Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында депутаттар парламенттік оппозицияға қатысты екі заң қабылдады.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында ұсынған саяси реформалары аясында бүгін екі заң қабылданғанын атап өтті.
– Елімізде демократиялық үрдістерді әрі қарай дамыту мақсатында қолданыстағы заңнамаға парламенттік көпшілік және парламенттік оппозиция ұғымдары еніп отыр. Заңмен Мәжіліске сайланатын парламенттік оппозицияның өкілеттіктері және олардың жұмысын қамтамасыз ету тетіктері нақты айқындалды. Мемлекет басшысының ұсынысымен қабылданған жаңа заңнамалық нормалар елімізде парламенттік оппозицияға кепілдік береді және Қазақстандағы кәсіби парламентаризмнің жаңа кезеңіне жол ашады деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.