• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Мамыр, 2020

Оқу жылы қорытындыланып, ҰБТ-ның жай-күйі анықталды

289 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың басшылығымен болған әкімдіктің отырысында оқу жылы қорытылып, соның ішінде алыстан оқытудың аяқталғандығы және ендігі кезекте тұрған ҰБТ-ны жоғары сапада өткізу мәселелері талқыланды.

Онлайн оқыту дегеннің өзі білім беру саласына қатысты барлық тараптарға - соның ішінде мұғалімдер, ата-аналар мен оқушылардың бәріне үлкен сынақ болды. Мұндайды еңсеру бәрінің бірдей қолдарынан келмейтіндігі көрінді. Аз қамтылған отбасыларда компьютерлер де жоқ екен. Жергілікті билік осындай 580 отбасына компьютер әперуге мәжбүр болды.

Алайда онлайн оқыту барысында бірқатар оң нәтижелерге қол жеткізілгендігі де анықталды. Мәселен, аймақта қазір мұғалімдердің жетіспейтіндігі жоғалған екен.  Осыдан үш жыл бұрын 737 мұғалім жетіспейді деген дабыл көтерілген еді. Қазір бос вакансия да қалмаған. Бұл сала басшылығының ұтымды жұмыс істей білгендігінің көрінісі.

Қазір білім саласының материалдық-техникалық ахуалы да арта түскен. Тек былтыр ғана саланың 142 нысаны жөндеуден өткен. Соның ішінде жылу жүйесінің жақсаруына ерекше назар аударылды. Солтүстіктің суығында мектеп жылы болмаса білім беру түгілі баланың денсаулығын сақтауға да мүмкіндік болмайды. Әйтеуір, былтыр сынып бөлмелерінің жылы болғандығының арқасында оқушылардың суықтан тұмауратып қалу, сөйтіп сабаққа келе алмауы  алдындағы жылға қарағанда 41 пайызға азайыпты. Ал биыл мектептерді жөндеуге тағы да 5 млрд.теңге бөлінген.

Сонымен бірге жастардың оқу іздеп сыртқа ағылуы да азайғандығы айтылды. Мәселен, 2017 жылы еліміздің ЖОО-ларына 1390 түлек түскен болса, былтыр 1854 жас өз Отанындағы оқу орындарына түскен. Соның ішінде жергілікті, Манаш Қозыбаев атындағы СҚО университетіне түскендер саны 30 пайызға артқан.

Отырыстағы сөзінде өңір басшысы енді ҰБТ-ны ұтымды өткізу мәселелеріне назар аударды. «ҰБТ-ны сылтауратып балаларға тексеріс қоқынышын тудырмау керек. Кейбір қатаң тексерістер балаларды алаңдатып, білгенін ұмытып қалатын жағдайлар тудыруы мүмкін. Сондықтан бұл мәселеде барынша сыпайылық керек, ешкімнің жанын жаралай көрмеңіздер», деді Құмар Ақсақалов.

 

Солтүстік Қазақстан облысы