Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстанда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларды қолдап, дауыс берді.
Бұл заң жобасын әзірлеу және қабылдау процестерінің өзі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының дәлелі. Онымен қоса заң жобасының логикасы қоғам қажеттілігіне байланысты өзгертілмек.
Сенаттағы талқылаудан кейін бастапқы әзірленген заң жобасының тек атауы ғана қалып, құжат толық өзгерген. Мұның барлығы аталған заң азаматтардың қолдануына жеңіл әрі ыңғайлы болуы үшін жасалып отыр. Сенаторлар өз ұсыныстарын жеткізіп, заң жобасының жетіспейтін тұстарын атап көрсетті.
Бұл үрдісті ескерсек, заң жобасын қабылдау процесінің созылып кеткені рас. Демократия дегеніміз келісу мен процедуралар. Келісу мен процедуралар көп болған сайын заң да халық үшін барынша ыңғайлы бола түседі. Сондықтан егер ырықтандыруға қарай қандай да бір өзгертулер енгізілетін болса, біз мұны құптаймыз. Ал дәл қазіргі уақытта заң жобасы ақылға қонымды және халықаралық стандарттарға сай келеді деп айта аламыз.
Ерлан САЙЫРОВ,
Еуразиялық интеграция институтының директоры, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі