• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 21 Мамыр, 2020

Қадірлі қария болғыңыз келсе...

1601 рет
көрсетілді

«Қарты бар үйдің қазынасы бар» деген тәмсілді жиі қолданамыз. Бірақ сол қазынамыздың қадіріне жете білдік пе? Төрімізде отырып төрелік айтатын төрешілерімізді төмендетіп алған жоқпыз ба? Алатаудай ақылшыларымыз аласарып қалған жоқ па? Олардың бүгінгі бедел биігі өз деңгейінде ме? Атаның айтқанына, кейуананың кеңесіне құлақ түріп, құп алатын жастар бар ма? Үлкендердің үні, бағыт-бағдары – бүгінгі қоғамға ауадай қажет. Себебі мың жерден заман дамыды десең де, ғаламтор ғажайып десең де, оның да білмейтін тұстары жетерлік.

Бауыржан Момышұлы жасы үлкен қарттарды шал, қария, ақсақал және абыз деп төртке бөлгені белгілі. От­ба­сы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, тү­тін аңдып, үй аралап, өсек ай­та­тын­дарды шал деген. Өз әуле­тін шашау шығармай уысында ұс­тап, билік жүр­­гіз­ген қартты қария деп, тұтас бір ауыл­­дың жыртығын бү­тін­деп, айбынын асы­рып отырған жан­­ды ақ­са­қал деп, ел­дің дау-дамайын ше­шіп, ар­ғы-бер­­гі тарихтан әңгіме қозғап, тұ­ла бо­­­йы­на ұлт­тық рух, ізгі қа­сиет­терді мо­­­лы­н­ан сі­ңір­ген адамды абыз деп атаған.

Иә, батыр Баукең айтқан абыздар арамызда қалды ма, қалмады ма ол жағы Аллаға аян. Дейтұрғанмен, ұлт­­тың рухын асқақтатып, дәреже даң­­қын асырып, кішісіне кісілікті үй­ре­­тіп, үлкеніне үлгі көрсететін ал­дың­ғы толқынның алар орны айрық­ша еке­ні айтпаса да түсінікті. Дәс­түрлі ән­нен дәм таттырып, елдің ықы­ласы­на бөленіп жүрген Ерлан Рысқ­али абыз-ақсақалдардың негізгі мін­деті ха­лықтың ауыз­біршілігін сақтау дейді.

«Жалпы қазақтан сөз қал­маған ғой. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейді. Тұтастай алғанда қазақ қоғамы үшін қарт, қария, үлкендердің маңызы өте зор. Неге десеңіз, ол кісі­лер өз­дерінің өмір тәжірибесінен көр­­­генін, көңілге тоқығанын, оқы­­ғанын кейінгі буынға зекі­мей, дөрекілік таныт­пай, пара­сат­тылық деңгейінде жет­кізе білетін адамдар. Білмегенді жөн­­ге салады. Тентекті ақылмен тыя біледі. Қалай болғанда да бұл кісі­лердің басты ұстанымы елдің ара­сын­дағы ынтымақты ыдыратпай, бере­ке бірліктің бұзылмауына бар күшін салу. Сонымен қатар өздерінен бұрын­ғылардың жөн-жоралғыларын жоғалт­пай, тәлім-тәжірибелерін өкше­сін басқан өскелең ұрпаққа аманат­тай­тын жандар ғой. Ал енді біреу қате­лесіп қалса, оған зекіп, ұрсып, ақыл айтқанын бұлдап, менмендікке салынатын болса, ол қандай қария? Ондай адамды қазақы ұғымда қария деп айтуға келмейді. Кейде мешіттердің ал­дында қайыр сұрап тұратын үлкен­дері­мізді кездестіріп жатамыз. Олар­дың басындағы жағдайды толық түсіну, әрине қолымыздан келмес. Оның барлығы жүректердің әміршісі Алла тағалаға ғана аян. Бәлкім өзінің жастық шағын­да балаларына дұрыс тәрбие бермегенінен болуы мүмкін. Мүмкін балаларының қатыгездігі. Жалпы айтқанда қиындықтар­дың көбісі адамдардың өмірге деген талпынысының төмендігі­нен болады. Адам өзін-өзі қолға алып, шама келгенше біреуге масыл болмауға тырысу керек. Туған-туысқандарының, ауыл­дасының, тіпті танымайтын адам­­ның басында қандай да бір қиындық орын алған болса, оған біздің қарт-қарияларымыз бейжай қарамаған. Жылу жинап жәрдемдесіп, халықты бірлікке, бауырмалдылыққа бағыттап отырған. Асарлатып көмек көр­сетуде көнекөз қариялардың қалыптастырған даңғыл жолы. Бұл үрдіс әлі күнге бар. Бірақ аз», дейді Е.Рысқали.

Аз уақыт болса да Англияда тұрып келген Ерлан Рысқали ол жақта жас, қария деп бөліп қара­майтынын алға тартты.

«Ол жақта бәріне бірдей құр­мет көрсетіліп, бәріне бірдей қарым-қаты­нас жасайды. Айлық-жалақы­лары да, зейнетақы­­лары да жоғары. Зейнетке шық­­­қан үлкендері тек ел аралап, сая­хаттаумен жүреді. Олар өз­дері­­нің тү­сінігі бойынша бала­сы кәмелетке тол­ғаннан ке­йін оларға қарамайды. Өз­дері­нің күнін өздері көру керек деген ұстанымдары бар. Осы жағы біз­дің танымымызға келің­кіремейді. Себебі қазақтың қа­риялары зейнетке шыққан соң немеремді бағайын деп солар үшін бәйек болып жүреді. Зейнетке шыққан соң, жарытып зейнетақы ал­май­тындары да белгілі. Біріне жетсе, бірі­не жетпей күн кешу­де. Жал­пы айтқанда жаһандану дейтін үз­діксіз қарқын алған үдеріске, әлем­дік ақпарат ағынына төтеп бере­тін қазақ­тың иммунитеті әлсіз. Оны кү­шей­тетін жоғарыда айтқан үлкендер­дің тәрбиелік мектебі», деп сөзін түйіндеді өнер иесі.

Ертеректе бір елдің ханы: «Қартай­ған әке-шешелеріңді айдалаға апарып тастаңдар. Ит пен құс жеп қойсын. Кәрі кісілерден ештеңе күтуге болмайды. Қоғамға пайдасы жоқ. Олар бізді ескілікке жетелейді», дейді. Бәрі пат­шаның бұйрығын орындайды. Бір жігіт әкесін қимай, сандыққа са­лып тығып қойған екен. Бір күні хан жалындаған жас сарбаздарды жинап жо­рыққа аттанады. Әлгі жігіттің әкесі баласына: «Сендер жассыңдар ғой. Бір қателік жіберулерің мүмкін. Мені де білдірмей алып жүрші», деп өті­не­ді. Аттанған әскер аяқ асты адасып, жол таппай, соңында сусыз, шөл далаға тап болады. Енді не істейміз деп даурығады. Содан жігіт әкесіне ба­рып мән-жайды айтады. Сонда әкесі: «Шөлдеген өгізді жіберіңдер. Олар тоқтаған жерді иіскеп, кейін тар­пиды. Сол жерді қазсаңдар су шы­ғад­ы», деп кеңес береді. Соның бә­рін жүзеге асырғанда олар бәледен құты­лады. Бір уақытта жаңа­ғы әскер келе жатып дарияға кез болады. Қа­раса дария­ның түбінде гауһар жа­тыр екен. Қасында үлкен ағаш өсіп тұр. Сарбаздар бірінен соң бірі секі­реді. Гауһарды таппайды. Әлгі жігіт әке­сі­не қайта барып, мән-жайды түсін­діреді. Әкесі: «Дарияның жанында не бар?» деп сұрайды. Баласы үлкен бәй­терек тұрғанын, оның басында ұя ба­рын айтады. Сонда әкесі, «Гауһар сол ұя­ның ішінде жатыр. Соның сәу­лесі суға түсіп тұр», дейді. Жігіт әкесі­нен естігенін ханға жеткізеді. Хан бұй­рық беріп, ұяны аштырса шы­ны­мен ішінде гауһар бар екен. Хан жі­гітке қарап, «Бізді екі бірдей ты­ғы­рық­тан шығарып, ақыл таптың. Бұны қайдан білдің?» дейді. Жігіт сонда бұл ақыл-кеңесті өзінің әкесінің айтқанын білдіреді. Со­дан бастап хан қарияларды сыйлап, оларға өле-өлгенше қызмет етуін, сондай-ақ қандай ел болсын қарт кіс­ілер­дің ақыл-кеңесі арқылы түз­е­лет­і­нін жар салады. Иә, отау­дың емес, Отанның қамын ойлап, іргелі істерде ірілік танытып жүретін қарияның орны қашанда бөлек. Абыздығымен аңыз болып қалған ақсақалдардың те­рең тәлімі мен тектілік тәрбиесі үзілмесін дейміз.