(Соңы. Басы 97-98 нөмірлерде)
5
Абай мұрасының рухани нәр алған үш қазына көзінің ішіндегі «Шығысы» қатты қысымда ұсталып келді. Бұл салада академик М. Әуезовтің ғылыми-зерттеулері, ой-пікірлері шешуші мәнге ие. Бірақ өз ой-танымдарын ілгері қарай дамытып жалғастыруға 1949 жылы КПСС ОК космополитизм туралы қаулысы мүмкіндік бермеді. Яғни Абай мұрасының шығысқа қарым-қатынасын зерттеп танып-білуге қатаң тыйым салынды.
М.Әуезовтің «Абайдың батысынан шығысы басым» деген ой-танымы әдебиет полицайлары мен философтар тарапынан қатты сынға алынып, қудалауға ұшырады. Бұл мәселе, шындығын айтсақ, М.Әуезовтің Абай мұрасының рухани нәр алған қазына көздері Абайдың «Сәулең болса кеудеңде» деген өлеңінен өріліп барып айтылған пікір екеніне көзіміз жетеді. Абайтану тарихының М.Әуезовтен кейінгі үшінші кезеңдегі абайтанушылар тарапынан қайта көтеріліп, қиындықпен қолға алынса да, оларға еркін жол берілмей қысымда ұсталып келді. Алайда бәрі-бір «өлермендікпен» зерттеу жұмыстары жүргізіле берді. Енді ғана философтар тарапынан академик Ғ.Есімовтің Абай мұрасының шығысқа қатынасына оң көзбен қараған ой-пікірлері алғаш рет белгі бере бастады. «Абай – шығыс ақыны, шығыс мәдениетінің қайраткері, нақтырақ айтсақ мұсылман шығысының аса көрнекті ойшылдарының бірі. Оның көзқарасын діни философия жағынан іздеу керек» деген салиқалы ғылыми ой-танымдар алғаш рет көрініс бере бастауы – Абай шығысына тарс жабылған есіктің айқара ашылуына сеніммен келіп отыр. Абайдың дүниетанымына ғылыми тұрғыдан тереңдеп дендей енбей мақсатқа жету қиын. Ол үшін Абайдың шығысқа қатысы жайлы ақын кітапханасының көлемі мен жағдайын анықтап алмай іске кірісу – далаға лағумен бірдей болып шығады. Абай ой-танымының бұл болмысын саралап білмек үшін екі түрлі тәсілді ұстану қажет.
Алдымен Абай өз шығармаларында аз да болса, нақтылы түрде атап отыратын дерек мағлұматтар сілтемесі. Мысалы, Ғұламаһи Дауани, Бабырнама, Құтайба, т.б.
Одан кейін Абай ой-танымының кейбір иіні келетін шығыстың ақындары мен ғұламаларының шығармаларымен сабақтасып, іліктесіп келетін туындыларды қаншалықты қиын болса да, сарыла іздену арқылы тапса болады. Мысалы мен Абайға тікелей қатысы бар Жүсіп Баласағұнидің «Құтадғу білік», Наршаһидің «Бұхара тарихы» мен әл Фараби, Қарабағи, ибн Сина, Журжани, т.б. дерек көздеріне сүйене отырып тапқаным бар.
Ғ.Есімов «...Ислам философиясына үңілмей Абайдың көзқарастарын талдау өте қиын шаруа», деп өте дұрыс пікір қозғап отыр. Бұл үшін Абайдың ақындық кітапханасын екінші тәсілмен іздеп табуға мүмкіндік туады. Бұларсыз босқа лағып айтар пікірімізді нақтылы талдауға бара алмайсың. Көптеген абайтанушы осы мәселені жете түсіне алмай, Абайды әлем алыптарымен орынсыз салыстырып әуреленіп жүр.
Суфизмнің білгірі атанған ғалым Е.Бертельс «Суфистік әдебиетті зерттемейінше шығыстың орта ғасырдағы өмірін түсіну мүмкін емес. Оның классиктері шығыс әдебиетіне ХІХ ғасыр басына дейін ықпал жасап келеді», деп жазуында елеулі шындық жатыр. Мұны, тіпті, Абай мен Шәкәрім туындыларынан да анық аңғарамыз. Сондықтан суфизмді танып білуді Ясауиден бастамағы керек. Бұл әрекет басталып та кетті. Мен Қазақ-түрік халықаралық университетінде барлық факультетке ректордың тапсыруы бойынша Ясауидің өмірі мен шығармаларынан тұңғыш рет таныстыру мақсатында шолу дәрістерін өткізе жүріп, «Қазақ әдебиетіндегі сопылық таным» (Алматы, «ГИС-print» баспасы, Алматы, 2012, 182 бет) деген кітабымды жарияладым. Әсіресе Ясауидің философиясы туралы ізденгіш ғалым Д.Кенжетай «Ясауи дүниетанымы» деген докторлық диссертациясын қорғаса, бірнеше жас ғалым осы тақырыппен айналысып, зерттеу нысанасын молықтырып ізденіп жатуы – рухани өсуіміздің нышаны деп қараймыз.
Абайдың толық адам ілімі мен жантану ілімін ерекше әрі жан-жақты терең зерттеу ісіне тікелей кіру қажеттілігі туып отыр. Ол ілім қазақ жерінің туындысы болу үстіне бүкіл түрік халықтарының келешекте қабылданар моральдік кодексінің іргетасына айналуымен бірге күллі әлем халықтарының «Кемел адам» қалыптастыруында «Толық адам» іліміне тең түсер өзіндік ілімі болмауы себепті де, бар күшті осы мәселені шешуге салып, тезірек зерттеу нысанасына қоюға міндеттіміз.
6
Қазақ елі ойшыл, хакім ұлын ғасырдан астам уақыт ішінде қалай танып білу жолын, ғылыми тұрғыдан талдап, көп мәселенің бар болмысын өз деңгейінде шешу міндеті тұр. Осы міндетті жүзеге асыра алсақ, Абайды танудың ұзақ жолында, ғылыми зерттеулерде жіберілген сан түрлі кемшіліктеріміз бен қол жеткен жетістіктеріміз көз алдымызға келеді. Жалпы, Абайтану тарихы филология, тарих факультеттерінде арнайы курс, арнайы семинар сабақтары ретінде оқытылуы жөн. Өйткені бұл сала студенттерге Абайтанудан терең мағлұмат берумен бірге Абай мұрасының рухани, тарихи болмысынан кең, жаңаша танымдар беруімен ерекшеленеді. Ол үшін «Абайтану тарихы» оқулығы мен хрестоматиясына, бағдарламасы мен арнайы библиографиялық көрсеткішті қоса жазып беруі – қажеттілік.
Ал барлық университет пен пединститутта және орта мектеп пен арнаулы оқу орындарының барлығында «Абай: Толық адам ілімі» деген арнаулы ортақ оқулық пен хрестоматиясы, бағдарламасы мен библиографиясы қоса қамтамасыз етілуі рухани қажеттілікке айналып отыр. Өйткені бұл ілім жас ұрпаққа жетілген, кемелденген мінез-құлықты қалыптастырып, сырттан еніп жатқан жат қылықтардан сақтайтын, «қытай қорғаны» болатынын назарда ұстау – әділетті жол болмақ.
7
Абайтанудың ғасырлық мерзімінде кеңес билігі орнасымен тұрпайы социологиялық танымға таңылған әдебиетшілер мен философтар ұлы ақын мұрасын терістеуге дейін барып, тұрпайы социологиялық, компоратавистік, формалистік таным шеңберінен шыға алмады. Олар әдебиеттің партиялық, таптық ұстанымына сүйене отырып ұлттық мұраға айналған ақын туындыларын ғылыми тұрғыдан танып-білуге кедергі жасап келді. М.Әуезовтің бүкіл әлем танып, мойындаған әрі аса жоғары бағалаған «Абай жолы» роман-эпопеясын қатаң сынға алып, байшылдық-феодалдық ескілікті дәріптеді деп, Абайдың ақындық дәстүрін терістеуге дейін барған саяси идеологиялық тұрғыдағы шабуылдар жасалып жатты. Абай мұрасының, әсіресе рухани нәр алған Абай шығармаларының шығыстық қазына көздерін танып білуге тыйым салумен қатар, халықтың рухани тірегі болған сопылық негіздегі Ясауи мұрасын теріс танытып, оны ғылыми тұрғыдан танып-білу әрекетіне өлердей қарсылық жасап, мұра ретінде терістеумен келеді.
Тарихқа азырақ көз жіберсек, Ресей патшалығы Қазақ жері мен Орталық Азия халықтарын жаулап алған соң, алдымен, халықтың рухани әлеміне қол салып, миссионерлік саясатын астыртын түрде жүргізе бастады. Ясауи жолына өшіге тиісті. Тіпті Түркістан қаласын басып алған соң, Ясауи кесенесін жойып жіберу, талқандау ниетінде болды. Өйткені Ясауиге деген түрік халықтарының рухани ықыласынан шошына түсті.
Артынша кеңес билігі орнап, жалпы дін атаулыны терістеп, атеистік насихатты күшейтті. Кеңестік идеологтер да Ясауидің сопылық жолынан дін мен халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін үйлестіре білген бағытына сескене қарады. Ясауи кесенесіне ағылып зиярат етушілерден құтылу үшін Ясауи кесенесін астық қамбасына айналдырып жіберді. Ақыры кесенені атеистік музейге ауыстырып, Ясауи мұрасын мейлінше кертартпа мистикалық әлем ретінде бағалап, жас ұрпақты адастырып жатты. Ясауи кітабы басылымнан қалып, мұрасы насихатталмай жер бауырлап қалған күндерді де бастан өткіздік.
Енді Тәуелсіз заманда шетелден бізге қарай ағылған, мұсылманның рухани әлемін бүлдіруге жіберілген жат ағымдар құдды генерал Черняев секілді Ясауи кесенесін жарып жіберуді армандап жүр. Бұлар аз дегендей, ислам атын жамылған көптеген жат ағым да Ясауи жолына қарсыласып жаулық әрекеттерін тоқтатар емес. Бәрі Ясауидің сопылық жолына жаулық ниет ұстанып, Ясауи әлеміне идеялық соққы беруге жабылуда. Оған себеп – егер ой-санасына Ясауидің сопылық танымымен хал ілімінің адамгершілік, гуманистік негіздері сіңген пенделерді бұл жолдан, бұл танымнан айырмайынша, оларды соңынан ерте алмайтындығынан, нандыра алмайтындығынан шығып отырған қастандық әрекет деп білу керек.
Егер қалың қауымды Ясауи жолынан тайдыра алса, оларды мұрнын тескен тайлақтай қайда сүйресе солай кете беретін еріксіз тобырға айналарын біліп отыр. Халықтың рухани тұтастығын бұзу, ыдырату үшін ислам дінін жамылған жат ағымдар өз мақсаттарын жүзеге асыруға осылай жан сала күресуде. Ең өкініштісі, бұл күресті ақшаға сатылған космополиттенген қазақ өнерпаздары мен жазушы, ғалымдары бастап жүр. Әрине мұның да бір себебі болса керек, меніңше, Ясауи жолы хал іліміне сүйеніп, сопылық таныммен халықтың ұлттық дәстүрін бірлікте үйлестіре кемел адам тұлғасын қалыптастыру қуатында жатқан болуы мүмкін. Осы себептерді назарда ұстай отырып, Абай мұрасымен сопылық таным болмысындағы қарым-қатынасын ғылыми тұрғыдан танып білмейінше, Абай дүниетанымын анық танып біле алмаймыз. Өйткені Ясауи исламның діни философиясы болуы себепті академик Ғ.Есімов Абай «...көзқарасын діни философия жағынан іздеу керек» деп осы пікірге салмақ салуы – тегіннен-тегін болмаса керек-ті.
8
ХІІ-ХІІІ ғасырда өмір сүрген рухани бабамыз Ясауиде «жан ғалымы» және «тән ғалымы» деген күрделі ұғым бар. Жан ғалымы дүниенің көрінбеген сырын танып білуге, оның құпиясын ашуға ұмтылған руханияттың өкілі. Ал, «тән ғалымы» дегені дүниенің көрінген сырын ашып, танып-білуге ұмтылған заһри ғылымының өкілі. Ясауи «жан ғалымын» жоғары бағалап, нәпсіге бүйрегі бұра беретін тән ғалымынан бөлектей қарайтын пікірі де бар.
Ал Абай жетінші қара сөзінде «дүниенің көрінген сыры мен көрінбеген сырын» танып білуге шешуші мән бере қарайды. Ол екі құбылысты бірлікте алып, танып білуді меңзейді. Абай бұл ой-танымының 1898 жылдары қазіргі кванттық физиктерден бір ғасырдан астам бұрын-ақ болжап, толғанысқа түсіп пікір білдірген.
Бірақ еуропалықтар XVI ғасырдан бастап дүниенің көрінген сырын ашып, танып білуге шешуші мән берді де, тән ғалымдарын осы жолға бағыттап, таза материалисттік, атеистік дүниетаным жолын ұстанып кетуі себепті, адамдардың мінез-құлқы бұзылып рухани қасіретке ұшырауда. Олардың бұл рухани дерттен құтылуы екіталай. Өйткені еуропалықтардың дүниетанымы материалисттік негізде қалыптасып, тұрақты көзқарасқа айналып кетті. Қатты қалыптасқан, бір жүйеге түсіп бекіп кеткен дүниетанымдағы материалистік модельді санадан сырып тастау – қиынның қиыны. Әрі оларды бұл теріс танымнан алып шығарлық еуропалықтарда «толық адам» ілімі тәрізді рухани құбылыстың ізі де жоқ. Осы себепті де біздер Абайдың «толық адам» ілімінің болмысын жан-жақты тереңдете зерттеп меңгеріп алуға, онда қол жеткен жетістікті қоғам игілігіне айналдыруға бар күш қуатымызды жұмсау – қоғамның қажеттілігіне айналып отырғанын түсінетін уақыт жетті деп білеміз.
9
Абай мұрасын танытудағы қуатты құралдың бірі «Абай» энциклопедиясы ойшыл, хакім Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсанында жарық көрді. Бірақ шынын айтсақ, бұл энциклопедия асығыс, жылдам, тез даярланумен бірге ақын мұрасын ғылыми тұрғыдан өз деңгейінде таныта алмады, себебі кеңестік тоталитарлық идеология оның өрісін тарылтты. Әдебиет пен өнерге, ғылымға таптық, партиялық принципті орынсыз тықпалап, қақпайлай берудің қажет еместігін Қытай компартиясының жетекшілері өз тәжірбиесінен көріп сезінуі себепті Дын Шау Пин: «Әдебиетпен көркем өнер саясатқа тәуелді деген сөз бұдан былай айтылмауы керек. Өйткені бұл ұран әдебиет пен көркем өнерге қисынсыз килігудің оп-оңай теориялық негізі болып шыға келді. Бұл тектес ұрандардың әдебиет пен өнерге пайдасынан зияны көп екені өмірдің өзі көрсетіп берген жоқ па?» деп өте сындарлы пікір білдіруі өмір ағысынан туындап отырған шындық екенін көріп сезінудеміз.
Абай мұрасының шығысқа қатысын жан-жақты ашып көрсетуге мүмкіндік берілмеді. Абайдың орыс әдебиеті мен еуропалық мәдениетіне қатысты ойлары шамадан тыс мадақталып, назар осы тарапқа молырақ аударылды. Ал Абайдың дүниетанымы жайлы мәселелер қала, қалама материалистік, атеистік таным тұрғысынан баяндалып, насихатталды. Кейде, тіпті, Абайтануға қатысы жоқ кездейсоқ лауазымы жоғары тұлғалар еніп кетіп, энциклопедияның ғылыми құндылығын төмендеткені де рас. Мәселе – осы кемшіліктен арылған энциклопедияны асықпай жан-жақты қарастырып, ақын дүниетанымын кванттық физиктер ұстанып отырған жаңа дүниетаным негізіне сүйене отырып шығаруды қолға алу қажет. Жаңадан қолға алынып, басылымға даярланатын «Абай энциклопедиясы» өте биік талғаммен, әсіресе ақын дүниетанымының салаларын жаңаша көзқараспен танудың үстіне бұрынғы энциклопедияда қалың бұқара оқырмандардың санасына сіңірілген кеңестік идеологияның сарқыншақтарынан арылтып, тазалауды басты мақсат ретінде ұстану – уақыт пен жаңа таным қажеттілігі деп ұғыну жөн.
10
Абайтану тарихында ақын дүниетанымына байланысты аса күрделі де қиын мәселенің бірі – қазақ поэзиясында Абай негізін қалаған жантану ілімі мәселесі. Жантану ілімінің дүниетану тұрғысынан екі салаға бөлінетіні бар:
Бірі, еуропалық танымдағы жанды адамның психикалық әрекетінен туындайтын материалистік танымнан туындайтын жантану ілімі. Бұл ілім бойынша жан ешқайдан келмейді. Ол адамның ішкі психикалық сан түрлі әрекеті арқылы көрініс беретін заттық құбылыс. Ол адам қайтыс болғанда бірге жоғалатын, қайтып келмейтін нәрсе. Осы ұғымды Мағжан «Жан деген жеке зат жоқ, жан деген дененің бір бөлігі деген сөз», деп материалистік танымды меңзей көрсетіп отыр.
Екіншісі, Абайдың жиырма жетінші қара сөзінде «Жә, сен бұл ақылға қайдан ие болдың? Әрине қайдан келсе де, жан деген нәрсе келді де, сонан соң ие болдың», деген ой толғанысында жан сырттан, түп ие тарапынан келгенін меңзеп отыр. Ал Шәкәрім болса:
Жанымыз күннен келген нұрдан,
Тәніміз топырақ пен судан,
деген ой танымын ортаға тастайды. Жанды танып білу, ғарыштан келетін, яғни жанның тылсым құбылыс болуы себепті, ол жантану іліміне жатады.
Абай мен Шәкәрімнің зерттеу нысанасына алып отырғаны да осы ғарыш, яғни түп-Иеден келген жанды танып білу іліміне жатпақ.
Шәкәрім:
«Жанның бастан барын байқамапты
Психолог ғылымын ашқан адам»,
деп, батыс ғалымдарын адасқанына сын көзімен қарап сынауы жай нәрсе емес. Дарынды ақын Мағжан Жұмабайұлы «Пайғамбар» деген өлеңі бізден бір ғасыр бұрын жазылса да, ақын дүниетанымының арқауы Абай ой-танымымен сабақтас жатқан құбылыс екеніне көзіміз жете түседі. Еуропалықтар Абай айтқан дүниенің көрінген сырын танып-біліп, материалдық игілікке жетуді мақсат етуден, ғылым табысын имансыздық жолға түсіріп, отарлаған елдерді қырып жойып, тілін, дінін, ділін, салт-санасын аяқасты етуден тартынбай адамшылық жолынан шықты. Мағжан терең мән бере айтатын:
Білген емес иман деген не нәрсе,
Болған емес жұмысы оның
жанменен,
деген өлең тезистік мағынада қолданысқа түскен «иман, жан» деген сөздерінің мағынасын батыс елдерінің танып білуі мүмкін емес. Өйткені «иман» ұғымы түп-Иенің барлығына нануды алға қойса, олар оған нана алмай атеистік жолға түсті. «Жан» сөзін де осы мағынада ұғынды.
Абайдың түп-Иені танып білуге айрықша ізденіске түскен әрекеті «Лай суға май бітпей қой өткенге» (1895 жыл) деген өлеңінде:
Өзгені ақыл, ойға қондырады,
Біле алмай бір тәңіріні болдырады.
Ақылдың жетпегені арман емес,
Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын,
деп түп иені танып білуге ұмтылады. Бірақ түп-Иені танып білуге адам ақылы жетпесін білсе де, «Сонда да оны ойламай тұра алмаймын» деп алда да іздене беретінін меңзейді.
Абай түп-Иеден келген жанның болмысын танып білуге ұмтылу әрекеті оны жантану іліміне алып келеді.
Бұлар – адамзат баласының алдына қойылып отырған ұлы мәселелер. Мұны тек қана кванттық физиктердің «Ғаламды Сана билейді» деген жаңа дүниетанымымен сабақтасып жатқан мүлде соны тың танымға қадам бастық.
Абай, Шәкәрім, Мағжан сынды дарабоз ақындар дүниетанымының енді дүние бастауында тұрған «Сана билігі» арқылы танып-білуге күш салу – абайтану саласындағы ғылыми зерттеу, ізденістеріміздің өзегіне айналар уақыт жетті деп білеміз.
Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
профессор