• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Мамыр, 2020

Түркістан: Мұғалімдер міндетіне кірмейтін жұмысқа тартылмайды

524 рет
көрсетілді

Түркістан облысының мектеп мұғалімдері «Педагог мәртебесі туралы» Заң аясында қағазбастылықтан арылып, кәсіптік міндеттеріне кірмейтін жұмыс түрлеріне тартылмайды. Егер де ондай жағдай орын алса, мектеп басшылығы жауапкершілікке тартылады.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің директоры Бақытжан Мұхамеджанов мекеме тарапынан барлық білім беру ұйымдарында заң қағидаттарын сақталуы бақылауға алынатынын мәлімдеді. «Орта білім беру ұйымдарының мұғалімдері оқу жылында 4 құжат дайындайтын болса, қазір күнделікті екі құжатты ғана жүргізеді. Егер мұғалім тәлімгер болса, оқу жылы басында жас маманмен жұмыс жоспарын дайындайды. Бұйрық бойынша сынып журналы тек электрондық форматта толтырылады. Кейбір білім беру ұйымдарында электрондық журналмен қоса қағаз түрінде де жүргізіледі. Аталған бұйрық ұстаздарды артық қағазбастылықтан босатып, тікелей қызметтік міндеттерімен айналысуға мүмкіндік береді, яғни білім сапасын көтеруді, балалармен жеке жұмыс жүргізуді жоғары деңгейде қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деді департамент басшысы.

Мұғалімдердің кәсіби міндеттеріне кірмейтін жұмыс түрлеріне тарту, қызметтік міндетінде қамтылмайтын мәселелері бойынша ақпарат немесе есеп талап ету фактілері бойынша арыз түскен жағдайда, аймақтық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті дәлелдеме негіздері болған жағдайда әкімшілік іс қозғайды. Қажет болған жағдайда құқық бұзушылыққа қатысты тексеру жүргізеді. Осындай дерек орын алған бірнеше мектеп директорына қатаң сөгіс жарияланған.

 

 

Түркістан облысы