Тақырыпқа шығарып отырғанымыздай, «Нұр Отан» ХДП Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Ноғаев облыстық конференцияда Саяси доктрина жобасына қатысты осындай анықтама берді. Сонымен бірге, ол соңғы уақытта саяси партия билік пен халық арасындағы көпірге айналып келе жатқанын атап көрсетті.
Тақырыпқа шығарып отырғанымыздай, «Нұр Отан» ХДП Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Ноғаев облыстық конференцияда Саяси доктрина жобасына қатысты осындай анықтама берді. Сонымен бірге, ол соңғы уақытта саяси партия билік пен халық арасындағы көпірге айналып келе жатқанын атап көрсетті.
Кезектен тыс конференцияда оған қатысушылар Саяси доктрина жобасына қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салды. Біз төменде соның бірқатарын оқырмандар назарына түйіндеп бергенді жөн көрдік.
Мұрат Сыдықов, облыстық тарих және археология орталығының директоры: – Доктрина неге осы кезге дейін қабылданбады деп жүргендер бар. Әр істің де пісіп-жетілетін уақыты болады. Біз сол кезге енді келіп отырмыз. Нақты айтқанда, ол – «Қазақстан 2050» Стратегиясы идеяларына нәр, қуат беретін таптырмас тетік. Доктринаның халықтық сипаты мен мәні өте жоғары. Бұл жөнінде айтылып та, жазылып та жүр. Бұған қосарым, Доктрина жобасына мемлекетіміздегі демографиялық ахуалды тереңдету және жас отбасыларды қолдау жөнінде арнайы тармақтар енгізілсе екен.
Дәулетжан Жақсыбаев, Ақжайық аудандық мәслихатының хатшысы: – XV съезде қабылданатын партияның басты құжатына еш уақытта мәнін жоймайтын тәуелсіздік талаптары тін болып енуін қалаймыз. Біздің қоғамда әділетсіздік пен келеңсіз көріністерге және ар-ождан тазалығына қатысты күрес бүкілхалықтық сипат алса, мемлекетіміздің болашағы да соғұрлым жарқын болмақ. Сондықтан да Саяси доктринада бұл мәселелерге тереңірек мән берілуін қалаймын.
Бұған қоса, конференцияда Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов Саяси доктрина жобасы «Қазақстан 2050» Стратегиясын қолдау мен іске асырудың жалпыұлттық жобасы бола алатыны жөнінде ой сабақтады. Ал Орал қалалық мәслихатының депутаты Ляна Тұрсынова Доктрина жобасына қатысты талқылаулар тек «Нұр Отан» мүшелері арасында ғана емес, сонымен бірге, өзге қарапайым тұрғындар арасында да өткізілгенін, әрі аталған құжат олардың тарапынан қолдау тапқанын айтып берді.
Конференцияға «Нұр Отан» ХДП Саяси кеңесінің мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаты Ромин Мәдинов қатысып, сөз сөйледі.
Конференцияда партияның XV съезіне делегаттар сайланды.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы.