Кеңес дәуірінде орын алған қазақ халқының тарихында қара әріптермен жазылып қалған осы нәубеттің себебі неде, ол қаншалықты зардабын тигізді және мұндай сұмдықты болдырмау үшін не істеу қажет еді. 30-жылдардағы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргіннен қазақ халқы үштен бірінен айырылды деген дерек бар. Мұның себебі неде, саяси қателік пе, әлде қасақана қазақ халқына қарсы жасалған коммунистік партия көсемдерінің зұлымдығы ма?
– Алаш баласының сабақ алатын, сабақ болғанда да ащы сабақ болатын тұстары аз емес, – дейді тарих ғылымдарының докторы Қадіржан Әбуев, – оның барлығы өткен тарихымызда тұнып тұр. Біз кешегі Кеңес заманында еріксіз тілімізді тістеп, бұл тақырыпты ашып айта алмай келдік. Сондықтан көптеген жастар бейхабар болып өсті. Рас, саяси қуғын-сүргінді көрген көнекөз қариялардың сыбырлап айтқан сырынан сыр ұққандар да аз емес. Қазақтың басына төнген қасірет «жығылғанға жұдырық» дегендей бірнеше рет қайталанып келіп отырды. Нәубеттің алғашқы жан түршіктірер зобалаңы 1921-1922 жылдары орын алғанын білеміз. Ал 1930-1931 жылдары кейбір деректерге қарағанда бір миллионнан астам адам алапат аштықтан қырылған. Бұл жайлы тарихи деректерді Омбының, Санкт-Петербургтің мұрағаттарынан кездестіруге болады.
Арқаның төсін жайлаған арда қазақ төрткүл дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылып, сары қарын жас баланың қамы үшін ат жалына қонып үдере көшті. Бұл төңірек жергілікті жерде «іш жақ» деп аталатын Омбы, Түменге қоныс аударды. Мұнда қалғаны айдалды, атылды, асылды. 1937 жылы әбден күшіне еніп, қорқыныш лебі бет қаратпай тұрған саяси қуғын-сүргін кезінде, алғашқы бетте 110 мың адам атылды. Ол кезде қазақтың саны 6 миллион шамасында болатын. Кейбір тарихи деректерде 25 мың адамның «үштіктің» үкімімен өлім жазасына кесілгендігі айтылады және осы мыңдаған адамдар халқымыздың ішіндегі қалаулысы, сүттің бетіне шығатын қаймағы еді. Былайша айтқанда, ұлттың сапалы құрамын құрайтын, өз заманының озық ойлы, білімді тұлғалары. Олар шын мәнінде өз ұлтының болашағы үшін басын құрбандыққа шалғандар.
– Шынтуайтында, біз Еуропа халқы сияқты қалыптаса қойған жоқ едік. Олар жүріп өткен жолмен жүрген жоқпыз. Алаш баласы қынадай қырылып жатқанда қанаттас жайылған, қоңсы отырған өзге жұрттың бізге жаны ашыса ашыған шығар, бірақ ара түсуге қауқары жоқ еді, – дейді облыстық мұрағаттың мұрағатшысы Талапкер Уәлиев.
Бірнеше жылға жалғасқан ашаршылық пен саяси қуғын-сүргіннен кейін Алаш баласы ойсырай азайып, кеміп қалды. Егер тарихтың осы бір тар соқпағынан аман өткенде, қазіргі қазақтың саны қанша болар еді. Саны ғана емес, ұлтымыздың озық ойлы, талантты ұрпағынан тараған қаншама жеткіншек жер басып жүрмес пе еді. Тек соған жеткізбеді ғой.
Кеңес өкіметінің астыртын саясаты күшті болды. Ол жүйе ұлттық интеллигенцияны шөптей қырқа шауып, тіпті тамырына дейін отап құртып отырды. Өйткені өзгеше ой, тың пікір айтып, ел ұйытқысы саналатын, ұлт болашағын ойлайтын арыстарымыздан құтылуға тырысты. Бүгінгі күні біз сол ел үшін құрбан болған, жанын қиған арыстарымызды лайықты бағалай алып жүрміз бе? Олардың есімдерін кейінгі жас ұрпақтың жадында қалайтындай етіп, асыл мұраттарын, ізгі армандарын өнеге, мысалға айналдыра алдық па? Шын мәнінде елі мен жерін, Отанын сүйе білудің нақты мысалы осы емес пе. Облыс орталығында Алаш үшін құрбан болған Ахмет Байтұрсыновтың көшесі қандай деп бір адам ойланды ма екен? Қамыс пен қурай басқан, жолы тозып біткен шолақ көше. Тіпті оның қай жерде орналасқанын қала тұрғындарының көпшілігі біле бермейді. Аруағынан ұят тіпті. Есесіне Көкшетау қаласында бар болғаны жол-жөнекей қырық минут қана болған Валерьян Куйбышевтың көшесін қараңыз. Міне, осындай сорақылықты ойлағанда жаның түршігеді. Сонда біздің намысымыз қайда? Тіпті күні кешеге дейін «Мырзажан» деп әлпештеп, Мирзоянды да құрметтедік-ау. Тарихтың ақтаңдақтары ашылған кезде қап түбінде жатпайтын ащы шындық менмұндалап бас көтерді. Қазіргі күні сол Мирзоянның Қазақстанда «халық жауларын» көбірек табу үшін қосымша жоспар сұрағаны белгілі болып отыр. Біз осы қуғын-сүргіннің қасіретін безбендеп, нақты саяси бағасын бере алмай келеміз.
Облыстық прокуратураның деректеріне қарағанда, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ақталу жөніндегі құжат алу үшін өтініш берушілер қатары өте көп болған екен. Қазір азайыпты. Оның өзіндік себептері бар. Көп адамдар ақталды, енді біразы жастары келіп қайтыс болды және шетелдерге кетіп жатқандар бар. Бұрнағы жылдары ақталу мәселесімен арызданып келгендер 80 адам. Негізінен ақталу туралы өтінішпен келетіндер – поляктар, чешендер мен ингуштар, немістер, тағы да басқа кеңес заманында Қазақстанға күштеп жер аударылған ұлттардың өкілдері. Мұның себебі неде? Біздіңше, мұның бірнеше себебі бар. Алдымен саяси қуғын-сүргін құрбаны атанып, ақталу үшін жер аударылғаны немесе түрмеге қамағаны туралы құжат көшірмесі болуы қажет. Ал қазақтарды жер аударғанда Сібірге, яғни басқа өңірлерге жіберді және олардың балалары ағайын-туыстың қолында қалғандықтан, қамқоршысыз болмады. Тағы бір себеп, сол қиын-қыстау заманда «халық жауының» баласы, не туысы атанбас үшін тектерін өзгертіп алатындар да аз болған жоқ. 30-жылдардың басындағы ашаршылықтан қаншама қазақ қайтыс болды, қаншасы басқа жаққа жер ауып кетті. Өкінішке қарай, сол уақытта бұл туралы құжаттама жүргізілмеген және ешқандай мәліметтер сақталмаған. Аштықтан қанша адам қаза тапқаны әлі күнге дейін нақты белгісіз болып қалып отыр.
Бүгінде соғыс ардагерлерін есте сақтау үшін шығарылып жатқан «Зерде» кітабы сияқты, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын есте сақтауға арналған, олардың аты-жөні мен қысқаша өмірдерегі берілген көп томдық жинақ шығарсақ қалай болар еді. Өкінішке қарай, бүгінгі күні миллиондаған адамды шарпыған өткен ғасырдың 30-жылдарындағы саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық тарихымызда жалпылама өлі цифрлармен ғана беріліп жүр. Жазықсыз сотты болып атылған, жер аударылған тұлғаларымыз бен аштықтан қаза тапқандардың аты-жөндері, кім екендіктері жайында әлі күнге дейін толыққанды мәліметтер жоқ. Ал мыңдаған, миллиондаған қарапайым адамдардың есімдерін де, өмірдеректерін де білмейміз. Мұның өзі арнайы зерттеуді, көп еңбектенуді, мұрағаттарды ақтаруды қажет етеді.
Іргедегі Омбы мен Қорғанның (Ресей), әрідегі үлкен қалалардың мұрағаттарын ақтарса, қаншама мәліметтер тұнып тұр-ау. Міне, осының барлығы жиналып келгенде Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіннің анық, нақты бейнесін көрсетіп берер еді.
– Бүгінгі күні Алаш ардақтылары армандаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Енді өткен өтті, оны қайта қазбалаудың қажеті жоқ деуге болар еді, десе де, тарихты білмей алға жылжудың мүмкін еместігін, өткен қателіктерден сабақ алу қажеттігін, азаттық үшін алысқан ардақтыларымызды ел есінде сақтау керектігін естен шығармағанымыз жөн. Алаш көсемдерінің есімдері әлі күнге дейін толық ардақталды деп айта алмаймыз, – дейді Талапкер Уәлиев, – құзырлы органға 4 миллиондай арыз жазылған екен. Сондықтан мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбасын десек, онда адамдарды жансыз тетікке емес, ойлы, сезімді, өз көзқарасы бар білімді де білікті жеке тұлғаға айналдыруға бағдар ұстауымыз қажет. Мәселен, олардың бәрі жеке тұлғалар болды. Өз ойлары, көзқарастары бар, сол тұстағы кеңестік біртекті қалыпқа сыймайтын азаматтар еді. Міне, сондықтан да, олар коммунистік жүйенің халыққа игілік емес, бақытсыздық әкелетінін біліп қарсы шықты. Олар Қазақ елінің тәуелсіз әлемдік қоғамдастықта өз орны бар, өркениетті мемлекет болуын аңсады.
Атбасардың шетінде ашаршылық кезінде қаза тапқандардың зираты бар. Сырты қоршалмаған, аяқасты болып жатыр. Осындай ашаршылық құрбандарының қорымдары жер-жерде кездеседі. Соларды анықтап, сыртын қоршап, ашаршылық құрбандары жатыр деп ескерткіш тақта орнатса дұрыс болар еді.
Ақмола облысы