Облыста 10 миллион 802 мың гектар ауылшаруашылық жері бар. Осыншама территория тиімді пайдаланылып отыр ма? Өткен жылы 1,5 миллион гектар алқаптың бос жатқаны анықталды. 234 мың гектар жыртылған жер қурай өсіп, құлазып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңестің отырысында «Жерді игере алатын адам ғана оның иесі болуға лайық» деп атап көрсеткен болатын.
Бүгінде жердің тиімсіз пайдаланылып жатқанын анықтау өте қиын. Сондықтан ел Президентінің пікірінде айтылғандай, ауыл шаруашылығы жерін пайдалануды мемлекеттік бақылау заманауи технологиялар арқылы жүргізілгені абзал. Шынында да ғарыштық суреттер меншігіне алған ұлан-ғайыр жерін кәдеге асырмай, не өзіне, не елге пайда әкелмей отырған жер иесімен шартты бұзуға мүмкіндік берер еді.
Бір кезде егін егіп, ауыл тұрғындарының сауатсыздығы салдарынан жерді кепілге қойып, несие алу мысалы аз емес. Ел ішіндегі жер дауы көбіне осындай заң аясында жұмыс істемегендіктен, мәселенің оң-терісін әріден ойластырмағандықтан туындайды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары кеңшарлар мен ұжымшарлар таратылған соң өз алдына шаруашылық құрып, егін шаруашылығымен айналысуға ұмтылғандар көп болды. Азын-аулақ жерге ие болғандар да солар. Бірақ көктен тілегені жерден өнбей, жүздің бірі ғана өтпелі кезеңнің өкпек желіне шыдап қалды. Қалғандары бұл тараптан бәтуалы нәтиже шығара алмаған соң тарап кетті. Әрине оларды кінәлаудан аулақпыз. Солтүстік өңірде егін шаруашылығы тәуекелді іс. Егін мол шыққан жылы бидай бағасы арзан болып, қуаңшылық жылдары астық бағасы қымбат болғанымен – қамбаға түскен бидайы аз болып шаруашылығын қожыратып алғандар көп. Кейін банкте кепілдікте тұрған жерді не ауыл тұрғындары, не бұрынғы иесі пайдалана алмай, ақыр аяғында арамшөп басып кетті. Бұл бір күрмеуі қиын жай болып тұр.
Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану өте маңызды. Пандемиядан кейін елді азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі өткірлене түсуі де мүмкін. Сондықтан ата-бабамыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен кейінгі ұрпағына мұра етіп қалдырған Жер-Ананың ырысын толайым ала білсекші. Нағыз байлық, ел ырысы осында. Солтүстік өңірдің жері құнарлы екені әлмисақтан мәлім. Тек сол жердің пайдасын түгел көре алмай отырғанымыз өте өкінішті.
– Бос жатқан жерлер облыс бойынша анықталғаннан кейін аудандық әкімдіктер бұл тараптағы жұмысын сәл жетілдіре түсті, – дейді облыстық жерді пайдалану мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Ерғали Шорин. – Әйтсе де әлі оралымсыздықтың орны ойсырап тұр. Пайдаланылмайтын жерлерді мемлекетке қайтару, оны айналымға жіберу жұмыстарын әлі де ширата түсу қажет.
Бұл орайда Атбасар, Целиноград, Бурабай аудандары мен Степногор қаласында халыққа бос жатқан жерлерді игеру бойынша жүргізілген түсіндіру жұмыстары біршама оң нәтиже берген. Қазіргі таңда бірқатар ауданда бос жатқан жерлерді анықтау бойынша қолға алынған жұмыс веб-портал арқылы жүргізілуде. Дегенмен, жердің тиімді игерілуіне тексеріс жүргізуге жарияланған мораторий ғана қолбайлау болып отыр.
Жер қатынастары саласында ауыл шаруашылығы алқаптарын есепке алу, жерді халыққа жеке мақсаттарына пайдалануға беруге ерекше көңіл бөлінуде. Бұл жай Мемлекет басшысының да бақылауында екендігін екпін түсіріп айта кеткен ләзім. Мәселен, облыста ауыл шаруашылығы мақсатында 11 миллионға жуық жер бар екенін айттық. Соның ішінде бүгінгі күні 10 миллион 356 мың гектары ғана Qoldau.kz порталында есепке алыныпты. Бұл нені білдіреді? Бос жатқан, игерілмеген жерлер әлі де бар деген сөз емес пе?
Енді мына бір қисынсыз жайға көңіл аударып көрелік. Осыншама алқап тусырап бос жатқанда қолындағы азын-аулақ мал сүмесімен күн көріп отырған жергілікті халық үшін пайдаланылатын жайылымдық және шабындық жер жоқтың қасы. Облыстағы 617 ауылдық жердің 459-ында мал жаюға арналған жайылым жоқ десе де болады. Сонда ауыл тұрғындары қайтып күн көрмек? Мал өнімдерін өткізе алмай, бейнетін көргенімен, зейнетіне қолы жетпей отырған малсақ қауым қайтпек? Мұндай келеңсіздік неден туындап отыр? Барлық жерде орын алып отырған келеңсіз көрініс мынандай. Ауылдық аймақтардағы бос жатқан жерлерді белгілі бір адамдар кәсіп бастамақшы болып алып, өздерінің атына түсіргеннен кейін әлдебір себептермен жұмыстары жүрмей қалған. Енді ол жерде не шөп шабылмайды, не мал бағылмайды. Ешбір пайдасы жоқ жер иеленушілердің меншігіндегі жерді егер бірнеше жыл бойы кәдеге асыра алмай келе жатса, мемлекеттің меншігіне неге қайтарып алмасқа.
Сондай-ақ ел Президенті «Жерді игермегені үшін базалық салықтық мөлшерлемені оннан жиырма есеге дейін ұлғайту керек деп есептеймін. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жерін екі жылдан астам уақыт бойы пайдаланбағаны үшін жерді алу қажеттілігі бар. Сонымен бірге жерді сот арқылы алып қоюдың тиімді және жедел тетіктерін қарастыру маңызды. Игерілмей жатқан жер телімін қайтарып алу кезінде істі созбаламға салудың түрлі амал-айласы өкінішке орай орын алады», деген болатын. Шынтуайтында текке жатқан жер, кәдеге аспай жатқан байлық – ел игілігі емес пе?!
Бұл пікір өткен жылы айтылған болатын. Енді мына бір дерекке көңіл аударыңыз. 2019 жылы облыстық прокуратура тексеру жүргізген кезде анықтаған бір жарым миллион гектар жердің 764,3 мың гектары ғана қайтадан пайдаланыла бастады. Оның өзінде де 603 мың гектары мал жайылымы есебінде.
Жайылым ауқымы кеңейсе, ауыл тұрғындары мал басын көбейтер еді. Оның арғы жағында тағы бір сойылдай мәселе бар. Егер ауыл халқы төрт түлігін төлінен өсіріп, басын көбейтіп, өнімін молайтса ешкімге қол жаймас еді. Оңынан оңғарылған шаруа азық-түлік қауіпсіздігіне де тәп-тәуір ықпал етпей ме?
– Зеренді аудан орталығы болғандықтан мал жайылымы қашаннан бар мәселе, – дейді ауыл тұрғыны Қанат Әлжапаров. – Жол бойында баға алмайсыз, демалыс аймақтарына кіргізбейді. Егер шабындық жер болса, жайылымнан таршылық көрмесек, мал бағуға әбден болар еді. Қазір тұрғындардың көпшілігі дүкендерде сатылатын ұнтақ сүтті ішіп жүр. Егер әр отбасы бірер сиыр ұстауға мүмкіндік алса, экологиялық жағынан таза аққа қарық болар еді, сүт өнімдері де молаяр еді. Әттең, осы мәселе шешімін таппай тұр. Жер-Ананың игілігін ұқыпты әрі тиімді пайдалансақ, Алаштың ақ дастарқаны адал дәмнен қайысып тұрар еді.
Ақмола облысы