремін. Құдайға шүкір, жасаған ем-домымыз ел көңілінен шығып жатқан секілді. Өзің сұрап отырсың ғой, бір ғана мысал айтайын. Бір күні маған келіп емделіп жү­­р­етін әйел адам өзімен бірге апа­йын ертіп келді. 8 жыл бала кө­тере алмапты. Бір күні келгенде жылап тұр. «Бірнәрсе дұрыс бол­ма­ды ма?» деп шошып кеттім. «Қуан­ғаннан жылап тұрмын. Бес ай болды бала көтергеніме. Сіздің айтқандарыңыздың бәрін істедім, жаттығуларды жасадым» дейді. Ол кісінің бала көтергеніне қуанғаным рас. Бұл – Алланың ісі, мен тек себепшімін. Мұндай адамдар өте көп», дейді дәрігер.

 Ел тілегімен салынып жатқан емхана

Мәдениет үйінен шыққан соң дә­рігер жергілікті халықтың сұ­ра­ны­сымен, бата-тілегімен, қолда­уы­мен салынып жатқан жеке емханасын аралатып көрсетті. Бұрын Абай атындағы мектеп болған екі қабатты ғимараттың жартысында халыққа қызмет көрсету орталығы мен мұрағат қызметкерлері отырса, бұған дейін қараусыз, бос тұр­ған жарты бөлігі әкімдіктің ұйға­рым­ымен Ермек Шаға­лақовқа бері­ліп­ті. Екі қабатты ғимараттың ішін таныстырған дәрігер мұнда жақын күн­дері гинекология, стоматология, хирургия кабинеттері, оңалту бөлмелері, дәріхана, ерлер мен әйел­дер­ге арналған екі палата, бұдан бөлек операциядан кейін қызмет көр­сететін тағы екі палата ашылатынын жеткізді. «Қазірдің өзінде ашылмаған емханамызға операция жасату үшін бірнеше адам кезекте тұр. Ең әуелі Алланың, екінші халықтың көмегімен осы ғимарат салынып жатыр. Халыққа ризамын. Емхананың 11 терезесін халық қойып берді. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы лицензия алуға көмектесеміз деп отыр. Барлығына рахмет. Ендігі ойым – осы емхананы тезірек ашу» деген дәрігер емханаға медициналық құрылғылар алу үшін несие алғанын да жасырмады.

Айтпақшы, жуықта ақжарлық дә­р­ігер бізге хабарласып: «Бізді өсі­­ре­тін де, өшіретін де, төбесіне кө­те­­ретін де, төменге түсіретін де – халық. Ел тілегін ескерусіз қал­ды­­руға болмайды» дей келе облыс әкі­мі­нің ұсынысына келісім бергенін айтты.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Тарбағатай ауданы,

Ақжар ауылы