• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 26 Мамыр, 2020

Бурабай баурайындағы ғажайыптар

620 рет
көрсетілді

Қасиетті Бурабай баурайы аңызға тұнып тұр. Жақсы мен жайсаң күн кешкен атажұрттың әр тасының аңызы бар. Сол аңыздардың жылғасы көкірегі ояу кез келген адамның жан дүниесіне жарық сәуле құйып тұрғандай.

Абылай алаңынан қалың қарағайларды қақ жарып өр­леп шығатын жалғызаяқ жол мәңгі жасыл қарағай орманның қойнауына сіңіп кетеді. Осы жолға түсіп жүр­­сеңіз, сарғыш тартқан тас қат­парын он саусағынан өнер сау­лаған хас шебер әдейілеп қашап шығарғандай биік арқалы тақ көрінеді алдыңыздан. Кәдімгі әсем­дігі көз қарықтыратын алтын тақ.

Иә, ықылым заманнан бері бұл жер Хан тағы деп аталады. Сарыарқадағы жұрттың апшысын қуырған қаһарлы қыс өтіп, мамыражай көктем туғанда Абылай хан Қызылағаштың қойнауындағы қыстауынан көшіп келіп, осы жер жәннаты тәрізді жайнаған алақандай алаңқайда, көктеуде отырар еді. Таңғы ауа қандай тап-таза. Көгілдір орман ішіндегі алаң кешке қарай да сырбаз салтанатынан айырыла қоймайды. Жанға жайлы жібек самал еседі. Міне, осы сәтте Абылай хан табиғат тарту еткен таққа келіп отырар еді.

Қазір бұл жер жұрт киеліге санайтын көркем орынға айналған. Хан тағын тамашалауға келген тәмам жұрт мінәжат етіп, ақтық байлайды. Өзекті өртер өкініші сол, кешегі кеңес заманының кесапатын Алаш жұрты ғана емес, табиғат таңдаулы ұлына тар­ту еткен тас та көрген. Табиғи тақ­тың төріне кімдер шықпады дейсіз. Әншейін мініп-түссе бір сәрі ғой, қос қапталына, артына сырмен, әкпен, қашаумен қашап аттарын жазған.

Абылай алаңында тұрып, Көк­шенің қарсы алдыңыздағы биігіне көз салсаңыз, ғажайып табиғат құбылысын айқын аңғарар едіңіз. Қылпылдаған болат қашау батпайтын көк гранит тасын бауыр­лай тіліп орналасқан ғажайып тас сыр­ғанаққа жанарыңыз түссе, туған табиғаттың құдіретіне ерік­сіз бас иесіз. Сонау қыр жота­дан басталып, еңіске қарай құлдилай құлайтын ғаламат үлкен тас сыр­ғанақты жасау әрине адам­ның қолынан келмес еді. Көзбен жо­балағанда, көк тастың ені жиырма қадамдай, ал табаны 150 қадамға жуық. Кертіліп түс­кен, әлде ойылған. Қалай болған күнде де жаратылыстың бұйрығымен осындай тас сыр­ғанақ пайда бол­­ған. Екі жағы тіп-тік, жылан жалағандай теп-тегіс. Бір таң­данарлығы жалпақ табанда бар­мақ басындай бір бұдыр болса ше? Иненің көзіндей ойық та кездеспейді. Жергілікті жұрт бұл жерді тас сырғанақ деп атайды. Айтса айтқандай, ту биіктен құл­дилай құлап, етегі еңіске жететін сырғанақтың сырын ұққан кім бар екен?!

Көк тастан өрілген, адамзат баласының өзі де шыға алмайтын биік шыңның ұшар басына піл шығып шөгіпті десе, сенесіз бе, сенбейсіз бе? Сен­бейтіндер табылса, Бура­байдың бау­­ра­йы­­­­на келсін. Келген соң Абы­лай алаңына табан тіреп, жүзін Оқ­жетпеске бұрсын. Сол­ сәтте сонау шың басынан төрт сирағын бауырына басып шөк­кен піл көрінеді. Көзі өткір адам ұшы сәл жоғары қай­қиған ұп-ұзын тұмсығын аңдайды. Ба­жайлап қарасаңыз, алақандай көзі, қауқиған құлағы, сабаудай құй­рығы,қысқартып айтқанда, барлық он екі мүшесі түп-тү­гел. Тек жанды емес, жансыз, көк гранит тас. Есте жоқ ескі ке­зеңде Оқжетпес батыр қалың жау қаумалаған сәтте жаратқан иеден тілек етіп, тасқа айналыпты деседі ғой. Сонда тө­бесіне кө­теріп алған осы піл екен деген жорамал айтылады. Әрине аңыз. Әйтсе де, ұлт мұ­раты мен ұлттың ұлағатты ұлда­рының ары­­­мас асыл арманы ұш­тасып жат­­қандай. Аңыз астарын­да ту­ған жердің топырағын Оқжет­пес батыр тәрізді қорғай білу керек. Сонда есімің ел есінен ешқа­шан өшпейді деген ишара жатыр.

Жоғарыдағы бір сөзімізде, Бурабайдың баурайы тұнған аңыз екендігін айттық қой. Тұл­ғасы үйдей пілді елемей, өрмелеп басына шығып бара жатқан тасбақаны көрсеңіз, қимылына тәнті болар едіңіз. Оқжетпестің тап түбінде күміс көл жақтан тоқтап, бөркі жерге түскенше басын көтерсе, піл­дің артқы жағынан жоғарыға тыр­мысып, мысықтабандап көте­ріліп келе жатқан тасбақаны кө­рер еді. Әлгі пақыр мойнын алға соза ұмтылып, оң аяғын піл­дің шеке­сіне сала тырмысып тұр­ғандай. Арыдағы ойы таудай піл­дің қара­құсына қонжиып отыр­мақшы болды ма екен?

Оқжетпесті іргелей, сұр тас­па жолмен Көгілдір қолтықты орағыта Бурабай елді мекеніне қарай бет түзесеңіз, Бурабайдың күміс көлінің кемеріне төніп тұр­­ған құз жартасты көресіз. Ба­жайлап қарасаңыз, құдды қол­тырауын күміс көлден жаңа ғана шығып, арада тананың көзіндей жарқырап жатқан Үл­кен Шалқарға өтетін жолды ба­ғып тұрғандай. Көкшетау то­пырағында тым ерте заманда қол­тырауын болды ма, болмады ма кім білсін, әйтеуір бұл тасты ел тарихын жақсы білетін жұрт Ай­даһар жотасы деп атайды. Оң жағынан қарасаңыз, әлгі айдаһар енді бір сәтте тас кебіске айналып кетеді. Табиғаттың тамашасын қараңызшы, бұл! Кебіс болғанда, басқа емес кәдімгі қазақтың биік өкше кебісі. Аңыз да өзгереді. Ел аузында сақталған ескі сөзде бұл хан қызының кебісі екен қалып қойған деген дерек те айтылады.

Тау етегін жиектей жүріп сәл ғана әрі ұзасаңыз, қарсы алды­ңыздағы алаңқайдан төбешік көрініс берер еді. Төбешіктің ба­­сында ақ гипстен жасалған тау­­те­ке тұр қасқайып. Таутекеге же­те бере, күміс көлдің үстін ала Жекебатыр тауына қарай мо­йын бұрсаңыз, сонау құз үстінде қарны жер сызған саулықты көресіз. Титтей айырмасы болса ше? Сондықтан бұл жер ежел­ден Қойтас атанған. Жоғары­дағы құбылыс бұл жерде де қай­­таланады. Әлгі Қойтасқа Же­ке­батыр жақтан айналып кеп қарасаңыз, өзіңіз де таң-та­ма­ша қаласыз. Жаңа ғана көз ал­­дыңызда тұрған Қойтас енді бір сәт ер тоқымға айналып кеткендей. Кеткендей емес, нақ өзі. Кәдімгі қазақтың жалпақ қасты ерінің өзі. Ер үстіне көпіртіп көп­шік салған.

Осының бәрін көре тұра Бурабайдың табиғаты керемет емес деп айта аласыз ба?!