Бүгін Үкімет отырысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңірдегі егін егу жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын айтты.
«Түркістан облысында 857,2 мың гектар егістік алқап бар. Көктемгі егіс жұмыстары толығымен аяқталды десе болады, 92 пайызы аяқталды. Қалған Мақтаарал ауданында су шайып кеткен егістікті қайта егіп жатырмыз. Жалпы тыңайтқышты толығымен субсидиялау аяқталды. Тұқым жетеді. Барлық керекті шаралардың бәрі дер кезінде орындалды», деді Өмірзақ Шөкеев.
Оның айтуынша, қазір ең негізгі мәселе егістікті әртараптандыру болып отыр.
«Мақта, масақ сынды дәстүрлі дақылдарды азайтып, оның орнына көкөніс, мал азығы дақылдарын көбейту жоспарланған. Бірақ түбегейлі жағдайды өзгерту үшін біз жаңа технологияларды қолдануымыз керек. Осыған байланысты біз қазір 3 бағытты ұстанып отырмыз. Оңтүстік Қазақстанның жер телімдері шаруалары да өте аз. Ол жерлерге жаңа технологияларды пайдалану мүмкін емес. Сондықтан кооперативтерді құрастырып, жаңа технологияларды алып келу керек. Осыған байланысты біз Түркістанның төңірегінде жаңбырлатып суғару технологиясын қолданып отырмыз. Жалпы біздің жоспарымыз 11 мың гектарға жаңбырлатып суғару технологиясын алып келіп, сол жерде тұрған шаруалардың бәрін біріктіру. Қазір 3 кооператив біріктірілді», -деді облыс әкімі.