Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев бизнес өкілдерімен онлайн кездесу өткізді. Жиын бизнестің қазіргі мәселелерін талқылау және карантиннен кейінгі кезеңде түсетін ауыртпалық деңгейін анықтау мақсатында ұйымдастырылды. Бұл туралы ҰКП баспасөз қызметі хабарлады.
Күн тәртібінде көтерілген мәселелердің бірі кәсіпорындарда жұмыспен қамту мәселесі болды. Төтенше жағдай кезеңінде жұмыс берушілер жұмыскерлерді еңбекақысыз демалысқа жібергені мәлім. Демек, карантиннен кейінгі кезеңде ел ауқымында жұмыссыздық пайызының арту ықтималдығы жоғары. Мұндай жағдай бүкіл әлемде орын алған.
Пандемияның салдарынан елімізде туризм, қонақүй бизнесі, қоғамдық тамақтану, өңдеу өнеркәсібі, бөлшек сауда, коммерциялық және әкімшілік қызмет қиын кезеңді өткеруде.
– Шағын және микро кәсіпорындарды қолдаудың құралы – қаражат айналамын толықтыруға, бірінші кезекте еңбекақыны төлеуге берілетін несиелер. Бұл жеңілдікпен берілетін несиелер болады, біз бірінші кезекте карантинге дейінгі жұмыс орындар санын сақтауға дайын кәсіпорындарға қолдау көрсету бойынша ұсыныстар енгіземіз, – деді Тимур Құлыбаев.
Бизнеске қолдау көрсетуде «Атамекен» ҰКП бірқатар шараларды қолға алды. Пандемия салдарынан бизнеске түскен ауыртпалықты анықтау мақсатында ҰКП кәсіпкерлер арасында сауалдамалар жүргізді, палатаға келіп түскен өтінімдер сараланды.
Төтенше жағдай кезеңінде барлық көздер (әлеуметтік желілер, колл-орталық, жазбаша өтінімдер) бойынша 44 586 өтінім келіп түсті. Карантин кезеңінде ҰКП колл-орталығына (12 наурыздан 6 сәуірге дейін) 10 577 өтінім түсті. Соның ішінде 43%-ы карантин уақытында жүріп-тұруды шектеуге қатысты болды. Бизнеске жүргізілген сауалдамаға қатысқан кәсіпкерлердің 60%-ы келісімшарттық міндеттемелерін бұзуға мәжбүр болған, 54%-ы жұмыскерлерді мерзімсіз демалысқа жіберген, 20%-ы қызметкерлерді қысқартуға мәжбүр болған.
Осындай жағдайда бизнестің қаржылық жағдайына кері әсер еткен жайттар бар. Сауалдамаға қатысқандардың 60%-ы жалға алу құнын төлеуде қиындық көрген, 22%-ы – еңбекақы төлеу, 5%-ы коммуналдық қызметтерді төлеуде қиындыққа тап болған.
Төтенше жағдай жарияланғаннан бері Ұлттық палата жүргізген жедел сауалдамалар мен сараптамалар арқылы бизнестің ағымдағы ахуалына уақтылы талдау жүргізілді, сәйкесінше Үкімет деңгейінде ұсыныстар айтылып, тиісті шаралар қолға алынды. Кәсіпкерлердің келісімшарттық міндеттемелерін орындай алмауы себепті ҰКП еншілес ұйымы – Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы форс-мажорды тану жөнінде анықтамаларды берді. Екінші деңгейлі банктер тарапынан несиелер бойынша 90 күнге дейін кейінге шегерім берілді, айыппұлдар пен өсімақы алынып тасталды. Салықтар бойынша жеңілдіктер жасалды. Өңірлік палаталардың мамандары әр өтінім бойынша жалға берушілермен жекелей жұмыс істеп, бірқатар жеңілдікке қол жеткізді.
Орталық аппарат деңгейінде Палатаға сұрақ қойып, жауап табуға болатын бөлім ашылды.