Облыста коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 147 адамға жетті. Індеттің күрт өсуі тұрғындардың карантин режимін сақтамауы салдарынан дейді мамандар.
Мамыр айының басында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде төтенше жағдай аяқталғанын, алайда карантин режимінің талаптары жалғасатынын мәлімдеген болатын. Осыдан кейін халық жайбарақат күйге түскен тәрізді. Қаулыға сәйкес адамдар көп шоғырланған жерлерде, қоғамдық орындарда, қоғамды көліктерде маска киіп жүру міндеттелген. Адамдар көп шоғырланатын орын – базар. Сөре жағалаған аларман да, саудагерлердің өздері де карантин талаптарын сақтауға құлықсыз. Қоғамдық көліктің ішіне топырлап кірген адамдардың да маска киюді қажетсінбейтіні байқалады.
Қалыпты өмірге толық көшіп, карантиндік мерзім аяқталуы үшін өсім 2 процентке жетуі тиіс. Бүгінде облыста індет жұқтырғандар саны 147-ге жетіп, көрсеткіш 5 проценттен асқан. Бұл – тұрғындар тарапынан туындаған салғырттықтың салдары болуы әбден ықтимал.
– Қаулыға сәйкес адамдарға далада жүру үшін уақыт шектеуі алынып тасталды. Қоғамдық көліктер де қалыпты жүре бастады. Мамырдың 25-інен бастап облыс ішіндегі жол қатынастары ашылды. Адамдар көп шоғырланған жерде, кеңселерде, қоғамдық көлік ішінде жүргізуші де,жолаушы да маска киюі тиіс. Және базар, сауда орталықтарында сатушы да, сатып алушы да маскада болуы міндетті. Ал егер талаптар бұзылса, аталмыш мекеме басшылығы жауап береді,–дейді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина.
Жаз уақытында адамдардың үйде отыруы да қиын. Соған орай, эпидемиолог мамандар үш адамнан артық жинала қалған жағдайда маска киюді ұсынады. Алдағы уақытта жазғы демалыстар басталып, тұрғындар жағажайға, орман ішіне ағылатыны белгілі.