Үстіміздегі жылдың 5 айында 62 баланы ит қауып алған. Соңғы жағдай Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылында орын алған. Көршінің иті 12 жастағы баланың аяғының бірнеше жерін тістеген. Жарақат алған балаға шұғыл түрде ота жасалып, құтыруға қарсы вакцина алу шаралары ұйымдастырылды. Бұл туралы Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Оқиға орын алған бойда баланың ата-анасы шұғыл медициналық көмекке жүгінді. Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасында ит қауып алған науқасқа барлық тиісті ем-дом шаралары жасалды. Оның өміріне төніп тұрған қауіп жоқ.
Айта кету керек, егер жыл басынан ит қабу дерегі бойынша 62 бала медициналық көмекке жүгінген болса, өткен 2019 жылы осындай 143 жағдай орын алған. Маңғыстау облыстық шұғыл медициналық жәрдем станциясына осындай деректермен Мұнайлы ауданының Басқұдық және Атамекен ауылдары, сондай-ақ Түпқараған ауданының Ақшұқыр және Сайын-Шапағатов ауылдарынан жиі хабарласады.
Маңғыстау облысы