Атырау қаласында кеше түсте үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған 1.5 жасар баланы іздеуге 50 волонтер, 50 сарбаз бен 400-ге жуық ерікті көмекке келді.
Полиция қызметкерлері кешеден бері жоғалған баланы іздестіріп жатыр. Кеше кешкісін балақайды іздестіруге 50 волонтер мен 50 сарбаз жұмылдырылған еді. Олар түнімен жауған жаңбырға қарамай, баланы іздеуді тоқтатпады.
– Бүгін, 21 мамырда жергілікті уақытпен таңғы сағат 6:30-да көмекке 400-ге жуық ерікті көмекке келді. Сондай-ақ іздестіру жұмысына Ұлттық Ұланның 50 сарбазы, полицияның 100-ден астам қызметкері, 50 волонтер жұмылдырылды. Олар «Жұлдыз» шағынауданындағы 51 көшені жан-жақты тексеруге кірісті. Полиция қызметкерлері жедел іздестірудің өзге де нұсқаларын қолға алды. Шағынаудан аумағындағы канализациялық құдықтар, маңындағы барлық нысандар тексеріліп жатыр, - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.