• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Руханият 31 Мамыр, 2020

Қосаевтар әулетінің қасіреті

695 рет
көрсетілді

Академик Манаш Қозыбаевтың еңбектерінде жаппай қуғын-сүргін жылдары Қостанай облысының өзінде ғана 7 мыңға жуық адам қудаланып, олардың 2 мыңнан астамы ату жазасына кесілгені айтылады. Арада ғасырға жуық уақыт өтсе де зұлмат заман жалмаған 7 мың құрбанның бүгінге дейін жартысына жуығы ұшты-күйлі дерексіз, олардың артында қалған ұрпақтары мен туыс-туғандарының тағдыры беймәлім күйде қалып отыр. Талай әулеттің шаңырағын құлатып, ортасына түсірген қанды саясаттың құрбаны болған Тобыл өңірінің тұлғалы азаматының бірі Нұрахмет Қосаев еді.

Нұрахмет Қосаев 1898 жылы қа­зіргі Меңдіқара ауданында дү­ние­­ге келген. 2 сыныптық орыс-қазақ мектебін бітірген соң, 1935 жы­лы Алматыдағы 6 айлық партия мек­тебін тәмамдайды. Қостанайға қайтып оралған соң, 1936 жылы Мең­ді­қарада алғаш қазақ балалары арасынан механизатор, темір ұстасы мен есепшілер дайындайтын ауданаралық ұжымшар мек­те­бін ұйымдастырып, өзі ашқан оқу орнына басшылық етеді. Қай­раткер тұлға бір жылдан соң «жа­пон тыңшысы» деген жаламен тұтқынға алынады. Тергеу ұзаққа созылмайды. Нұрахмет Қосаев көп кешікпей «халық жауы» ре­тін­­де ату жазасына кесіледі. Қазақ ба­ласын оқытып, техника тілін үй­ре­те­мін, темірді қамырдай илей­тін ұста етіп шығарамын, за­ман­ға бейімдеймін деген арманына толық жете алмаған күйі асыл азамат әзиз басын ажалға байлап, заманның қасап диірменіне жұты­лып кете барады. Артында аңырап аяу­лы жары – Алтыны жесір, шиет­тей алты бала жетім қалады.

Алтын алғашқыда Нұрахметті не үшін алып кеткенін түсіне алмай дал болады. Бәлкім, біреумен шатас­тырып алған болар. Кейін ке­шірім сұрап, үйге қайтарар де­ген үміті де жоқ емес-тін. Өйт­­кені Нұрахмет бүкіл саналы ғұ­мы­­рын осы Кеңес өкіметінің өркендеп, гүлденуіне арнаған жоқ па?! Ауыл-ауылды аралап, бала жинап, оқытты. Кейбір жас­тарды өз үйіне жатқызып, тәрбие­леді. Ол балаларға арнап өзі де та­лай рет киім тігіп берді емес пе? Қазақтың баласы далада қал­масын, оқысын, тоқысын, өзге­ден кем болмасын, техника тілін игерсін деп Меңдіқарада меха­ни­за­торлар даярлайтын мектеп ашты. Ел үшін етігімен су кешкен атпал азаматтың бұл ісін қыл­мыс деуге бола ма?

– Атам кеткен соң әжем де көп тұрмапты. Өздерінің 4 бала­сы, атамның ағасынан қалған 2 бала бар, соларды асыраймын деп жүріп, қалтасына бір уыс бидай салған екен. Содан «халық жауының әйелі, қазынаға қол салды» деген айыпқа ілігіп, тергеу үстінде жүрегі шыдамай, не­бә­рі 35-ақ жасында қайтыс болады. Алтын әжемнің зираты Меңдіқара ауданындағы Шиелі деген жерде. Ал атам Нұрахмет 1957 жылы ақталғаны болмаса, қайда жерленгені беймәлім. Қостанайға әкеліп атқанын ғана білеміз. Өзге хабар жоқ. Заман түз­елген шақта інісі Ережеп талай мұ­рағатты ақтарып, ағасы туралы мә­лімет іздеді. Бірақ нәтижесі ша­малы. Анам әкесін өмір бойы жоқ­тап өтті. Сірә, ол қасіретті ұмы­­ту мүмкін емес шығар, – дейді Нұрахмет Қосаевтың жиен неме­ре­сі Сәлима Абдуллина.

Осылайша 1937 жылы әкеден, 1938 жылы шешеден айырылған шиеттей алты бала тұл жетім қалады. Алты баланың үлкені, Сәлима апайдың анасы – Зылиха Абдуллина әжей сол кезде тұлы­мы желбіреген 12 жасар қыз екен. Әжей осыдан үш жыл бұрын дүни­е салыпты.

– Анам Нұрахмет атам мен Алтын әжемнің жазықсыз кет­ке­нін өмір бойы айтып өтті. Бұл жөнінде айтқанда жылап отыра­тын. Ата-анадан айырылған соң өздері де көрмегенді көріпті. «1937 жылдың қыркүйек айында оқу­дан келген бетім. Есік алдында екі милиция тұр. Мені ішке жібер­ме­ді. Үйден шешем шығып, «Ол біздің бала» деген соң ғана кіргізді. Бөлменің қақ ортасында әкем отыр екен. Үйдің іші астан-кестен шашылып жатыр. Ша­масы милициялар бір нәрсе іздесе керек. Біздің жұтаң үйден не тап­сын. Жағдайымыз жұпыны, тірші­лігіміз төмен.  «Қорықпа, қал­қам, қорықпа! Жай әншейін білместік қой. Мен ақпын. Қара халықты оқытқаннан басқа кінәм жоқ. Көп болса бес күн жатамын. Ешқайсың жыламаңдар, деп бетімізден бір-бір сүйіп қош­та­сып, милицияның жетегіне еріп ке­те барды», деп отыратын анам, – дейді С.Абдуллина.

Арыстай азамат сол кеткеннен қайтып оралмайды. Сол жо­лы онымен серіктес болған алты бірдей меңдіқаралық коммунис­ке де «жапон тыңшысы» деген жазықсыз жала жабылады. Олар­дың ішінде Меңдіқара аудан­дық партия комитетінің бірінші хатшысы мен аудандық атқару комитетінің төрағасы да бар еді. Әке­сі қамауда жатқанда кіш­кен­тай Зылиха шешесі Алтын­ға еріп абақтыға талай рет бар­ған. Алайда кәмелет жасқа тол­ма­­ған балаға түрмеге кіруге рұқсат бермейді. Анасы әкесіне бөтел­ке­мен сүт алып кіретін. Сондай күндердің бірінде әкесі «Зықан, оқы, оқы және оқы!» деп қағазға жазып, оны шиыршықтап бос бөтелкенің тығынына жасырып жіберіпті. Сірә, тұңғышы, Зы­лихасы оқыса, жұрттан кем болмас деп ойласа керек. Сол кездері аудан орталығындағы ашық алаңқайдағы граммофоннан күн сайын «халық жауы» атанған азаматтардың аты-жөні айтылатын. Бір күні қара граммофоннан Қосаевтың да фамилиясы естіледі. Артынша балалары оқудан шеттетіліп, кейін «Әкесі үшін баласы күймейді» деген ұранмен оқуға қайта алынады. Зылиха бесінші, інісі Ережеп екінші сыныпта оқитын. Жұрт қатар­лы мектепке барып жүрді. Бірде оқушылар күнделікті шы­ға­тын газетке үймелесіп, дауыстап оқи бастайды. Онда Меңдіқарадан айдалып кеткен алтаудың ату жазасына кесілгені жазылған екен. Асқар тауы – әкесі туралы қаралы ха­бар­ды естігенде қаршадай Зы­ли­ханың екі аяғынан жан кетіп, икемге келмей, жүре алмай қалады. Сыныптастары үйіне сүйеп апарыпты.

– Осы оқиғадан соң мектепте пионер жиналысы болады. Шешем бармай қалған. Сөйтсе інісі Ережеп үйге жылап келіпті. Бізді халық жауының балалары деп атап мені пионерден, Ережепті октябряттан шығарған екен. Ертесі күні мектепке бар­ға­нымда класымда оқитын бала­лар­дың «Халық жауының қызы!» деп жабылып жағамды жыртып, мойнымдағы қызыл галс­т­угымды жұлып алғаны әлі күнге дейін көз алдымда деп кемсеңдеп отыратын шешем марқұм, – деп Сәуле апай ауыр күрсінді.

– Ол кезде шешемнің өзінен кейінгі інісі Ережеп 10 жаста екен. Кіш­кене ересектеу болған соң, оны өзімен бірге қара жұмыс істеуге алып қалып, қалған екі туған інісі мен екі ағайынын әйтеуір аш болмайды ғой, оның үстіне оқиды деп Боровойдың балалар үйіне тапсырады. Онда да Қосаев емес, аты-жөнін өзгертіп, басқа фамилиямен өткізеді. Қадыр деген інісін Николай деп өзгертіпті. Сөйтіп Қарабалықта қазақша балалар үйі ашылып, ол кісілер соған ауыстырылған. Шешем кейін менен кейінгі бауырымды көтеріп, мені жетектеп алып, інілерін іздеп Қарабалыққа барды. Сонда анама еріп барғаным еміс-еміс есімде қалыпты. Шешемнің екі інісі де өте жақсы оқыған. Мектепті медальмен бітіріпті. Екеуін де Ленинг­радқа жіберді. Біреуі инс­ти­тутта, екіншісі техникумда оқы­ды. Ол кісілер Ресейге барған соң, еркіндеу жүрді ғой енді. Содан атама сұрау салып, іздене бастайды. 1954 жылы ақталды. Әке­ме қатысты деректерді іздеп жүргенде Қадыр ағам көптеген кедергіге кездескенін айтып отыратын. Тіпті Қостанайға келіп, архивті қарамақ болғанда, Кеңес со­тының үкіміне күмән келтірдің деп бір-екі күнге қамап тастапты.

Зобалаң жылдары ата-анасынан айырылған сәбилер көрген құқайды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Алайда «орнында бар оңалар» деген, жазықсыз атылып кеткен қайраткердің ар­тын­­да қалған балаларының әр­қай­­сысы бүгінде үлкен бір әулет­тің батагөйі болып отыр. Нұрахмет Қо­саев­тың ұлдарының бірі – ке­зін­де балалар үйіне Нико­лай болып кірген Қадыр Қосай бү­гін­де бүкіл елге белгілі қазақ кино өнерінің ардагері. Сұлтан Қо­жы­қов­­тың «Қыз Жібек» филь­мі­нің дыбыс режиссері.

Қазір Меңдіқара ауданында бір көше Нұрахмет Қосаев атымен аталады. Кезінде қайраткер тұлға іргесін тұрғызған Меңдіқарадағы ауданаралық техникалық мектеп бүгінде кәсіптік-техникалық колледжі деп аталады. Нұрахмет Қосаев­қа білім ошағының қа­быр­ға­сына мәрмәрдан ескерткіш тақта орнатылған. Жақсының аты өлмейді, бүгінде облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қорында қысқа ғұмырын ел игілігі мен жоқ-жітік­тің мұңын мұңдап, кедей-кеп­шікті көгерту жолына сарп еткен аяулы азаматтың фотосуреті, тапан­шасы, құжаттары сақтаулы тұр.

 

Қостанай облысы