Атырауда дәл бұлай болар деп кім ойлаған? Қазір бұл өңірде жаһан жұрты шоқ басқандай үрейленіп, атын айтуға қорқатын қауіпті індет өршіп тұр. Әсіресе мол мұнайымен әлемге әйгіленген Теңіз кенішінде тіркелуі тоқтар емес. Өңірлік жедел штабтың дерегіне сүйенсек, 26 мамырда Атырауда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 923 адамға жетті. Оның ішінде 809 пациент – Теңіз кенішінің жұмысшылары. Ал Атырау қаласында – 75, Жылыой ауданында – 17, Құрманғазыда – 8, Мақатта – 7, Исатайда – 5, Махамбетте – 1 және Индер ауданында 1 дерек тіркелген. Науқастардың арасынан әзірге 233 адам ғана қауіпті індеттен жазылып шыққан.
Рас, Атырауда коронавирустың таралуын тоқтату үшін сақтық шаралары қолға алынып-ақ жатыр. Карантин мерзімі 8 маусымға дейін ұзартылып, тұрғындардың түнгі сағат 23:00-ден таңғы сағат 6:00-ге дейін жүруіне шектеу қойылды. Дәрігерлер, әсіресе облыстық жедел жәрдем стансасы мен №2 инфекциялық аурухананың ұжымы отбасына бармастан күні-түні індетпен арпалысып жатыр. Қазір қауіпті індетпен күреске 650 медицина қызметкері тартылып отыр. Ал Теңіз кен орнындағы мердігер мекемелердің жұмысшыларын тұрғылықты мекенжайына жеткізу қолға алынды. «Теңізшевройл» ЖШС үкіметпен және жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиевтың айтуынша, наурыз айынан бері кен орнынан 18,5 мың жұмысшы шығарылған.
– Теңіз кенішінен жұмысшыларды шығару үшін 40-тан астам коммерциялық әуе рейсі, «Теңізшевройлдың» «Dash 8» ұшағымен 211 арнайы рейс ұйымдастырылды. Сондай-ақ олар мекенжайларына автобуспен (170) және темір жол тасымалымен (16 пойыз) жеткізілді, – деді Рзабек Артығалиев.
Оның мәлім етуінше, жұмысшылардың 90 пайызында індет симптомсыз болғаны анықталған. Теңіз кен орнында ПТР талдауларының саны 8 мыңнан асты. Орташа есеппен күн сайын 400-ге жуық талдау жасалады. Бұл тәсіл арқылы науқастармен байланысқан тұлғаларды анықтау статистикаға айтарлықтай әсер еткен. «Нәтижесінде, коронавирус бойынша оң нәтижелер санының өсуін көрсеткен. Жаппай сынақтар жүргізу барысында вирус белгілері жоқ адамдарда да індет табылып отыр.
«Теңізшевройл» мен мердігер ұйымдар санитарлық-эпидемиологиялық қызметпен бірге нұсқауларға сәйкес тестілерді жинау, індет жұқтырған адамдарды анықтау, жеке адамдарды оқшаулау бойынша іс-шараларды жалғастыра береді. Теңіз кен орнындағы инфекциялық стационар коронавирус инфекциясының жұмсақ және симптомсыз түрімен ауыратын науқастарды қабылдайды. Мұнда, арнайы қабылданған хаттамаларға сәйкес 376 адам ем қабылдап жатыр. Сондай-ақ оқшаулау, әлеуметтік қашықтық, бетперде кию, жеке гигиеналық шаралар қатаң сақталған.
– Біз барлық мердігер мен олардың қызметкерлерінен осы шараларды орындауды сұраймыз. Олай болмаған жағдайда, келісімшарттар мен еңбек шарттарын бұзуға дейін баратын қатаң шаралар қолданылады. ТШО-ның қауіпсіздік қызметі Жылыой ауданының әкімдігімен, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау және полиция департаменттерімен бірлесіп, Теңіздегі ауысымдық лагерлерде осы стандарттардың орындалуын үнемі қадағалап отырады, – деді Р.Артығалиев.
Бірақ «Теңізшевройл» ЖШС басшылығы вахталық тәсілмен еңбек ететін қызметкерлердің коронавирус инфекциясына байланысты жұмысқа шыға алмағанына қарамастан, олардың жалақысы толық сақталатынына сендіріп отыр. Ал кен орнындағы вахталық жұмысы мерзімінен асқан жұмысшылардың жалақысына 1,5 коэффициент қосылады екен.
Бас менеджер Рзабек Артығалиевтың айтуынша, Атырау облысында індеттің қоғамдық ортада таралмауы үшін көмек ретінде 4,6 млн доллар бөлді. Сондай-ақ наурыз айында жалпы құны 1,3 млрд теңгеге бағаланған медициналық құралдар мен жабдықтарды сатып алып, тиісті орындарға тарту етті. Бұл – медицина қызметкерлеріне арналған бір реттік костюмдер, бетперде, респираторлар, реанимациялық және респираторлық құрылғылар, екі жедел жәрдем көлігі, тепловизорлар, зарарсыздандыру құралдары және биологиялық материалдарды тасымалдайтын арнайы контейнерлер. Ал «Ұлттық сараптау орталығының» Атырау филиалына COVID-19 вирусын анықтайтын құрылғы мен тестілеуге қажетті материалдар жеткізілді. Орталыққа қайтарымсыз тарту етілген құрылғының құны 500 млн теңге тұрады.
– Әлеуметтік жауапкершілік – ТШО-ның қабылдайтын шешімдерінің ішіндегі маңызды қағидаларының бірі. Кез келген кәсіпорын үшін қалыпты жұмыс ырғағының сақталуы маңызды. Сол себептен компанияда жұмыс істейтін әрбір қызметкердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге назар аудардық. Сонымен бірге мыңдаған адамды құтқарып, қауіп-қатерге бас тігіп жүрген дәрігерлерге көмек көрсетуге де күш салдық, – дейді ол.
Тегінде төрткүл дүниенің тынысын тарылтқан қауіпті індет сақтық шараларын сақтаумен, әлеуметтің жауапкершілікті жете сезінетін компаниялардың қолдауымен ғана тоқтайтыны даусыз. Бірақ карантиндік шектеулердің талабы бейқамдықты да, қыдырымпаздықты да көтермейді. Тіпті екі жеп, биге шығатын пысықайлық та бүгінгі талап үдесіне сай келмейді. Ең маңыздысы – сақтық. Өйткені сақтанған адам ғана сау жүрері даусыз.
Атырау облысы