• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Мамыр, 2020

Түркістан облысында еліміздегі алғашқы мұнай-химия комбинаты салынады

318 рет
көрсетілді

Түркістан облысы Ордабасы ауданында мұнайды терең өңдеу арқылы  мұнай-химия және көмірхимиялық комбинат өнімдері алынатын екі жоба жүзеге асырылады.  

«Standart Petroleum & Co» ЖШС жүзеге асырғалы отырған мұнай-химия комбинатын салу жобасына жалпы соммасы 95 млрд теңге инвестиция тарту және 800-ден астам жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Жоба екі кезеңде жүзеге асырылады. Инвестициялық құны шамамен 11,15 млрд теңге болатын жобаның бірінші кезеңін іске асыру жұмыстары күзде басталады. Кәсіпорынның өнім шығару қуаттылығы жылына 1 млн тоннаға дейін дайын өнімді құрайды. Осыншама қуаттылықта өнім шығаратын екінші кезеңін 2021 жылы іске асыру жоспарланған.  Жобаны жүзеге асырушылардың мәлімдеуінше, бұл елімізде салынатын алғашқы мұнай-химия комбинаты болмақ. Яғни, мұнда АИ-92, АИ-95 маркалы бензинді өндіруден басқа, мұнайды терең өңдеу арқылы мұнай-химия өнімдері алынады. Сондай-ақ, кәсіпорында қуаты сағатына 35 мВт электр энергиясын өндіру жоспарланып отыр. Өндіріс орнының өз қажеттілігін осылайша қамтамасыз етіп қана қоймай, сыртқы нарыққа да шығаруға мүмкіндік жасалады. Сарапшылардың айтуынша, жобада мұнайды терең өңдеудің ерекше технологиялары қолданылады.

Облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев ауданға жұмыс сапары барысында осы бірегей жобамен танысты. Сондай-ақ «Стандарт Ресурсис»  ЖШС көмірхимиялық комбинатында болды. Аталмыш жоба аясында 1,5 млрд теңге инвестиция салынып, 60 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Зауытта жыл сайын 30 мың тоннаға дейін тас көмірді қайта өңдеуге болады. Жобаның бірегейлігі - Еуро 5 стандартты АИ-92 және АИ-95 маркалы пеш және мотор отынын өндіруге, түрлі майлар мен құрылыс саласына арналған материалдарды шығаруға мүмкіндік береді. Ал, жобаны ресми іске қосу ағымдағы жылдың маусым айына белгіленген. Аталған жобалардың негізгі мердігері-мұнай химиясы саласындағы нарық көшбасшыларының бірі болып табылатын ресейлік «ЭТН Циклон» компаниясы.

Аталмыш жобалар кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында «Turkistan Invest» Экспорт және инвестиция тарту жөніндегі аймақтық агенттігі»  ЖШС қолдауымен жүзеге асырылуда. 

 

Түркістан облысы