• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Мамыр, 2020

Түркістанда карантин талаптарын сақтамаған тамақтану орындарының жұмысы тоқтатылды

262 рет
көрсетілді

Түркістан облысы аумағында қазіргі таңда коронавирус инфекциясын жұқтырған 267 жағдай тіркелген. Төтенше жағдай аяқталғанымен қауіп сейілген жоқ. Осы орайда тиісті орындар өңірдің әр азаматын карантин талаптарын өз деңгейінде сақтауға шақыруда.

Облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Н.Нышанов Түркістан қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысанды аралап, «Карантин іс-шараларын өзгерту туралы» жарияланған №17 қаулы талаптарының орындалуын бақылады.  Адам көп шоғырланатын орындардың бірі – орталық базар аумағындағы санитарлық ахуалмен танысып, кәсіпкерлермен сұхбаттасты. Санитарлық талаптар ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажеттігі ескертілді. Қазіргі таңда облыс аумағында 121 мобильді топ қаулы талаптарының орындалуына тұрақты мониторинг жүргізуде. Бүгінге дейін облыс аумағында 413 нысанда бақылау жүргізілген. Қаулыға сәйкес, қоғамдық тамақтану орындарына тамақ жеткізу қағидатымен ғана жұмыс істеуге рұқсат берілген. Алайда, мониторинг жүргізу барысында Түркістан қаласының базар аумағында жылдам қызмет көрсететін  2 қоғамдық тамақтану орны және кәуап  дайындау павильоны тұрғындарды қабылдап,  адамдардың көп шоғырлануына жол бергені анықталды. Осы кемшіліктер бойынша жеке кәсіпкерлерге карантин талаптары бойынша түсіндірілді. Нәтижесінде, жоғарыда аталған қоғамдық тамақтану орындарының жұмысын тоқтату туралы шешім қабылданды. Облыс аумағында санитарлық талаптардың сақталуына бақылау жалғасуда.