• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Руханият 22 Мамыр, 2020

Ұрланған ақша хикаясы

2025 рет
көрсетілді

Қиыр қонып, шет жайлаған бір ауылға жаңадан көркем мінезді әрі білімді имам тағайындалыпты. Ол аз уақыт ішінде тұрғындардың құрметі мен қошеметіне ие болыпты.

Рамазан айы келеді. Ауыл тұрғындары ораза ұстайды. Жаңа имамды олар кезек­тесіп ауызашарға шақырысады. Содан бір күні кезегі келіп, ауыл ұстасы да ел қатар­лы имамды шақырады. Ұстаның әйелі, ерінің «сақтап қой» деп берген біршама ақшасын қонақ бөлмедегі шай ішуге арналған сөренің үстіне қойып, дастарқан әзірлігімен жүргенде ол туралы ұмытып кетеді.

Дастарқан дайын болып, қонақтар асқа отырады. Ауыз ашылып, шай ішіледі. Кейін үй иесі имаммен бірге құптан намазын өтеу үшін мешітке кетеді. Әйелі дастарқанды, үйді жинап жүріп, кенет сөренің үстіне қойған ақша есіне түседі. Қараса қойған орынында жоқ. Іздейді, бірақ таппайды. Бір уақытта ері келеді. Жағдайды баяндай келе, «Алла біледі, ақшаны имам алды, себебі, бұл үйге одан басқа кірген-шыққан жан баласы болған жоқ» деп әйел өз ойын айтады.

Мұны естіген үй иесі имамға қатты ренжіп, ашуланады. Дін адамының мұ­нысы несі, атына лайық па деп көңілі қа­лады. Имамға ештеңе демейді, бірақ барынша одан алшақ жүреді.

Күндер өтіп, келесі жылы да Рамазан келеді. Әдетінше, ауыл тұрғындары молданы кезек-кезек үйіне шақырып ауыз­ашар береді. Сөйтіп, кезек өткен жылы ақшасын жоғалтқан үй иесіне келеді. Үй иесі: – «Ханым, әлбетте мен имам­ға өте ренжулімін, бірақ, пенде ғой, мүм­кін бір мұқтаждығы болған шығар, бізге айтудан тартынған шығар, ақшаны мұқ­таждықпен алған шығар. Садақамыз болсын, біз оны бұл жолы да ауызашарға үйге шақырайық», – дейді.

Әйелі де солай ойлайтындығын айтып, имамды үйіне шақырады. Ауыз ашылып, тамақ желінгеннен кейін шай үстінде үй иесі: – «Ұстаз, бір жылдан бері өзіңізге деген салқын қандылығымды байқап жүрсіз бе?» – деп сұрайды. Имам: – «Иә, байқап жүрмін, бірақ себебін әлі күнге дейін түсіне алар емеспін» – деп жауап береді. Үй иесі: – «Ұстаз, өткен жылы сізді Рамазанда ауыз­ашарға үйге шақырған едік. Сол ауызашарда сізді қонақ еткен бөлменің шай ішуге арналған сөресінің үстінде біршама ақша қалып қойған еді, кейін таппай қалдық. Егер ақшаға мұқтаждығыңыздың бар екендігін бізге айтсаңыз да берер едік қой. Міне, сол себепті Сізге ренжулімін» – дейді.

Бұл сөзді естіген имам егіле жылапты. Үй иесі ыңғайсызданып, айтқанына өкініп, сасқалақтай бастағанда, имам: – «Құрметті, бауырым, мен сенің ұры еткеніңе жылап отырған жоқпын, бір жылдан бері анау төрде ілулі тұрған қасиетті Құран Кәрімді бір рет те ашып оқымағандығыңа жылап отырмын. Себебі, сол кеште сіздер бөлмеде жоқ кезде­ріңізде терезеден соққан жел ақша­лары­ңызды жерге ұшырып түсірді. Мен оларды жерден алып, жинап-бүктеп ілулі тұрған Құранның ішіне салып қойған едім» – деген екен.