• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тарих 30 Мамыр, 2020

Смағұл Елубай ашаршылық құрбандарына мемориал кешен тұрғызуды ұсынды

1034 рет
көрсетілді

Белгілі жазушы, кинодраматург Смағұл Елубай «Egemen Qazaqstan» газетінің ұйымдастыруымен өткен қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Ғасыр зұлматы» атты онлайн дөңгелек үстелінде зұлмат жылдар құрбандарын еске алуға байланысты  бірнеше ұсыныс айтты. 

- Ашаршылық пен қуғын-сүргін күнін екіге бөліп, ашаршылықты 30 мамырға, қуғын-сүргінді 31 мамырға бұрынғы орнына қалдырған жөн. Өйткені 15 жылдың ішінде қырылған 5 миллиондай қазаққа, солардың әруағына үлкен қиянат жасап отырмыз.  Мұндай алапат ашаршылық туралы және оның ұлықтау мәселесі бізде кемшін соғып жатыр. Зұлматқа арналған Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында екі ескерткіш қойылды. Ескерткіш жеке адамға да қойылады ғой. Ал халықтың жартысынан көбі қырылған бұл нәубетке лайығы – мемориал кешен, - деді жазушы. 

Сондай-ақ ол мемориал кешенде тек 15 жылдың көлеміндегі ақтаңдақтар емес, жалпы қазақ тарихындағы ақтаңдақтар залы жасалса деген ұсынысы барын жасырмады.

- Мұнда қазақ халқының бастан өткерген қасіреті айқын көрсетілсе. Қазіргі кезді балауыздан мүсін жасайтын шеберлер бар. Соларды шақырып, еуропалық үлгідегі музейлер тәрізді тарихтағы сұмдықтарды «тірілте» аламыз. Мұндай музейдің әсері ерекше, тәрбиелік мәні мол болмақ. Тарихты көзге көрсеткендей жас ұрпақты патриоттық, танымдық рухта тәрбиелеуге бұдан артық жасай алмайсың, - деді ол.