• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сұхбат 25 Мамыр, 2020

«Әдеп пен әділет – егіз ұғым» - Серікбай Нұрғисаев

1312 рет
көрсетілді

COVID-19 індетімен күрес кезеңі экономикалық саясаттың өзгеруіне ғана емес, атқарушы биліктің басқару формасы мен түрлі салалардағы жұмыс режимінің түбегейлі реформаға ұшырайтынын да көрсетіп берді. Мәселен, тұрғындар аз уақыт ішінде қашықтан оқу, онлайн байланыс арқылы жұмыс істеу, кеңсе қызметін алыстан пайдалану сияқты үрдіске бейімделуге мәжбүр болды.

Бұл – үлкен сынақ болғанымен, цифрландыру үдерісіне аяқ басқан қоғам үшін сәтті мүмкіндікке айналды. Әсіресе, мемлекеттік қызмет саласындағы ашықтық пен жариялы орта қалыптастыру міндетін мұрат тұтқан кезеңде тұрғындарға қажетті мемлекеттік қызмет түрлерінің қашықтан көрсетілуге көше бастауы құптарлық жағдай. Ал бұл бағыттағы жұмыс Жетісуда қалай жүзеге асып жатыр? Осы және басқа да сауалдарға жауап іздеп Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментің басшысы - Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Серікбай Нұрғисаевпен аз-кем сұхбат құрған едік.

- Серікбай Өрікбайұлы, Төтенше жағдай кезеңі артта қалғанымен, елімізде індет таралу қаупі әлі де сақталып отыр. Яғни, тұрғындарға қажетті қызмет түрлерін мейлінше қашықтан көрсету үрдісі күн тәртібінен түспеуі тиіс. Ал адамдардың мәселесін шешуде ең алдымен мемлекеттік қызметшіге салмақ түсетіні анық. Осы орайда, жетісулық мемлекеттік қызметшілердің жұмысы ойдағыдай ма?

- Әлбетте, қазіргі заман талабының өзі қоғамды ашық әрі жариялы болуға шақырып отыр ғой. Бұл бағытта елімізде көптеген іс атқарылды. Атап өтерлігі, Қазақстандағы цифрландыру бағдарламасы бұдан көп уақыт бұрын қолға алынды. Соның нәтижесінде мемлекеттік қызметшілер Төтенше жағдай жарияланған кезеңде еш қиналмастан қашықтан қызмет көрсетуге бейімделді. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Төтенше жағдай кезінде мемлекеттік мекеме қызметшілерінің көпшілігі өз жұмысын қашықтықтан жалғастыруға кірісті. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің қызметкерлері де бұл сыннан сүрінбей, жұмысты онлайн жалғастарды.  Мұның тағы бір мысалы ретінде азаматтарға өтемақы төлеу кезінде бұқарамен тікелей байланыста жұмыс істеген әлеуметтік қорғау саласы мамандарының еңбегін айтсақ та болар. Әрине, техникалық қателік орын алған болуы мүмкін, алайда, тұрғындарға цифрлы қызмет көрсету ісін жоғары бағалауымыз керек. Жалпы, мемлекеттік қызмет түрлерін халыққа қол жетімді ету барысы Алматы облысында жүйелі түрде жүруде. Есіңізде болса, еліміз бойынша ең алғашқы «Сервистік әкімдік» Қаратал ауданында ашылған болатын. «Сервистік әкімдік» азаматтармен тығыз байланыста жұмыс жасауға және тұрғындарға қаланың түкпір-түкпірінде орналасқан бөлімдерді іздемей-ақ мемлекеттік қызметтерді бір ғимараттан алуға мүмкіндік береді. Осы оңтайлы жоба тұңғыш рет Үштөбе қаласында жүзеге асты. Бұл өңірдегі басқрау қызметінің кабинеттік жүйеден өтіп, «Open Space» форматына көшудің сәтті қадамы болды. Қазір мұндай «Сервистік әкімдіктер» облыстың бірқатар аудандарында ашылды. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды.

- Сөзіңіз аузыңызда, сіз айтқан «Сервистік әкімдіктердің» ашылуынан қоғам нақты қандай пайда көріп отыр? Бұл жерде мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін арттыру маңызды ма, әлде тұрғындардың мәселесін жедел шешу бірінші орында ма?

- Өз басым ашық әкімдік жобасының жүзеге асуын екі мәселенің де шешімін табуға жасалған қадам деп бағалар едім. Біріншіден, елімізде мемлекеттік қызметші мәртебесін көтеруге байланысты маңызды шара атқарылуда. Яғни, біздің қоғамның басты ұраны – жемқорлықтан ада орта қалыптастыру болуы тиіс. Ал ел арасында мемлекеттік қызметші имиджіне нұқсан келтіретін сыбайлас жемқорлыққа қатысты пікір қалыптасқаны жасырын емес. Былайша айтқанда, атқарушы билік жұмысының жабық болуы бұл пікірге өзек болатыны анық. Міне, ашық әкімдік жобасы осы кемшілікті жоюға жасалған қадам. «Open Space» форматы дегеніміз тек қабырғасы қалың кабинеттен бас тарту ғана емес, мемлекеттік қызметшінің халық алдындағы білімі мен білігінің, кәсіби өресінің ашық түрде таразыға түсуі болса керек. Мұның арғы жағында ар-ождан жауапкершілігі жатыр. Ал бұл қызметтің тұрғындар үшін тиімділігі өте зор. Өйткені, «Сервистік әкімдік» жобасының қағидалары мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелерді бір жерде шоғырландыру мен азаматтарға ыңғайлы жағдай жасауға негізделген.

- Сіз облыстағы Әдеп жөніндегі кеңесті басқарасыз. Кеңес жұмысы қандай қағиданы басшылыққа алады?

- Әдеп жөніндегі кеңестің алға қойған басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілер мен қарапайым халықтың арасындағы қарым-қатынасты нығайту, ретке келтіру, қадағалау. Бұл жауапты міндетті мүлтіксіз атқару үшін кеңес мүшелерінің 70 пайызы қоғамдық ұйымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен өзге де мемлекеттік қызметке қатысы жоқ белсенділерден құралған. Сондықтан да, Әдеп кеңесі халықтың атынан сөйлеп, тұрғындардың атынан талап қоятын, әлеуметтің көзқарасын жеткізетін бірден-бір ашық алаң ретінде жұмыс жүргізеді. Әрине, кеңес қабылдаған шешімдер Конституциямызға қарама-қайшы келмеуі тиіс және де ол шешімдер міндетті түрде заң шеңберінен шықпауы маңызды. Осы жерде Алматы облысының Әдеп кеңесі басқа аймақтардағы әріптестерге үлгі болып, алғашқы болып онлайн отырыс өткізгенін айтуға болады. Біз осы отырыста 3 аудандағы лауазымды тұлғалардың қатысуымен мәселе қарадық. Жалпы, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің қызметшілері азаматтарды онлайн режимде қабылдау жүргізді толықтай жолға қойды. Әлеуметтік желі арқылы Алматы облысының тұрғындары өз сұрақтарын департамент қызметшілеріне жолдады, басшылықтың тікелей онлайн қабылдауында болды. Бірде - бір адам тыңдаусыз қалған жоқ.

- Әдеп дегеніміздің өзі әділеттің екінші аты сияқты ғой. Кеңес мүшелерінің дені қоғам өкілдерінен құралғанын айттыңыз, қатал шешім қабылдауда әлсіздік көрсету, эмоцияға берілу сияқты жағдай болмай ма? Кеңес шығарған шешімді кейіннен өзгерту фактісі болып қалса ше?

- Бұл жерде кеңестің жазалаушы орган емес, ақ-қараны адамгершілік принциптеріне жүгіне отырып сараптайтын қоғамдық орта екенін ескеру керек. Әрине, кеңес мүшелері мемлекеттік қызметшінің әдеп нормаларын қатаң айыптай отырып, оған лайықты жаза тағайындауды құзырлы орындардардың еншісіне қалдырады. Ал кеңес шешімін өзгертуге қатысты жақында бір жағдай болды. Бұлай етуіміздің дәлелді себебі бар. Іс Талдықорған қалалық тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының қызметшілеріне қатысты болды. Яғни, СЭС қызметшілеріне қатысты тәртіптік жаза қолдануды Талдықорған қалалық прокуратурасы ұсынған еді. Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері СЭС қызметшілеріне қатысты жазаны жеңілдетуге тырысқанымен, аталған мәселе бойынша заң бұзушылық фактілері өз дәлелін тауып, олар тәртіптік жазаға тартылған болатын. Арада ұзақ уақыт өтпей әлемді шарлаған коронавирус індеті біздің елге де жетті. Осы тұста індетпен күреске дәрігерлермен қатар СЭС мамандары да жұмылды. Осы кезде, Төтенше жағдай жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирусқа қарсы күрес шараларына қатысатын дәрігерлерге, полиция қызметшілеріне және басқа да мамандарға үстемақы төлеуді тапсырды. Мемлекет басшысы бұл адамдар демалыссыз, отбасы мүшелерін сирек көріп, өз өмірлерін қауіпке төндіретінін атап өтті. Осыған байланысты, эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысатын қызметшілерге ай сайынғы үстеме ақы 3 ай мерзімге белгіленген болатын. Ал бұған дейін тәртіптік жаза тағайындалған қызметшілерге үстеме ақы төленбейді. Бұл туралы жұрт пікірі екіге жарылып, әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Бір жағынан Әдеп кеңесінің шешімі, екінші жағынан СЭС қызметшілерінің індетпен күрестегі жанқиярлық жұмысы тарызыға түсті. Ал олардың жұмыс жеңіл емес еді. Карантин жағдайында Талдықорған қаласының бекеттерінен күнделікті 4284 автокөлік қадағалаудан өтіп, 8807 адамның денсаулығын мұқият тексеру жұмысы асқан төзім мен жауапкершілікті талап етеді. Осы жағдайды ескере келе, Әдеп кеңесінің мүшелері қалалық СЭС мамандарына тағайындалған тәртіптік жазаны алып тастауға шешім шығарды.

 

Сұхбаттасқан, Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы