«Academic Ranking of World Universities-European Standard» (ARES) беделді еуропалық рейтингінің зерттеулері бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «АА+» жоғары бағасына ие болып, жетекші еуропалық университеттердің қатарына енді.
ARES халықаралық рейтингін 2011 жылдан бері Еуропалық ғылыми-өнеркәсіптік палатасы жүргізіп келеді. Биылғы жылы оған еуропалық стандарттарға қызметі сәйкес келетін ТМД елдерінің 530-дан астам жоғары оқу орны қатысты. ARES нәтижелерін әлемнің жетекші рейтингтік агенттіктері назарға алады.
Өз кезегінде ҚазҰУ рейтингте қазақстандық жоғары оқу орындары арасында көшбасшы болып қалуда, көрсеткіштер бойынша оларды әлдеқайда озып тұр. ARES-тің «AA+» бағасына, сондай-ақ, Ломоносов атындағы ММУ бастаған Ресейдің 10 жетекші университеті де ие болған.
Рейтинг жоғары оқу орындарын келесі көрсеткіштер бойынша саралайды: ғылыми-инновациялық қызмет, оқыту сапасы, цифрландыру деңгейі, түлектердің сұранысына ие болуы, халықаралық тану, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығы. Сонымен қатар халықаралық рейтингтер мен академиялық қоғамдастықтағы университеттің орны есепке алынады.
Айта кетер жайт, зерттеу университетіне айналуға бағыт алған ҚазҰУ, жаһандық ғылыми-білім беру кеңістігіндегі өзінің бәсекеге қабілеттілігін үдемелі арттырып, халықаралық рейтингтерде табысты алға ілгерілеуде. Жетекші қазақстандық жоғары оқу орны әлемнің үздік университеттерінің қатарына енуді көздейді.