• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Парламент 22 Мамыр, 2020

Демократиялық даму жолындағы нақты қадам

286 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар сайлау туралы және саяси партиялар туралы заңдарды қабылдады.

Сенаторлар алдымен Президенттің ұсынуы бойынша және Конституцияға, сондай-ақ «Қазақ­стан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәр­те­бесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес Бауыржан Жұмағұлов пен Ас­қар Смайыловты басқа қызметке тағай­ын­далуына байланысты, Жоғарғы соттың судьясы қызметтерінен босатты.

Бұдан кейін күн тәртібінде негізінен Парламент Мәжілісінде мақұлданған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға толық­тырулар енгізу туралы» Конституциялық заң және «Саяси партиялар туралы» Қазақ­стан Республикасының заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң кеңінен талқыланды. Бұл қос заң жо­басы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленді.

Саяси жүйеге соны серпін беретін құ­жат­тардың бұрынғыдан ерекшелігі туралы Әділет вице-министрі Наталья Пан айтып берді.

– Заң жобаларында партиялық сайлау тізімдерінде әйелдер мен жастар үшін кемінде 30 пайыз мөлшеріндегі квотаны енгізу және саяси партияларды құру үшін қолданыстағы сандық тіркеу талабын екі есе төмендету ұсынылады. Біріншіден, Сайлау туралы Конституциялық заңда саяси партиялар тіркеуге ұсынған пар­тиялық тізімдерде әйелдер мен жастарға арналған міндетті квоталардың болуы туралы талап қойылады. Жалпы, бүгінгі таңда әлемдегі мемлекеттердің басым бөлігі әйелдер мен жастардың сайлау процесіне тең қолжетімділігіне кепілдік беру үшін қажетті шаралар қабылдауда. Сонымен қатар Мемлекет басшысы атап өткендей, біз жастардың Парламентке және жергілікті өкілетті органдарына келуіне ықпал етуге тиіспіз. Сондықтан да біздің қоғам үшін әйелдер мен жастар жақсы әлеуметтік және саяси әлеуетке ие. Осыған орай, халықаралық тәжірибе аясында ұсынылып отырған жаңа нормалар, әйелдер мен жастарды елдің қоғамдық-саяси процестеріне белсенді тартуға мүмкіндік береді, – деді Наталья Пан.

Сондай-ақ бұдан былай саяси партияны тіркеу үшін оның құрамында 40 мың емес, 20 мың мүшесі болса, жеткілікті бол­мақ. Осы бағыттағы түзетулер Саяси пар­тиялар туралы заңда көзделіп отыр. Бұл ұсыныс саяси партияларды құру тәр­тібін жеңілдетеді және мемлекеттік ше­шім­дерді әзірлеу және қабылдау процес­теріне оң әсерін тигізеді.

Аталған заң жобаларын талқылау бары­сында депутат Дана Нұржігітова әйел­дер мен жастар үшін кемінде 30 па­­й­ыз- ­­дық квотаға тоқталып, егер қажетті дең­­гей­­дегі кандидаттар ұсынылмай, бұл тепе-тең­дік сақталмаса, қалай боларын сұрады.

Сауалға жауап берген Н.Пан саяси пар­тия­лардың белсенділігін ес­­кере отырып, мұндай жағдайдың тір­келу мүмкіндігі өте төмен екенін айтты. Алай­­­да аталған талап орындалмаса, Ор­та­­­лық сайлау комиссиясы саяси партия ұсын­­­­ған тізімді тіркеуден бас тартады екен.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бұл заңдардың Қазақстанның қоғамдық-саяси жүйесін демократияландыру мен нығайту тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.

– Президентіміздің ұсынысымен бүгін қабылданып отырған заңдар елдің саяси өмірінде ерекше маңызға ие. Саяси партияларды құру мен тіркеу талабы едәуір жеңілдетіліп отыр. Партияларды тіркеудің талаптық шегі төмендетілді. Қабылданған заңдар көп партиялық жүйені одан әрі нығайтуға септігін тигізетіні сөзсіз. Сондай-ақ партиялардың сайлау тізімінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық міндетті квота белгіленді. Бұл әйелдерге және жастарға еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысу үшін қосымша мүмкіндік береді. Мұндай өзгертулерді демократиялық даму жолындағы нақты қадам деп қарастыруымыз керек. Олар саяси жүйемізді әрі қарай дамытуға үлес қосады деп сенеміз, – деді Сенат спикері.

Сонымен қатар «Еура­зиялық эконо­ми­калық одақтың кедендік аумағына әке­лін­ген тауарларды қадағалап отыру тетігі жөнінде келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Бұл құжатты депутаттар назарына Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев ұсынды.

– Қадағалау импорттық тауарлар бо­йынша жүзеге асырылады. Қадағалауға жа­татын тауарлардың тізбесін Еура­зия­­лық экономикалық комиссияның Ке­ңесі бекітеді. Әрбір мемлекет өзінің Ұлт­тық қадағалау жүйесін құруы қажет, сондай-ақ салық төлеушілердің өзде­рінің ілеспе құжаттарын осы жүйеде ресім­деуін бақылауды қамтамасыз етуі тиіс. Құжаттар осы жүйеде ресімделмесе, тауар­ларды Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде тасымалдауға тыйым са­лынады. Келісімде Еуразиялық эконо­микалық одағына мүше мемлекеттер арасында қадағалау жөніндегі ақпарат алмасу бойынша талаптар айқын­далған. Тауарлар айналымын қадаға­лау тетігін енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Келісімді бар­лық мүше мемлекеттер бекіткеннен кейін әрбір мемлекет 120 күнтізбелік күн ішін­де қадағалау тетігін үйлестіруге және іске асыруға жауапты мемлекеттік билік ор­гандарын айқындауы тиіс, – деді министр.

Келісім күшіне енген күнінен бастап 12 айдың ішінде қанатқақты жоба іске қо­­сыл­мақ. Соның нәти­желері бо­­йынша қада­ғалау жүйесінің тұрақты жұ­мыс іс­теу­і­не көшу туралы шешім қа­был­данады.

Бұған қоса отырыс барысында «Қа­зақ­стан Республикасының кейбір заң­на­малық актілеріне Қарулы Күштер­дің, басқа да әскерлер мен әскери құра­лымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралып, қабылданды.

– Қарастырылып отырған құжатты дайындауға бастамашы болған Парламент депутаттары жұмыс барысында оқ-дәрі­лерді сақтау арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтарды, аудандарды белгілеу мәсе­ле­лерінде бірқатар кемшіліктер мен проб­лемалар бар екеніне көз жеткізді. Ондай олқылықтар, әсіресе, былтыр Арыс қаласында болған төтенше жағдай кезінде анық байқалды, – деді Сенат депутаты Нұржан Нұрсипатов.

Сенатор арсеналдарға, базалар мен қоймаларға іргелес жатқан аумақтардағы тұрғындардың, ғимараттар мен құрылыс жайлардың қауіпсіздігінің толық шешіл­меген мәселелеріне, оқ-дәрілерді сақтау қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларында мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестірудің төмен деңгейіне назар аударды.

Бұл заң жобасы бойынша еліміздің бір­қатар заңнамалық актілеріне тү­зе­тулер енгізіледі. Соған сәйкес Қарулы Күш­тердің, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдардың арсеналдарының, базалары мен қоймаларының аумағы жерді ерекше шарттармен пайдала­ну ай­мақ­тарына жатқызылады. Үкі­метке тыйым салынған аймақтар мен аудан­дар­дың тізбесін, сондай-ақ олар­ды бел­гілеу ережесін бекіту құқығы, ал облыс­тар­дың, республикалық маңызы бар қала­лардың, астананың әкімдіктеріне олар­дың шекаралары мен орналасқан жерін тиісті мемлекеттік органдармен келісу құқығы беріледі. Арсе­налдарды, базалар мен қоймаларды тікелей пай­дала­нуға беруге байланысты емес ғима­рат­­тар мен құрылыстарды салу­ға, ша­руа­­шы­­лық және өзге де қыз­метті жүр­гізуге, тыйым салынған аймақ аума­ғын­да бақы­лауға, фотосуретке тү­сіруге, ау­дио және бей­не­жазбаға арнал­ған құ­рал­­дарды, жүйелерді қолдануға тыйым са­лы­нады.