Ақтөбе облысының «Жүректен – жүрекке» қайырымдылық тобының мүшесі Әлішер Садықтың сөзіне қарағанда, Мақтааралға көмекке келген ақтөбелік волонтерлердің жұмысы үлгі аларлықтай.
– «Жүректен – жүрекке» қайырымдылық тобының құрылғанына 5 жыл болды. Басында 17 адаммен өңірдегі мұқтаж отбасыларға көмектесетінбіз. Бүгінде қатарымызда 120-ға жуық адам бар. Бұған дейін Қарағанды облысында су тасқыны, Арыста жарылыс болғанда ақтөбеліктердің атынан көмектестік. Ақтөбеде де су тасқыны болып, қолымыздан келгенше жәрдем бердік. Мақтааралдағы ағайынның жағдайын естігенде де көмектесуді міндетіміз деп санап, жолға қамдандық. Облыс бойынша түрлі акциялар жариялап, киім-кешек, қаражат, азық-түлік жинауды бастап кеттік. Өңірдегі жүк машиналары бар азаматтар орталық мешіттің алдына жиналып, тұрғындар әкелген көмек қорын сонда тиедік, – дейді Ә.Садық.
Оның айтуынша, Ақтөбе қаласынан – 22, Арал қаласынан 3 жүк көлігі жолға шыққан. Олар 2 күн жүріп, 3-ші күні діттеген жерлеріне жеткен.
– Ондағы халықтың жағдайын көзімізбен көріп, қолымыздан келгенше қолғабыс етуге тырыстық. Топтың төрт мүшесі заттарды қоймаға тасуға жәрдемдесіп, ауылдарды аралап, ондағы еңбекке араластық. Ақтөбе облысынан 3 млн теңгеге жуық, Алға ауданынан 2,5 млн теңгеге жуық ақша жиналды. Одан бөлек, қайырымдылық тобы 500 мың теңге жинай алды. Барлық ақша имамдарға тапсырылды, – дейді ақтөбелік волонтер.