Атыраудағы Теңіз кенішіндегі мердігер кәсіпорындардың жұмысшыларынан оқтын-оқтын қауіпті індет табылып жатса да, мұнда мұнай өндіру процесі тоқтаған жоқ. Кен орнын игеретін «Теңізшевройл» ЖШС бірінші тоқсанда 7 миллион 680 мың тонна мұнай өндірді.
«Кәсіпорынның өндірістік жұмыстары қалыпты режимде жалғастырылып жатыр. Әсіресе, өндірістік қызмет үшін маңызы зор «Келешек кеңею», «Ұңғыма ернеуінің қысымын басқару» секілді жобаларды қауіпсіз түрде іске асыру шаралары жүзеге асырылуда», - деді бүгін «Теңізшевройл» ЖШС үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев.
Оның мәлімдеуінше, осы кезге дейін аталған екі жобаның құрылысы 77 процентке орындалып отыр.
«Модулдерді жасау және оларды өндіріс орнынан шығару жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Теңіз кенішінде модулдерді құрастыру жалғаса береді. Біз өндіріске тікелей қатысы жоқ қызметкерлерді уақытша босатып, кеніштен шығарғанымызға қарамастан, маңызды жоба аясындағы жұмыстарды ары қарай іске асырудамыз. Өндірістік қызметті үздіксіз қамтамасыз ету үшін өз қызметкерлерімізді қорғауға арналған бірқатар қосымша шараларды енгіздік. Теңіздегі қызметкерлерді уақытша жұмыстан босату нәтижесінде өзге қызметкерлердің денсаулығына зиян келтірмеу көзделуде», - деді ол.
Өндірістік қызметті үздіксіз қамтамасыз етуге бағытталған қорғаныс шараларының бірі – жұмыс істейтін қызметкерлерді жеке топтарға бөлу. Бұл оперативті жұмыс тобы мүшелерінің бірі вирус жұқтырған жағдайда, басқа жұмыс тобы олардың орнын алмастыруға дайын болады. Осылайша, өндірістік қызметті үздіксіз қамтамасыз етуді жалғастыру тоқтамайды.
– Жұмыс істеу үшін берілетін рұқсатты онлайн тіркеу арнайы бағдарлама мен мобилді құрылғылар арқылы жүзеге асырылуда. Біз орталықтан басқару пульттерін шектедік. Бөлмеге тек операторлар ғана кіре алады. Сонымен қатар, бөлмелерді дезинфекциялаудың қатаң ережелері енгізілді, - деді Р.Артығалиев.