Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар сайлау туралы және саяси партиялар туралы заңдарды қабылдады.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл заңдардың Қазақстанның қоғамдық-саяси жүйесін демократияландыру мен нығайту тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.
– Президентіміздің ұсынысымен бүгін қабылданып отырған заңдар елдің саяси өмірінде ерекше маңызға ие. Саяси партияларды құру мен тіркеу талабы едәуір жеңілдетіліп отыр. Партияларды тіркеудің талаптық шегі төмендетілді. Қабылданған заңдар көп партиялық жүйені одан әрі нығайтуға септігін тигізетіні сөзсіз. Сондай-ақ партиялардың сайлау тізімінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық міндетті квота белгіленді. Бұл әйелдерге және жастарға еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысу үшін қосымша мүмкіндік береді. Мұндай өзгертулерді демократиялық даму жолындағы нақты қадам деп қарастыруымыз керек. Олар саяси жүйемізді әрі қарай дамытуға үлес қосады деп сенеміз, – деді Сенат Спикері.