• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 27 Мамыр, 2020

Жаз шықпай-ақ қурай бастады

531 рет
көрсетілді

Ақтөбе секілді жыл сайын өсіп-өркендеп келе жатқан қаланың бір кемшін тұсы бар. Бұл тал-теректердің аздығы, барының өзі көкке бой созып өсе алмауы. Ағаш – қаланың өкпесі, оның тынысын кеңейтетін ағзасы. Салыстырмалы түрде қарастырғанда Ақтөбе қаласының экологиялық жағдайы төмен десек шындықтан алшақ кетпейміз.

Мұнда өндірістік кәсіпорын­дар­дан шығатын зиянды қалдықтар қаланың тынысын тарылта түсуде. Ал ағаш өсіру облыс орталығында күрделі күйінде қалып келеді.

Әрине бұл тұрғыда жасалған жоспар да, тіпті ықылас пен ниет те бар. Оны жоққа шығару қиын-ақ. Соған қарамастан қаланы жасыл желекке орау жөніндегі мәселелер тиісті нәтиже бере алмай жүр. Оның басты себебі – көгалдандыру жұмыстарының қыры мен сырын жетік білетін кәсіби мамандардың жеткіліксіздігі және осы мәселе бойынша келісімшарт жасалған мекеме-кәсіпорын ұжымдары жауапкершілігінің төмендігі десек болады.

Бүгінгі күнге дейін жергілікті атқарушы органдардың аталған кәсіпорындармен жасаған келісім­шарт­тарының мерзімі тек бір жыл­ға есептеліп келгені мәлім. Бұл қысқа кезең тәжірибеде өзін өзі ақтай алмай, оның уақытын үш жылға дейін ұзарту жөнінде шешім қа­былданған. Бұл өзгеріс тал-терек­терді суаратын әрі оны күтіп-бап­тайтын кәсіпорындардың іс-қи­мылдарын ширата алса жақсы! Ал бұлай болмаса ше?

Ақтөбе қаласында егілген талдар мен көшеттердің тамыры тез суалуының тағы бір себебі – оны суа­ру ісіндегі ала-құлалықтар. Бұл жағдай оған ылғал мен судың жетіспеуіне әкеліп соқтырған еді. Осы олқылық пен үстірттікті жою үшін соңғы кездері Ақтөбе қаласында тамшылатып суару әдістері пайдаланыла бастады. Бұл тәсіл суды үнемдеп жұмсауға оң әсерін тигізбек. Аталған істі атқару үшін бұған қала бюджетінен арнайы қаражат та бөлінген екен. Әрі бұл бағыттағы жұмыстарды жүргізетін мердігер мекемелер де анықталыпты.

Жөн-ақ. Міне, биылғы көктем­нің соңғы айы, мамыр да аяқталып, жаз мезгілі де жақындап келеді. Соған қарамастан жоғарыда ай­тыл­­ғандай, келісімшарт жасал­ған мекемелердің қарқынды іс-қи­мылдары байқала бер­мей­ті­ні өкі­нішті-ақ. Бұл бағытта бір сылбырлық пен енжарлық бар екені айқын. Бұл тұжырымымыздың басты мысалы бірқатар саябаққа егілген тал-теректердің күтімсіз тұрғаны. Оның белгілі бір бөлігінің жаз шықпай жатып қурай бастағаны деуге болады. Мұндай көрініс әсі­ре­се қаладағы «Орынбор» сая­ба­ғында көп кездесетінін қала тұр­ғын­дары қынжыла айтып жүр. Бұл мәселе жергілікті телеарнада тікелей өткізілген эфирде Ақтөбе қала­сының әкімі Асхат Шахаровқа да қойылды.

– Қала көшелері мен саябақ­тар­да егілгін тал-теректерді суару жөнінде тұрғындарды алаңдатып жүр­­ген мәселе орынды деп са­най­­мыз. Осыған байланысты бұл көрініс су ресурстарының жет­кі­ліксіздігінен, оны тасымал­дап жеткізу ісінде бірқатар кемші­лік­­тердің орын алуы салдарынан еке­нін айтқым келеді. Қазіргі кезде қалада тез шешімін табуды қажет ете­тін он саябақтың тізімі жасал­ды. Оның ішінде «Орынбор» саябағы да бар. Сондықтан бұл мәселе алдағы уақытта тікелей бақы­ла­уы­мыз­да болмақ, – деп жауап қатты қала әкімі.

Уәде – құдай сөзі. Соңғы кезде Ақтөбені жасыл қалаға айналдыру жөніндегі жобалар тиісті нәтижесін берсе игі.

 

АҚТӨБЕ