Ана тілін еркін меңгеруі арқылы өскелең ұрпақ бойында туған жері мен елін шексіз сүйе білу дағдылары қалыптасады. Оның терең иірімдеріне бойлай білу – саналы азамат болып қалыптасуды қалайтын жастар мен студенттердің басты парызы болмақ.
Осы мақсатта халықаралық Қазақ тілі қоғамы Ақтөбе қалалық филиалының төрағасы Роман Рахиевтің ұйымдастыруымен өткізіліп жүрген байқаулар туған тілдің тұғырын одан әрі асқақтата түскендей әсер қалдырады. Мемлекеттік мекемелерде қызмет атқаратын жас мамандар, оқу орындарының студенттері және өзге де өрендер қатысқан басқосулар олардың туған тілге деген құрметі шексіз екенін көрсетіп келеді. Аталған байқауда олар жаңаша ойлау мен жаңғырудың жарқын үлгісін танытып жүр. Ақтөбелік жастардың туған тілге деген ұмтылысы олардың тұла бойындағы қайнар күш-қуатпен тамырласып тұрғаны да байқаулар кезінде айқын аңғарылды.
Ана тілдің мәртебесін көтерудің жолдары мен әдістері сан тарау. Соның бірі өзге тілді этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге деген құрметін қалыптастыру екені белгілі. Әрі осы арқылы ұлтаралық татулық пен бірлікті одан әрі тереңдете түсуге жол ашылмақ. Ақтөбе қаласында дәл осылай болып жүргені көңілге риясыз жылы нұр құяды. Өткен жылы құрылғанына 150 жыл толған еліміздің батыс өңіріндегі ірі шаһарда «Қазақ елі – құтты мекенім» тақырыбында өткізілген байқаулар мен конкурстардың да ауқымы өте кең болғаны қандай ғанибет.
Олар ана тіліміздің құдіретін паш етіп, елдік пен бірліктің жарқын өнегесін танытты. Сонымен бірге «Қазақ елі – құтты мекенім» тақырыбында өткізілген байқау оған қатысушылардың бәріне үлкен серпіліс пен қуаныш сыйлады.
Бір сөзбен айтқанда Ақтөбеде мемлекеттік тілді еркін меңгерген әрі оны өмірі мен қызметінің бір бөлшегі деп санайтын жастар қатары жыл санап көбейіп келеді.
АҚТӨБЕ