Еліміздегі шаруалардың басым бөлігі өсімдік шаруашылығымен шұғылданады. Ал жұмысы ауыр, өсімі баяу мал шаруашылығымен айналысатындардың қатары сиреген. Басты мәселе – баяғы мемлекеттен тиер көмектің тиесілі жеріне жетпеуі.
Редакциямызға Қазақстан фермерлер одағының президенті Жигули Дайрабаевтан хат келді. Хаттың жалпы мазмұнында қазіргі күрделі кезеңдегі шаруалардың жай-күйі мен жанайқайы айтылыпты.
Ауыл шаруашылығы өндірісінің негізгі буыны фермерлік шаруа қожалықтары екені белгілі. Оның дамуының нәтижесінде мемлекет бір мезгілде екі міндеттен құтыла алады. Біріншісі – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету болса, екіншісі – экспорттың әлеуетін арттыру. Былайша айтқанда, бір оқпен екі қоянды атып, өкшелеп келе жатқан экономикалық дағдарыстан құтылуға сеп. Алайда өнімділік көрсеткішінің төмендігі шаруашылықтардың шығынын жабуға жетпей отыр. Шаруа қожалықтарының қалтасы жұқарған сайын саны да күннен күнге кеміп барады. «Баяғы, баяғы Байқожаның таяғы» дегендей, себеп – қолжетімді несиеге қолдың жетпеуі. Аталмыш хатта Ж.Дайрабаев осы бір түйткілді мәселенің әлі де маңыздылығын жоғалтпағанын жеткізген.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамына нақты адресті көмек жасау керек деп айтқанымен, сол көмек «ҚазАгроның» тарапынан болмай тұр. Олар өзінің майлы жілігінен айрылмаудың амалын ойлайды. Осындай күрделі кезеңде талаптарды жеңілдетіп, несиені әрбір шаруаға қолжетімді етуі керек. Оны ең арзан бағамен, ұзақ мерзімге беруі тиіс емес пе? Кепілдік несие саясатын, жалпы ауыл шаруашылығын қаржыландыру саясатын түбегейлі өзгертпесе, мұндағы түйткілді мәселе шешімін таппайды. Ауыл шаруашылығы қашанғы жетім баланың күйін кешеді, – дейді Фермерлер одағының басшысы.
Хатта айтылғандай өз меншігіндегі материалдық және қаржы құралының жетіспеуі, материалдық-техникалық және жем-шөп базасының нашарлығы бизнес өкілдерінің бас ауруына айналғанына көп болды. Ескірген технологияны пайдалануды әдетке айналдырған шаруалардың жұмысының ілгерлемеуі де содан. Осындай олқылықтардың кесірінен ауыл шаруашылығы дақылдары мен мал шаруашылығының өнімділігі көршілес елдерге қарағанда анағұрлым төмен.
Ж.Дайрабаев хатта «ЕС АГРО» шаруа қожалығының иесі Татьяна Еринойдың «ҚазАгро» мекемесінің несиелік саясатына қарсылығы туралы пікірін мысалға алған.
– Банкте ешқандай қарызым жоқ. Оның үстіне бұған дейінгі несиемді кешіктірген емеспін. Мемлекет 30 млн теңгенің затын кепілдікке қойғанның өзінде 10 млн ғана несие берді. Құжаттарымды реттеп жібердім, бірақ қаржы әлі есепшотыма түскен жоқ. Былтыр бізге дизель отынын сатып алу үшін шамамен 2 млн теңге қажет болды. Aуыл шаруашылығын несиелендіру корпарациясы қосымша қауіпсіздік жарнасын сұрады. Бізде жеделдетілген кепілдік болмағандықтан, әкем 12 млн теңге тұратын дүкенінің құжатын тапсырды. 2 млн несие үшін – 12 млн кепіл. Бұл шаруаларға сенімсіздік таныту ма сонда, – депті кәсіпкер.
Хатта өз шығынын өтей алмай отырғандардың бірі – Меркі ауданына қарасты «Совет» шаруа қожалығы көрсетілген. Қожалық жылыжайға зәру. Өнімнің көлемімен өлшейтін болсақ, 300 тонна алма сақтайтын жылыжайды салу үшін 28 млн теңге қажет екен. Бақтағы өнім қысқа жетпей шірігенінің себебі – алма сақтайтын орынның болмауы. Ал Үкімет беретін субсидияның мөлшері 1 мың тоннадан басталады. Енді еңсесін тіктеп келе жатқан ұсақ шаруа қожалықтарына бұл өте үлкен соққы. Бұл елдегі шағын және орта бизнес өкілдерінің барлығының мұң-зары.
Біз осы ретте Меркі ауданының фермерлер одағының төрағасы Совет Қалмамбетовке хабарласып, мән-жайды сұрадық. Ол қожалықтар делдалдардың шарттарына амалсыз көнетінін айтты.
– Пайданың көбін алыпсатарлар көреді. Бағаны реттейтін де солар. Содан кейін шаруаларды қатты ойландыратын – сақтандыру компаниясы. Осы сақтандыру компаниясының кызметіне Ауыл шаруашылығы министрі көңіл бөлсе екен дейміз. Жеміс-жидекке қолданылатын тыңайтқыштарға субсидия неге төленбейді? Өнім жақсы болуы үшін тамшылатып суару технологиясын пайдалану қажет. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Бірақ тағы да мемлекет бағдарламасында жер асты суын пайдалану қарастырылмаған, – дейді ол.
Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек былтыр мал шаруашылығы өнімі 4%-ға артқанымен, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарының құрылымын әртараптандырылғанына қарамастан өсімдік шаруашылығы өнімі 1,7%-ға азайған. Жыл сайын саланы дамытуға мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлінгенімен, ішкі нарықты өз өнімімізбен толықтай қамти алмай отырмыз. Себебі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне беріліп жатқан субсидиялар мен несиелер негізінен ірі шаруа қожалықтарына ғана тиеді.
Осы шетін мәселелердің шешімін табу үшін «Алқаптан сөреге дейін» ауылдардағы кооперациялық тізбекті дамыту жөніндегі қанатқақты жобасы қолға алынған болатын. Алайда оны жүзеге асыру механизмі әлсіз. Өңір басшыларының осы мәселеге келгенде әңгімесі өзгеріп шыға келетін көрінеді.
– Республикалық бюджеттен «Еңбек» бағдарламасы бойынша «Тараз» ӘКК» АҚ арқылы жылдық 2,5%-бен 7,2 млрд теңге көлемінде несие беріліп жатыр. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін қажетті техникамен және жабдықтармен қамтамасыз ету үшін 1,38 млрд теңгеге 192 бірлік әртүрлі техника сатып алынды. Нәтижесінде, республикада бірінші рет іске асырылып жатқан қанатқақты жоба ауылдағы халықтың табысын арттыруға, өзін-өзі жұмыспен қамтуға, ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін 4,3 млрд теңгеден 9,3 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіншілік береді. Осындай бастамалар, Алматы, Түркістан, Батыс Қазақстан облыстарында өз жалғасын табуда. Жамбыл облысының қанатқақты бастамасын басқа өңірлерде жалғастырса игі еді, – деп хатын түйіндеді Ж.Дайрабаев.