• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Үкімет 25 Мамыр, 2020

Үкімет делегациясы Қарағандыға барды

381 рет
көрсетілді

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған үкімет делегациясы жұмыс сапарымен Жезқазған қаласына және Ұлытау ауданына барды.

Сапар кезінде Е.Тоғжановпен бірге делегация құрамында Мәде­ниет және спорт министрі Ақтоты Ра­йым­­құлова, Білім және ғылым вице-­министрі Мирас Дәуленов, Қара­ғанды облысының әкімі Же­ңіс Қасымбек және «Назарбаев зият­кер­лік мектептері» АҚ басқарма төр­ай­ы­мы Күләш Шамшидинова  болды. 

Қазіргі уақытта Қарағанды облы­­сын­да «Жұмыспен қамтудың жол кар­тасы» бойынша жалпы со­масы 3,9 млрд теңгеге 36 әлеумет­тік және мә­дени-тарихи жобасы жүзеге асырылуда. 2020 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша өңір­дегі әлеуметтік жұмыс орындары­на 472 адам жіберілді. Оның  ішінде 113 адам жастар практикасына, 2 694 адам қоғамдық қызметке тар­тылған. Жұмыссыздық деңгейі 4,4 пайызды  құрайды (2020 жылдың 1 тоқсаны бойынша), өзін өзі жұ­мыс­пен қамтығандардың саны – 56,1 мың адам.

Сапар кезінде Премьер-Мин­истр­­дің орынбасары Алтын Орда­ның негізін салған Жошы хан та­рихи-мәдени орталығының құры­лыс барысымен танысты. «Жұ­мыс­пен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында Жошы хан кесенесін рестав­ра­циялауға жә­не тарихиа-мәдени орта­лық­тың инфра­құрылымын құруға респуб­ли­калық бюджеттен 800 млн теңге бөлін­ген болатын. Жоба­да жұмыс істеп жатқан  барлық жұмыс­шылар «Ең­бек» бағдарламасы бойын­ша тар­тылған. Тарихи-мәдени кешенді осы жыл­дың тамыз айында пайдалануға беру жоспарланып отырғанын айта кетейік.

«Жұмыспен қамтудың жол кар­­тасы» бағдарламасы бойынша әлеу­­меттік жобалардың жүзеге асы­ры­­луы­мен танысқан Е.Тоғжанов Жез­қаз­ған тұрғындарының тұрғын үй жә­не әлеуметтік-тұрмыстық мәсе­ле­­лерінің қалай шешіліп жатқа­ны­на ерекше назар аударды. 2020 жылға дейін жүргізілген техникалық зерт­теуге сәйкес 26 көппәтерлі тұр­ғын үй апаттық жағдайда деп та­нылған, оның 9-ы күрделі жөндеуді қажет етеді, 17-сі бұзылуы тиіс. Е.Тоғ­жа­нов әкімдік 17 апаттық үй­дің тұр­ғындарын үш жылда бас­қа жер­ге көшіру бағдарламасын жаса­ға­нын айтты.

Өңірде өткір тұрған мәселенің бірі – халықты сумен қамтамасыз ету. Е.Тоғжанов Жезқазған мен Сәт­баев қалаларын сумен қамту мәсе­лесін шешуі тиіс Есқұла су құ­бырының құ­рылысына көңіл бөлді.

– Суға байланысты өткен жылы үлкен мәселе болғанын білеміз. Жер­­гілікті халық 11 күн сусыз отыр­ды. Ондай мәселе болашақта қайта­ланбауы керек. Облыс әкімімен бұл туралы әңгімелестік, шешу жолы анықталды. Облыс басшылығы сумен жабдықтау мәселесін түбегейлі шешуге уәде беріп отыр, – деді Пре­мьер-Министрдің орынбасары.

Бүгінгі таңда Сәтбаев қаласы ауыз сумен жаңа су жабдықтау жүйесі арқылы қамтамасыз етіліп отыр. 2019 жылы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің бас жобалау институты Жезқазғанда Есқұла су таратқышын қайта қалпына келтіру жобасын жасады. Вице-премьер тұрғындардың әлеуметтік мәселесін ше­шу Үкіметтің бақылауында еке­нін баса айтты. Өз кезегінде Қара­ғанды облысының әкімі Жеңіс Қа­сым­бек Кеңгір су қоймасынан қосым­ша сумен жабдықтау жүйесі екі ай­дың ішінде іске қосылатын хабарлады.

Үкіметтік делегация Жезқазғанда салынып жатқан 900 орындық Назар­баев зияткерлік мектебін ара­лап көрді. Нысандағы барлық жұ­мыс кес­теге сәйкес жүргізілуде. Қа­зір­гі уа­қыт­та құ­ры­лыс аяқталуға жа­қын. Халық­ара­лық нормаларға сәй­кес білім бе­ру ны­санының ауласын абаттан­дыру, ғи­маратты жиһазбен толық жабдықтау бойынша тапсырмалар берілді.