• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Парламент 27 Мамыр, 2020

Нұрлан Нығматулин: Авариялық-құтқару қызметі аттестациялануы керек

133 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның кезекті жалпы отырысында өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелеріне қатысты заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Құжатты талқылау барысында депутаттар өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы авариялық-құтқару жұмыстарына дайындық және бақылау мәселелеріне ерекше назар аударып, аттестаттау мен мемлекеттік бақылауды енгізуді ұсынды. Соның ішінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін авариялық-құтқару қызметтерінің аттестацияланбайтыны назарға алынды.

– Шынын  айтқанда, өмірге қауіпті өндірістік орындары –  тау-кен металлургия, мұнай-газ кешенінің кәсіпорындарында және экономиканың басқа салаларындағы кәсіпорындарда аттестаттан өтпеген құтқарушылар жұмыс істеп жатуы мүмкін. Оған  жол беруге болмайды. Осы заң жобасын қабылдағаннан кейін апат салдарынан жарақат алу мен зиян келтіру ықтималдығы төмендетілуі қажет. Ол үшін авариялық-құтқару қызметінің қызметкерлері тиісті дайындықтан өтіп және аттестациялануы керек, – деді Нұрлан Нығматулин.

Сонымен қатар әлеуметтік инфрақұрылым объектілері – қазандықтарға, лифтілерге, эскалаторларға да ерекше мән берілді. Мәжіліс Төрағасы әкімдіктермен бірге тұрғын үй инспекциясын құрып, мемлекеттік инспекторлардың ресми мәртебесін заң талаптарына сәйкес келтіріп, біліктілік, жұмыс жүктемесі және тағы басқа мәселелерді шешуге тоқталды.

Жалпы заң жобасы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама нормаларын жетілдіруге, бизнеске әкімшілік қысымды азайтуға, қауіпті объектілерде мемлекеттік қадағалауды жүзеге асырудың тиімділігін арттыруға, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыс жүргізу құқығына аттестатталған және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсынатын ұйымдардың қызметін реттеуге, сондай-ақ қолданыстағы заңнамадағы заңнамалық олқылықтар мен коллизияларды жоюға бағытталған.