• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Мамыр, 2020

Жасөспірімдердің тәртібін қадағалау мен құқы­ғын қорғау өзекті болып тұр

690 рет
көрсетілді

Бүгінде бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген сұмдықты жиі еститін болдық. Сол сияқты жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан жасөспірімдердің тәртібін қадағалау мен құқы­ғын қорғау да бүгінгі күн­нің басты мәселесінің бірі. Қоғамда бір жағынан кәме­летке толмағандардың құқық бұзушылық жағдайы алаң­датса, екінші жағынан олар­дың құқығының тиісті дең­гейд­е қорғалуы да үлкен мәсе­ле. Әйтпесе қазіргі кезде жасөспірімдердің балаң ғұмы­рына балта сілтеп, тағдырын тауқыметке байлап жатқан оқиғалар жиі орын алуда.

Әдетте мұндай мәселелер көтеріл­генде, әуелі ойымызға мемлекеттік орган­дар оралады. Олардың міндеті – жас­өспірімдердің құқығын қор­ғау, түрлі мәселелерді болдырмау. Құқық қорғау мекемелерімен бірге аталған мәселелер тө­ңі­регінде түрлі дең­гей­дегі әкім­діктердің жанынан қ­ұрыл­ған Кәмелетке толмағандар істері жә­не олардың құқықтарын қор­ғау жө­ніндегі комиссия да жұмыс істейді.

Жуырда Жамбыл облысы әкі­мінің орынбасары Ержан Жыл­қы­баевтың қатысуымен облыс әкім­дігі жанындағы аталған ко­мис­сия­ның отырысында бір­қатар мәсе­лелер қаралған болатын. Облыста осы жылдың төрт айын­да жасөспірімдер ара­сындағы қыл­мыс 49,2 пайызға төмендеген. Есеп­ті ке­зеңде 17 ұрлық, 4 тонау, 3 бұза­қы­лық, 2 денеге жарақат салу және

1 автокөлік ұрлау, сондай-ақ 4 түр­лі сипаттағы қылмыстық дерек тір­келген. Аталған қыл­мыстардың дені Тараз қаласы, Шу және Қордай аудандарында орын алған. Бір өкініштісі, қылмысқа мектеп оқушылары, колледж студенттері қатысқан. Жамбыл облыстық кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы Бақыт Жақсылықованың айтуынша, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің екі студенті төбелескен. Бірақ төбелестен соң әлгі екі бала ойын кезінде құлап қалдық деген сылтау айтқан. Алайда сол екі студенттің бірі өткен жылы болған тонау фактісі бойынша Тараз қалалық полиция басқармасында есепте тұр екен. Ал төбелескен бала­лардың екіншісі 2019-2020 оқу жылының бірінші семестрінде 126 сабаққа қатыс­паған. Бірақ Тараз қалалық әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олар­дың құқықтарын қорғау комиссиясы бұл туралы ешқан­дай ақпарат бермеген. Тіпті жас­өспірімдердің ара­сындағы тәртіп бұзушылық мәсе­лесі қалалық комиссия отыры­сында да қаралмаған. Сөйтіп екі бала­ның арасындағы төбе­лесті атал­ған комиссия жа­сыр­ған. Соны­мен қатар бұл екі баланың да толық емес отбасын­да тәр­бие­леніп жатқандығы анық­тал­ған. Жалпы, кәмелетке тол­ма­ғандардың құқығын қор­ғайтын комис­сия орын алған осын­дай нәрсе­лер­ді тексеріп, тиісті орын­дарға жол­дайтын құрылым болуы керек. Бұл екі баланың арасындағы жай келіс­п­еушілік, төбелес болғанымен, мұ­ның өзі де қылмысқа апаратын жол екенін ұмытпаған жөн. Тағы бір айта кетерлігі, әрбір жасөспірім өз өміріне өзі жауапты екенін білгені, түйсінгені абзал.

Негізінен жасөспірімдердің құқы­ғын қорғау мәселесінде облыс орта­лы­ғынан бөлек, өңірдің бірқатар аудан­дарында да кемшіліктер анық­талған. Жамбыл облыстық кәме­летке толмағандар істері және олар­дың құқықтарын қорғау жөнін­дегі комиссияның хаттамасымен Талас ауданының әкімі Бақыт Қазан­басов­қа биылғы 10 нау­рыз күні аудан­дық аталған комиссияның кемші­ліктері көр­сетіліп, ұсыным жол­данған екен. Бұл ұсынымда Талас аудан­дық білім бөлімінің де жұмысы сынға алынған. Аудан­дағы бір­қатар білім ошақтарында тәр­бие және құқықтық тәрбие жұ­мыстары әлсіреген. Сондай-ақ Тамды ауы­лын­­дағы Қойгелді атындағы орта мек­­тептің екі оқушысы өз-өзіне қол жұмсауға әрекет еткен. Алай­да облыстық комиссияның мәлі­метін­ше, аудан басшысы жауапты тұлғаларға ешбір шара қолданбаған. Сол сияқ­ты, Қордай ауданында да жасөс­пірімдердің құқығын қор­ғауға байланысты мәселелер бар болып шықты. Осы жылғы 20 сәуірде Қордай аудандық ауру­ханасына 17 жас­тағы қыз­ өзінің жүкті болып қал­­ғанын ескерткен (7 апталық жүк­­тілік). Сондай-ақ ол өзін Қор­дай ауы­лының тұрғыны зор­лағанын айтып арызданған. Сол күні аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті де ұсталады. Бірақ жапа шеккен қызды тексерген аудандық аурухана дәрігері полицияға ха­бар бермей, аудан орталығы Қордай ауылындағы №3 орта мек­тептің директорына хабарласады. Бұл мектептің директоры да бұл оқиғаны тиісті орындарға жеткізбей, әлгі қызды кешкі мек­тепке ауыстырып жіберіпті. Бүгінгі таңда аталған фактілер бойынша қылмыстық тергеу амалдары жүргізілуде.

Жасөспірімдердің құқығын қорғау – бүгінгі қоғамдағы күрде­лі мәселенің бірі. Дегенмен тиіс­ті орындарға міндет артып қой­май, бірінші кезекте әрбір адам өзінің құқығын қорғай білуі керек дер едік. Ежелден қа­нымызға сіңген ұят, иман қағидаларын отбасынан, одан кейін мектеп қабырғасынан жете түйсініп шыққан баланың ертең өз-өзін қорғай алатын аза­мат болатынына сенуге болады. Жалпы, қоғамда жастық албырттықпен қателесудің, «Ой­нап жүріп от басудың» мәсе­лесі күн санап күрделеніп бара жатқандай. Ал орын алған бар­­лық жағдайды дер кезінде тек­серіп, оны тиісті орындарға жет­кізу де жасөспірімдердің құқығын қорғауға көмектесетін қадам. Орын алған жағдайды жасырып, жабудың соңының жақсылыққа апармайтыны тағы анық.

 

Жамбыл облысы