Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралып, қабылданды.
Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленген заң жобасы Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар арсеналдарының, базалары мен қоймаларының қауіпсіздігін, оқ-дәрілерді сақтау кезінде төтенше жағдай туындауы мүмкін болғанда халықты қорғауды қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған.
– Қарастырылып отырған құжатты дайындауға бастамашы болған Парламент депутаттары жұмыс барысында оқ-дәрілерді сақтау арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтарды, аудандарды белгілеу мәселелерінде бірқатар кемшіліктер мен проблемалар бар екеніне көз жеткізді. Ондай олқылықтар, әсіресе, былтыр Арыс қаласында болған төтенше жағдай кезінде анық байқалды, – деді Сенат депутаты Нұржан Нұрсипатов.
Сенатор арсеналдарға, базалар мен қоймаларға іргелес жатқан аумақтардағы тұрғындардың, ғимараттар мен құрылыс жайлардың қауіпсіздігінің толық шешілмеген мәселелеріне, оқ-дәрілерді сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларында мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестірудің төмен деңгейіне назар аударды. Сонымен қатар оқ-дәрілерді сақтау қоймаларына жақын аймақтарда ғимараттар мен құрылыстарды заңсыз салу фактілері де бар екені айтылды.