• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 26 Мамыр, 2020

Батыс Қазақстанда 7 ауданнан ауру шықты

794 рет
көрсетілді

21 мамыр күні түсте Батыс Қазақстан облысы аумағында коронавирус індетінің 458 оқиғасы тіркелді. Олардың 21-і – 14 жасқа толмаған балалар. Бір тәулікте 38 адам вирус жұқтырғаны анықталды. Індеттің өсу қарқыны - 9,2%-ға жеткен.

Коронавирустың негізгі көлемі, яғни 89 пайызы Орал қаласында болғанымен, 7 ауданда індет ошағы тіркелді. Ақжайық ауданында – 5, Бөрлі ауданында – 7, Жәнібекте – 2, Бәйтеректе – 8, Сырым ауданында – 4, Тасқалада – 16, Теректіде – 7 адам ауырған. Орал қаласында - 408 жағдай тіркелді.

- Рас, соңғы үш күнде індет жұқтырғандардың саны күрт өсіп кетті. Өйткені біз қарым-қатынаста болған адамдардың бәрін белсенді тексеріп жатырмыз. Ауру жұқтырғандардың 57%-ы, яғни 265 адам – сырттан келген. 182 оқиға Ресей Федерациясының Самара мен Саратов бағытындағы шекарадан өтушілерден тіркелді. Сондай-ақ соңғы кезде Атырау облысындағы Теңіз кешенінде қызмет ететін біздің өңірдің тұрғындары елге қайтты, олардың ішінде 70 адам ауру болып шықты. Ауруы ашық байқалмаған кей жұмысшылар өз үйіне жіберілген кезде карантиндік режимді сақтамай, отбасы мүшелеріне жұқтырғаны анықталды. Міне, осындай 4 адамнан 17 адамға коронавирус жұқты, - дейді Батыс Қазақстан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы Мұхамғали Арыспаев.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 25 мамыр күні өңірдегі карантин режімі 15 маусымға дейін ұзартылды.

- Біз маусымның 20-сынан бастап кейбір нысандардың жұмысын жандандыру үшін карантин режімін жеңілдеткен болатынбыз. Мысалы, Орал қаласындағы саябақтар, автобус бағыттарын ашылды, кейбір жұмыс нысандары, адвокаттық кеңселер, екінші деңгейдегі банктер кейбір шектеулермен жұмысына кірісті. Аумағы 2 мың шаршы метрге дейінгі сауда орындары мен базарлар ашылды. Ашық алаңдағы жазғы кафелер ашылды. Бірақ қазір қоғамдық көліктерде, базарларда ел-жұрттың қауіпсіздік шарасын ұмытып, бетперде тақпай, ара қашықтықты сақтамай жүргенін байқап отырмыз. Егер бұлай бола берсе, кейбір автобус маршруттарын, ауда орындарын қайта жауып тастайтынымызды олардың басшыларына ескерттік, - дейді М.Арыспаев.

Көп адам жиналатын жиынның бірі – ауылдағы жаназа болып тұр. Бас санитар дәрігердің айтуынша, Шыңғырлау және Сырым ауданында осындай оқиға тіркелген.

- Сырым ауданында бір адам салақтығының, жауапсыздығының кесірінен өз отбасындағы екі адамға, бір аурухана қызметкеріне вирус жұқтырды. Қазір бүкіл аудан аумағында карантин режімі жарияланды. Шыңғырлау ауданындағы оқиғаны да қазір біздің мамандар тексеріп жатыр. Ол ауданда індет жұқтырған бір адам тіркелген. Сондықтан, бірдің кесірі мыңға тимесін десек, сақтық шараларын сақтайық, көп адам жиналатын жерге бармайық. Жалпы, карантин кезіндегі ең бірінші шарт – арақашықтықты ұстау. Көпшілік жерге бармай керек. Ауызашарға көп жиналды. Менің сұрайтыным, үлкен жиындарға бармаңыз, өзіңіз көп адамды жинап, шақырмаңыз. Өзімізді өзіміз сақтайық. Сонда ғана қалыпты өмірге тезірек ораламыз, - дейді Мұхамғали Арыспаев.

 

Батыс Қазақстан