Сонау ерте шағында өмірден қорлық көріп күйінгенде: «Тырсылдаған көздің жасын, Тоқтататын не амал бар. Қор боп өткен қайран басым, Қашан ғана жоғалар...» – деп тотияйын жалағандай, тілін күйдіре жазғанымен, бақытты ақын болып ел көзінде қалған еді...
Қостанайдың облыстық газетінде табан аудармай жиырма екі жыл көз майын тауысып, қалам сорып, ащы терге малшынып қызмет еткен жалынды күндерім есіме түссе жүрек тұсым кәдімгідей ып-ыссы боп, сағыныш сезім тұла бойды шарпып кетеді. Бал арасынша ләззаттана жинаған рухани игілік, жылдар өте келе көзі бітелудің орнына, тұма бұлақтай асаулана бұлқынып, көкірек көмбесінен молынан қарпуға ынтықтыра тартады екен...
Иә, сондай қазыналы қамбадан сәті түсіп, ақтарылған мына бір суыртпақ сыр, бәлі, ұзақ жылдар тербеліп, иі қанып, күні жеткендей боп, күмбірлей құйылған еді. Әттең, бірақ тұтастай құмарлы қызық емес екен, жүректе беріштене түскен қайғы-мұңның қатпарлы қырғышының қылпа жүзіндегі шер-налалы, шерменде запыраны іспетті-ау, сірә!..
...Сонымен, Қостанайдағы шығармашылық күндердің жылыстанып жатқан беймаза шағы – өткен ғасырдың сексенінші жылдарының орта шені болатын.
Ақ дастарқан басында Мәриям Хакімжановамен қатар отырамыз деп кім ойлаған? Сәті солай болыпты. Көрші-дос, белгілі дәрігер Есентемір Әбдікәрімовтің шаңырағындағы уызы меймілдеген осы жүздесу сәті «мен– тарих тегеріші» дегендей, сырт-сырт етіп, байқаусыз сырғып жатыр еді.
Үлкен ақыннан не сұрай қоясыз, жөппелдемеде. Сөзге қосылуға да жүрексініп, тағаланбаған аттай тайғанақтай бересің. Есен-саулықты кірме есіктің жақтауындағы сәкіде шаршаңқы, болдырыңқырап отырған Мәриям ападан сұрап-біліскенбіз. Қанша дегенмен, сексен сеңгірі селкілдетпей қоймайды екен-ау. Әлде жүрек тұсы, әлде толысқан дененің икемге көнбей, ауыртпалық салуы ма екен, бір шуыл, демікпе алқыныс, жиі керілген кеуде сырылы естіліп қалады. Бақсақ, әлгінде жеңіл көліктен түскенін ауырлап қалғаны байқалады әзіз жанның. «Өлең шаршатып, салдырағаны ма?» деген күдік серпілді. Сөйтсек, Өлеңді бұл кісі сүйреп жүрмепті, Өлең апамызды жетелеп келе жатқандай екен... Дәтке қуат! Мәриям апа өлеңінің құдіретін білеміз ғой. Оның өлең-моторы әлеуетті күшке ие. «Өзім өлмей отты өлеңім өлмейді», деп шабытымен анттасқан ол өлеңімен өрге өрлеп келеді.
Қадірлі мейманымызды жоғарғы қабатқа бастап көтерілдік. Апай әр баспалдақты қиналып аттайды. Бір, екі, үш... тоқтап, сәл тыныс алады. Ентігін басады. Толық балтырының тамыры білеуленіп, кейбір тұсы шорланып, жарылардай боп көкбұжырланып тырсиып тұр. Сыздап, шыдатпайтындай. «Солқылдатып, әкетіп барады-ау!» дейді де ернін қымқыра тістелеп, қайыра аттайды. Бір, екі, үш... Алдағы Есентемір апайдың оң қолынан тас қып ұстап алған. Бір жағы соған тартылып, екінші жағы сол қолымен басқыштың ернеу ағашын сырғыта, сығымдай саумалап әр қадамын санап, зорлана ұмтылады. Мен болсам, апайдың ауырлау денесінің салмағын сәл-пәл қалай жеңілдетем деп, біресе алға лақша секіріп, баспалдақты мегзегендей боламын да, енді бірде соңында қалыңқырап, қай жерінен ұстап, демерімді білмей сасқалақтап, амалсыз ернеу ағашты мытып қысқан сол қолының білегінен көтере, итермелеймін. Мұныма қолайсызданып «шырағым, өзім-өзім», дейді апай әлсіздеу үнмен. Міне, қалтасынан қол орамалын алып, жіпсіген маңдайына сырғытты. «Уһ, қанша қалды?» Қарасұрлау жүзінен моншақтап білінген терін алақанымен сыдырып тастаған Есентемір дым демейді. Шарасызданып, танауының желбезегі қусырылып, көзі аларыңқырап кеткен. Апай келесі басқышқа ұмсына беріп еді, Есентемір троспен тартқандай етіп, оң қолынан тағы жебеңкірей жылжыды. Бұл жолы мен әлсіреген апай аяғы тайып, шалқалай құлап кетпесін дегендей сақтықпен иығымды қырындай қалқалап, артынан ілбіп келемін. Есентемір «барсың ба, ей!» деп қояды. Жауабым – жай ғана жөткіріну. «Қостанай горисполкомы қазақтарға не бірінші, не жоғарғы қабатты береді», дейді Есентемір әлдекімге шағымданғандай болып. «Апайдың сенің үйіңе қонаққа шақырылғанын білмеген ғой, әйтпесе, осы қаланың құрметті азаматы ретінде лифт орната қояр еді-ау», деп әзілдеген болам. Бұл сөзім апайдың құлағына жақты білем, жылжымай, қалт тұрып қалды. Шынында да лифт күтіп тұрғандай жайланып, ағыл-тегіл те