• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Мамыр, 2020

Алматыда маскасыз жүргені үшін салынатын айыппұлдың ең үлкені – 1 миллион 389 мың теңге

467 рет
көрсетілді

Бүгін мегаполисте ірі сауда-ойын-сауық орындарының жұмысы қайта жанданды. Екі айдан астам уақыт бойы оқшауланған қала тұрғындары бірден қызметіне кіріскен нысандарға ағыла бастағандықтан, санитарлық нормаларды сақтау мәселесі алдыңғы шепке қайта шықты. 

Дүйсенбі күнгі онлайн-брифингте Алматы қаласының мемлекеттік бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин маска тақпағандар мен ғимаратқа маскасыз кіргізген заңды тұлғаларға салынатын айыппұлдардың мөлшерін айтты.  

Жандарбек Бекшин жұмысына қайта кіріскен мекемелерде, ғимараттарда маскасыз жүрген адамға 5 АЕК – 13 890 теңге айыппұл тағылатынын айтты. Ал, нысан иесіне азаматты маскасыз кіргізгені үшін 15 АЕК – 41 670 теңге айыппұл салынады.

«Адамдар еріксіз аузы-мұрнын, көзін ұстамауы үшін  көшеде де маска тағып жүруді талап етеміз. Сондай-ақ, ғимараттарға – дүкендер, базарлар, сауда-ойын орталықтарына, дәріханаларға кіргенде маска тағу керек. Біз ішкі істер органдарымен бірге әкімшілік жауапкершілік шараларын қолдана аламыз. Егер азамат карантин ережесін бұзса, атап айтқанда маска тақпаса, 5 АЕК – 13 890 теңге, азаматтарды ғимаратқа маскасыз кіргізсе, нысанның иесі - лауазымды тұлға да әкімшілік жауапқа тартылып, 15 АЕК – 41 670 теңге төлейді. Барлық нысанда маска тағуды талап етеміз», – деді Жандарбек Бекшин.

Алматы қаласының мемлекеттік бас санитар дәрігері айыппұл мөлшері бизнес түріне қарай есептелетенін айта келе: «Егер шағын бизнес болса, айыппұл 100 АЕК – 277 800 теңге, орта бизнес болса, 200 АЕК – 555 600 теңге, ірі кәсіп болса, заңды тұлғаға 500 АЕК – 1 миллион 389 мың теңге болады. Карантин ережесін сақтауды талап ету үшін осындай қатаң шаралар қабылдауға мәжбүрміз», деді

Жандарбек Бекшиннің мәлімдеуінше,  айыппұлдың ең үлкен – 1 миллион 389 мың теңге. Мұндай әкімшілік жауапкершілікті ірі бизнес өкілі өз мойнына алады.

 

 

АЛМАТЫ