Отандық тарихшы Серік Мәшімбаев 2016 жылы жарық көрген «Қосөзен аралығындағы Қазталов тарихы» атты еңбегінде, қуғын-сүргін жылдары Қазақстанның өлкелік партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Н.Ежов мұртты көсем Сталиге жазған хатында: «...Барлық қазақ кадрлары коммунистер ұлтшылдықпен уланған, бұлардың арасында дені сау партиялық күш жоқ» деген екен. Нәтижесінде 1937-1938 жылдары Қазақстан бойынша 105 мың адам НКВД-ның қанды шеңгеліне ілініп, осылардың 22 мыңы атылып кеткені жайлы деректі келтіріпті.
Жоғарыда атылып кеткен 22 мың арыстың бірі – Мансұр Ғатаулин. Бұл тұлға бізге әйгілі «Бесеудің хаты» арқылы таныс. Яғни, 1932 жылы 4 шілде күні БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Ф.И. Голощекинге жазушы Ғабит Мүсірепов, Алматы Комвузының басшы қызметкері Емберген Алтынбеков, Қазақ АКСР Мемлекеттік жоспарлау комиссиясының сектор бастығы Қадыр Қуанышев, Қазақ мемлекеттік баспа ісінің меңгерушісі Мансұр Ғатаулин және Мұташ Дәулетқалиев бесеуі хат жазып, республикадағы мал шаруашылығының күйрегендігі салдарынан елді алапат ашаршылық жайлағандығын айтып дабыл қақты.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Серік Мәшімбаев зерттеуіне қарағанда, Мансұр Ғатаулин 1903 жылы Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы Ағаш ауылы Нысамбай көпірі жанында малшы отбасында дүниеге келген. Руы – тама. Әкесі – Тайт, анасы – татар қызы Фатима. 1933-1937 жылдары Ақмола өлкелік партия аппаратында, Қарқаралы қалалық өлкелік партия комитетінде қызмет атқарған. Сол кездегі Совет одағының саяси қайраткерлері С.Киров, Л.Мирзоян бастаған басшылар бұл кісінің дастарханынан дәм татып аттанып жүрген.
Ресми дереккөзі Мансұр Тайтұлы 1937 жылы қараша айында Қарағанды қаласында Қарқаралы округінің партия, кеңес қызметкерлерінің үстінен қозғалған сотта жалған айып тағылып атау жазасына бұйырылғаны жайлы айтылады.
Жарықтық соттың алдында қасқайып тұрып «Мен «халық жауы» емеспiн, керiсiнше, халықтың жауының «жауымын» депті. Онымен қоймай өзінің қалай халық жауы болғаны жайлы НКВД жендеттеріне тәкпіштеп тұрып түсіндерген.
Ғатаулиннің кеңестік әділ соттың алдында ашына айтқан сөзі 2003 жылғы «Қазахстанская правда» газетінің 16 маусым күнгі санында («Послесовие к «Письмо пяти») жарияланды. Осы мақалада қайран арыс: «Мен 1932 жылы жұмыс бабамен Кент ауылына барым. Ол Қарқаралыдан алыс емес еді. Ондағы жағдайды өз көзіммен көрдім. Аштық жылдары болатын. Көлiктен сыртқа шықсам, айналамда адам да, мал да жоқ, тек қана ұзын созылған мал қорасы тұр. Есiктi ашып қалып едiм, өлi адамның денелерi көрiндi. Соншама үлкен қораның iшi лық толған адамның мәйiтi. Кейбiреулерiнiң көзi ашық, кiрпiктерi әрең қимылдайды, бiрақ кiрпiк қаққанша жантәсiлiм беретiнi сөзсiз. Сыртқа атып шықтым. Даладан айқай-шу шықты. Есiнен адасқан әйелдер қолдарындағы пышақтарын жалаңдатып менiң жүргiзушiме тап бердi, ойлары оны сойып жемек. Мен аспанға оқ атып едiм, олар жан-жаққа қаша жөнелдi. Жан-жағыма қарасам, анадай жерде үлкен қазан-ошақ тұр екен, астында от жанып жатыр. Әлде не пiсiп жатыр. Қақпағын ашып кеп жiберiп, қарасам, бұрқ-сарқ қайнаған сумен бiрге қазанның бетiне бiрде баланың аяғы, бiрде қолы, бiрде өкшесi бүлiк-бүлiк етiп шығып жатыр. Міне осыдан кейін мен халық жауы болдым» деп қайран арыс сөзін аяқтапты
Жоғарыдағы хат жазған бесеудің төртеуі аман қалып, тек Ғатаулин ғана атылды. Аман қалғандардың бірі жазушы Ғабит Мүсірепов (1902-1985) қазақ әдебиеті үшін үлкен еңбек сіңірсе, Батыс Қазақстан тумасы Мұташ Дәулетқалиев (1904-1982) ұзақ жылдар жоғары партия мектебінде ректор болып еңбек етіпті. Ал Емберген Алтынбеков (1904-1954) пен Мемлекеттiк жоспарлау комиссиясының энергетика секторының меңгерушiсi қызметiн көп жыл атқарған Қадыр Қуанышев (1906 - өлген жылы белгісіз) коммунистiк партия мүшелігіне өтіп, бертінге дейін өмір сүрген. «Бесеудің хатын» ұйымдастырғандардың ішінен тек Мансұр Ғатаулин ғана оққа байланып, небәрі 34 жасында құрбан болған екен.