Жамбыл облысында коронавирус індетін жұқтырғандар саны күн санап артуда. Бүгінгі күнге қауіпті инфекцияның 51 жағдайы тіркеліп, науқастар саны 343-ке жетті.
Тараз қаласында 49 оқиға анықталған. Оның 48-і науқастармен байланыста болған. Бір жағдай Тараз қаласының 69 жасар тұрғынынан анықталып, ол жедел респираторлық вирустық инфекция белгілерімен жұқпалы стационарға жатқызылған. Сондай-ақ науқастардың қатарында 1 жастан 12 жасқа дейінгі 6 кәмелетке толмаған бала бар. Атап айтсақ, зертханалық зерттеулер нәтижелері бойынша коронавирус ауруы бір отбасының төрт мүшесінде, оның ішінде 2005, 2008 және 2016 жылы туған балаларда расталған. Олар да осы уақытқа дейін дерт жұқтырған туысымен байланыста болған.
Сонымен қатар Т.Рысқұлов ауданында 2 жағдай анықталды. Қауіпті індет 1991 жылы туған ер адамда және 1993 жылы туған жүкті әйелден табылған. Екеуі де бұрын ауырған науқаспен байланыста болған тұлға ретінде оқшауланған.
Жамбыл облыстық әкімдігінің мәліметінше, барлық науқастар жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген. Бүгінде олармен байланыста болған тұлғалар анықталып, карантинге алынған. Ошақтарда дезинфекциялық өңдеу шаралары жүргізілген. Бүгінде Жамбыл облысында коронавирус індетін жұқтырудың 343 жағдайы тіркелген болса, олардың 173-і сауығып, дәрігерлердің бақылауындағы үй карантиніне шығарылған.
Жамбыл облысы