Президенттің кадрлық резервіне қабылданған 300 жалынды жастың бірі – Ардақ Өтепов. Жақында Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалған ол кадрлық резервке дейінгі жұмысы мен резервке қалай қабылданғаны туралы айтып берген еді.
– Президенттік кадрлық резервіне қатысуға не түрткі болды? Іріктеу қалай өтті?
– Президенттің кадрлық резерві жастар үшін әлеуметтік лифт, өз саласында жетістікке жету мүмкіндігі деп білемін. Меніңше, қазіргі жүйеде бюрократияның ұшқыны әлі де байқалады. Шешім қабылдауда тың көзқарастың жетіспейтіні де көзге ұрып тұрады. Жастар жаңа леп, өзгеріс алып келеді деп сенемін. Бұл жастардың міндеті де. Жобаға қатысу – белсенді азаматтық позицияның айқын көрінісі. Яғни қатысушылар – мемлекет тағдырына немқұрайды қарамайтын азаматтар.
Қашанда Отаныма қызмет етсем деп ойлайтынмын. Еліме пайда тигізсем деген мақсатым болды. Сондықтан осы жоба арқылы ізгі ниетіме жетсем әрі бағымды сынасам деген шешімге келдім.
Іріктеу форматы мен үшін тың тәжірибе болды. Уақыт шектеуі де қосымша жауапкершілік міндеттейді екен. Есепті қай кезде де жақсы көретінмін. Бірінші кезеңнен өткеннен кейін қызығушылығым арта түсті. Жобаны таныстыру, сұхбаттар да жақсы тәжірибе болды. Жобада жеке қасиеттерімізбен қатар топта жұмыс істей білуіміз де сынақтан өтті. Бұл да маңызды талаптардың бірі деп білемін. Өйткені мемлекеттік қызмет – бірлескен жұмыс. Үміткерден көшбасшылық, аналитикалық ойлау, орнықты шешім қабылдай білу сияқты қасиеттер талап етіледі. Әр кезеңі жаңа асу болып, қызығушылығым артып, бар ынтамды салдым.
– Қазір еліміздің авиация саласына жауапты үлкен компанияда қызмет жасайсыз. Оған дейін қандай құрылымдарда еңбек еттіңіз?
– Мен 12 жыл бойы азаматтық авиация саласында қызмет етіп келемін. Жай маман болып есігін ашқан құрылымның басшылық қызметіне дейін өстім, мамандық таңдауда жолым болды деп есептеймін. Мамандыққа адалдық пен қызығушылық мені АҚШ-та білім алуға жетеледі. Сан-Диегодағы университетте білімімді толықтырып, тың идеялармен елге оралдым. Жаңа қызметіме дейін «Казаэронавигация» компаниясында ғылыми-техникалық ақпарат бөлімінің жетекшісі болып қызмет атқардым. Одан кейін стратегиялық жоспарлау бөлімі басшысының орынбасары лауазымына тағайындалдым.
– Бұл кадрлық резервке өткеннен кейін қандай ұсыныс болды?
– Бірнеше ұсыныс түсті. Аймақтарға білім басқармаларына жұмыс істеуге шақырды. Мен бас тарттым, өйткені аталған салада еш тәжірибем жоқ. Өзім білетін салада қызмет етіп, білгеніммен бөліскен дұрыс деген ойдамын.
– Олай болса, қазіргі жұмысыңыз туралы айтып берсеңіз.
– Қаңтардан бастап Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары лауазымын атқарамын. Ұжыммен бұрыннан таныспын, өйткені алғашқы еңбек жолым осы құрылымда басталған еді. Мен әуежайлар, аэронавигация, авиациялық қауіпсіздік, тарифтерді реттеу мен бақылау мәселелеріне жауаптымын. Жалпы, менің ойымша, мемлекеттік қызметтің қызығы көп. Өйткені жеке секторларға қарағанда міндеттері де зор. Қазір әуе көліктерінің инфрақұрылымын дамыту, «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» мемлекеттік бағдарламаларының іске асырылуын қадағалаймын. Ширатып айтар болсам, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 68-қадамның, яғни әуе тасымалын мемлекеттiк реттеу тиiмдiлiгiн арттыру, британдық моделді енгізудің жолдарын қарастырып жатырмын. Құрылымдық жұмыстарға кірісіп кеттік, авиациялық әкімшілік құрылды. Заңға өзгеріс енгізіп, халықаралық стандарттарға сай жұмыс істеу жолға қойылған. Осы орайда Британияның авиациялық агенттігі келісім негізінде техникалық көмек көрсетуде.
Жақында Алматы қаласында үлкен хаб құрылып, шетелдік компаниялармен келісім жасалды. Енді Алматы халықаралық әуежайында жаңа терминал салу жоспарлануда. Алматы әуежайын үлкен хаб ретінде қалыптастыруды ойға алып отырмыз.
Ашық аспан саясаты бойынша басқа елдің компанияларына Қазақстан әуе кеңістігінде ұшу мүмкін болды. Оған қоса Өскемендегі әуежай ретке келтіріліп, Түркістан қаласында әуежай құрылысы басталды. Қосымша инвестиция тартылып, Шымкент қаласындағы әуежайға жаңа терминал салынып жатыр.
Инфрақұрылымды дамыту мақсатында 2023 жылға дейін елімізде 13 аэродромды іске қосу жоспарланып отыр. Шалқар, Құлсары, Миялы, Ұлытау, Арқалық, Зайсан, Үшарал сияқты аудандарда аэродромдар салу арқылы еліміздің авиация саласын жандандыра түспекпіз. Әлбетте, жоспар көп, мақсатымыз айқын. Дегенмен төрткүл дүниені шарпыған коронавирус инфекциясы салдарынан біздің де сала тұралап тұр. Азаматтық авиацияның да зардап шеккені анық. Халықаралық әуе қатынасының көлемі 98 пайызға қысқарды, ішкі рейстер түгелдей тоқтатылды. Мамыр айында ішкі рейстер ашылып, жұмыстар реттеле бастады.
Төтенше жағдай кезінде әуежайларға да жеңілдіктер жасалды. Мәселен, олар жарты жылға салықтан босатылып, әуе компаниялары да белгілі бір салықтар төлемеуге мүмкіндік алды.
–Кадрлық резервке өткендермен пікір алмасып, жаңалықтарыңызбен бөлісіп, талқылап отырасыздар ма?
– Әлбетте! Бәріміз дос болып кеттік. Өз қызметіміз туралы айтып, бір-бірімізден кеңес сұрап тұрамыз. Кадрлық резервке өткен замандастармен жақсы қарым-қатынастамыз. Дос болып кеттік десек артық айтпаған боламын. Бұл жобаның арқасында жаңалыққа жақын, тың идеяларға толы, жарқын болашаққа сенімі мол азаматтармен таныстым.
Жалпы, жобаға қатысу бүгінгі тіршілігіме қайта қарауға, саралауға мүмкіндік берді. Жұмысыма баға беріп, өзімнің әлсіз не мықты тұсымды анықтай алдым. Кемшілігімді түзеп, ойыма ой қосқандай болдым. Жаңа мақсаттарымды айқындап, оған жетудің жолын тапқандай болдым.
Әңгімелескен
Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ
«Egemen Qazaqstan»