• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 24 Мамыр, 2020

Қазақтың күміс көмей әншілері

1446 рет
көрсетілді

Әміре

Ги де Мопассан әйгілі Эйфель мұрасын ұнатпапты. Сөйте тұра атақты жазушы сол сәнді құрылыстың екінші қабатындағы мейрамханадан ғана түстенеді екен. Себебі, сол жерде отырғанда ғана аталған ғасыр құрылысы қаламгердің көзіне түсіп, көңілін түсірмейді екен.

Бұл әрине, шындыққа бергісіз қауесет.

Жалпы, осы тақылеттес әпенді әңгімелер тіпті жоқ деуімізге келмейді. Қазақша айтқанда «жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды».

1938 жылы жазушы Француа Дененің «Француз өркениетінің айнасы» атты шығармасында тура осындай диалог бар. Кейіпкер аталған құрылысты көрсе көңілі нілдей бұзылатын болғандықтан, сол ғимараттың бірінші қабатында ғана отырып кофе сораптайды екен.

Жалпы бұл әңгімені әрі қарай індетсек, Эйфельді «жек көрушілік» Англиядан бастау алатын да сияқты. Парижге келген соңғы сапарында жазушы Уильям Моррис Эйфель мұнарасының ішінде ас ішіпті. Әңгіме әлгіндегідей.

Не десек те Мопассан мен Эйфель мұнарасы туралы аңыз бекерден-бекер туған жоқ. Эйфель мұнарасы 1889 жылғы Париждегі дүниежүзілік көрме үшін салынды, ал 1890 жылы Мопассанның «Қайыршының өмірі» атты эссесі жарық көрді. Аталған еңбектің «Шаршау» тарауында Мопассан былай дейді: «Мен Парижға, тіпті Францияға «тойдым», өйткені Эйфель мұнарасынан қатты шаршадым. Ол әр жерден көрініп қана қоймайды, тіпті аяқ басқан сайын кездеседі: ол кез келген жерде сізді түрлі сөреден бақылап, қыр соңыңыздан қалмайды. Ылғи көретін қорқынышты түс сияқты тіпті».

Ал, сол Мопассанның өзі болсын, кейіпкері болсын тапсырыс беріп түскі асқа жайғасқан үстелде қырдың қазағы отырып ән салған болса ше?

Атақты Ромен Роллан, Мұстафа Шоқай, Әміре Қашаубайұлы үшеуі Эйфель мұнарасына көтеріліп, әңгіме-дүкен құрыпты-мыс. «Мен Шығыста әншісін бұлбұл құсқа неге теңейтінін енді түсіндім, онда әншілік қабілет өте ғажап» деді қаламгер... Әміре аталған өнер жәрмеңкесінде шырқаған әні үшін күміс медаль иеленіп қайтты.

Г.Потанин ақсақалдың «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай болып  көрінеді» дегеніндей, Ұлы даладан қызыл арша домбырасын арқалап кәрі құрлықтың төрінде әлемді аузына қаратқан әйгілі Әміре шын мәнінде қазақтың күміс көмей әншісі еді.

Димаш

Төрткүл дүние көз тіккен атақты «Singer-2017» жобасы ән сүйер жұртшылықтың есінен әлі кете қойған жоқ.

Кей жобалар танылмай таса жүрген танысы жоқ таланттардың бағын ашып жатса, кей жобалардың бағын ғасырда бір ғана туатын ғаламат құбылыстар арттырып кетеді.

Димаштың дара жолы сондай құбылыс десек артық айтқандық емес. Әйтпесе екі миллиард көрермен көз тіккен, оның сыртында басқа құрлықтан келіп бағын сынап жатқан жұлдыздардың жанкүйерлері тамашалап отырған таңдаулы жобаны бұған дейін біз де айтып, қарап жүрген болар едік.

Ұлт мақтанышы, қазақтың асқақ атын алты құрлыққа паш еткен дара Димаш! Құдайберген ақсақалдың бізге Құдай бере салған немересі сонау жұңғоның кең сахарасында додаға түсіп, Әміре бабасы сияқты екінші орын иеленіп, күн асты елінің күміс медальін місе тұтып тұрғанда осылай дедік.

Жалпы қазақтың дауысында ұлы байтақтың кеңдігі, ержүрек бабалардың асыл мұраты, небір қилы-қилы заманалардың көз жасы, Алаш арыстары аңсап кеткен азаттықтың үні тыныс алып тұрғандай.

Сол дауыс дүлдүл Димаштың көмейіне құйылып, кеудесінен жанартау болып атқыды. Булыққан дауыста бодандық кегі, бостандық жыры атой салып жатты.

Димаш даңқында қазақтың мыңдаған ғасырлар бойы жүріп өткен ғибратты жолы мен елдік мақсат ту көтеріп тұр.

Ержан Максим

Қара домалақ қазақ баласының дауысы Еуропа төрін тағы думанға бөлеп шапалаққа көміп кетті. Қазылар қақшиып тұрып тамсана қол соқты. Қаршадай ғана қара баланың қарлықпай тік көтерілген зор дауысы біз естіп үлгермес иірімдерді игеріп барып зәу биікке бірақ қонды. Ел елеңдеп экранға үңілді.

Иә, Ержан Максим баламыздың осыдан бірер жыл бұрын Польшаның Гливице қаласында өткен «Junior Eurovision – 2019» байқауында екінші орын алған елеулі жеңісін айтып отырмыз.

Ержанымыз да Әміре атасы ән салған Еуропа төрінде шалқып, күміс медальді күлімдеп тұрып мойынына тақты.

Е, Ержан ұлдың екінші орынға еріксіз тұрақтаған тағы бір оқиғасы бар еді ғой. Ресейде өткен «Балалар дауысы» байқауында «тоқпағы мықты болса киіз қазық жерге кіреді» демекші, белгілі әнші Алсудың кіші қызы Микелла Абрамоваға  джентельмен жігітіміз жол берген болатын.

Дауысы алты қырдың астына талмай жеткен кешегі сал-серілердің жалғасы осы Ержандар. Заманында Біржан салдың дауысын жұрт қозыкөш жерден  анық естиді екен. «Көмекей көк қабысын әнмен ашатын» Әсет Найманбайұлының да дауысы талайларды таңдай қақтырыпты. Әсет ән салғанда басына орамал тартатыны – кеудеден кең тыныспен атылған алапат дауысқа шеке тамырлары шыдамайды екен.

Бұл жерде дауыстың қуаты — ұлттың мінезі деп қабылдаған жөн.

Әншілікте де әулиелік бар, ұлтқа қызмет тек ұрандап ұрысқа бет қою емес, дара дауыс арқылы да даңқты бабалардың ісін жалғауға болады дегіміз келеді.