Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында бірқатар мәселе қозғады. Соның ішінде медицина саласына қатысты да өзгертулер енгізуді ұсынды.
Ең алдымен ол өз міндетін тиісті деңгейде орындамаған медицина қызметкерлерінің қылмыстық жауапкершілігіне қатысты сыни сараптамаларды қайта қарау қажет екенін айтты. Бұл осы тақырыпта туындаған көптеген мәселенің түйінін шешуге көмектеседі. Сонымен қатар Мемлекет басшысы дәрігерлік қателік үшін заңсыз әрі әділетсіз қылмыстық қудалау фактілері де жиі орын алатынын тілге тиек етті. Бұл да өте орынды деп санаймын. Елімізде қылмыстық бапқа тартылған дәрігерлердің саны аз емес екенін білеміз. Оған қоса қоғамда дәрігерге қатысты теріс пікірлер де қалыптасып жатыр. Десе де, өз ісіне адал нағыз мамандар адам өмірі үшін күнделікті қарусыз майданда күресіп жатқанын да атап кету қажет.
Әрине жоғарыда айтылған өзгерістер дәрігерлерге адам өмірі мен денсаулығына қатысты жауапкершілігін алып тастамайды. Керісінше, дәрігердің мойнындағы жауапкершілік арта түспек.
Бұған қоса, Президент медицина қызметкерлерінің жалақысын 2023 жылға дейін біртіндеп 2,5 есеге арттыруды тапсырды. Бұл дәрігерлердің әлеуметтік, тұрмыстық хал-ахуалына зор септігін тигізетініне сенімдімін. Сондай-ақ дәрігер мамандығының мәртебесін де жоғарылатуға мүмкіндік береді. Демек, бұл медицина саласына тың серпіліс әкеп қана қоймай, ақ халаттылардың мәртебесі мен әлеуметтік жағдайын көтеруге ықпал етпек.
Абай БАЙГЕНЖИН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымының докторы, «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ басқарма төрағасы