Қазақстанның Экология, геология жəне табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жұмада Алматы облысы жануарлар мен өсімдіктер дүниесі инспекциясы бөлімінің басшысы Леонид Сидоренкоға Мемлекет басшысының атынан алғыс хат тапсырды. Бұл туралы аталған министрліктің баспасөз қызметі хабарлады.
- Ел Президентінің тапсырмасымен бүгін Алматы облысына жұмыс сапарым барысында Қ.Тоқаевтың атынан Облыстық жануарлар мен өсімдіктер дүниесі инспекциясы бөлімінің басшысы Леонид Сидоренкоға алғыс хат тапсырдым. Мемлекет басшысы инспектордың республикамыздың табиғи байлығын сақтауға қосқан айрықша үлесін атап өтті. Леонид Павлович 30 жылға жуық уақыттан бері инспекцияда табанды еңбек ете жүріп, браконьерлікпен ымырасыз күрес жүргізіп келеді. Қылмыстық істерді ашуға да қатысуда, - деп жазды М.Мырзағалиев өзінің Twitter-дегі парақшасында.
Экология министрлігінің басшысы инспекторға қазақстандықтардың бай табиғатымыздың көрікті келбетін тамашалауына мүмкіндік туғызып жүрген айрықша еңбегі үшін ризашылық білдірді.