Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтыруларды бірауыздан қолдады.
Жалпы отырыста Мәжіліс депутаты Қанат Мусин аталған заң жобасы бойынша Заңнама және сот, құқықтық реформа комитеті Парламент Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтыруларды мұқият қарап шыққанын айтып, бірқатар мәсеге тоқталды.
– Сенаттың түзетулері Мәжіліс мақұлдаған тұжырымдама мен мазмұнды өзгертпейді, әрі оның жекелеген нормаларын жақсартуға бағытталған. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың және облыстардың әкімшілік орталық аудандарында бейбіт жиналыстарды ұйымдастырудың арнайы орындарының міндетті санын белгілеу, тұрмыс-тіршілік нысандарының, көлік пен өзге де инфрақұрылымның жұмыс істеуінің бұзылуы, азаматтардың еркін жүріп-тұруына кедергі келтіру сияқты бейбіт жиналысты өткізуден бас тарту негізін алып тастау ұсынылады. Өйткені мұндай кедергілерді билік нақты әрі арнайы орынды белгілеу кезінде ескеруі және олардың алдын алуы тиіс. Егер мұндай бұзушылықтар жойылса, бейбіт жиналысқа жекелеген қатысушылардың құқыққа сыйымсыз әрекеттеріне байланысты жиналысты тоқтатуға болғызбау және бейбіт жиналыс барысында денсаулықты қорғауға арналған жеке қорғаныс құралдарын пайдалануға рұқсат беру ұсынылады. Сонымен қатар заң жобасының жекелеген нормаларының құрылымын жетілдіру мақсатында түзетулер енгізілді, – деді Қанат Мусин.
Мәжіліс депутаттары бұл заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларды қолдап, дауыс берді.