Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде «Қазақстан: тарихи тағылым саясаты» халықаралық онлайн конференциясы өтті. Конференция ҚХА-ның Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне қатысты «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты жыл сайынғы халықаралық жобасы аясында ұйымдастырылды.
Конференция барысында Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев репрессия жылдарында Кеңес Одағындағы барлық халық зардап шеккенін еске сала келіп, оның ауыр салдарларын сөз етті.
«Біз 31 мамырда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Қайғылы оқиғаны ұмытпау – біздің азаматтық парызымыз. 1920-1930 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін, ашаршылық ауыр азап болды және адамдыққа жатпайтын әлеуметтік эксперимент нәтижесінде 3 миллионнан астам отандасымыз қаза тауып, жер аударылды. Бұл оқиға халқымыздың жанына жара салды. Сол үшін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев егемендігіміздің алғашы жылдарынан саяси-қуғын сүргін құрбандарын есте сақтап, рухына тағзым етуге зор мән берген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы ұстанымды жалғастырып келеді», - деді ол.
Оның айтуынша, 31 мамыр – солақай саясат зардабынан сабақ алуымыз қажеттігін тағы бір еске салатын күн. «Бұл қолдан жасалған трагедия қазақ халқына орны толмас қасірет алып келді. Тірі қалғандардың жанына жазылмас жара салды. Репрессия жылдары біздің ел әділетсіз жаза қолданатын түзету лагеріне айналды. Сол жылдары жеке тұлғалардың орынсыз әрекеттерінен Кеңес Одағында өмір сүріп жатқан барлық этнос зардап шекті. Бірлік, шыдамдылық және даналықтың, бір-бірін қолдай білудің арқасында қатаң сынақтың бәрінен өттік», - деді Д.Абаев.
Айта кетейік, «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» жобасының мақсаты – жалпыұлттық тарихи сананы қалыптастыру, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының құндылықтар қағидатында қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту. Жобаның іс-шаралары тұңғыш рет 2010 жылы ТМД-ға мүше мемлекеттердің Гуманитарлық ынтымақтастығының мемлекетаралық қорының қолдауымен елордада және «АЛЖИР» музей-мемориалдық кешенінде ұйымдастырылған. Содан бері жыл сайын аталған жоба аясында көптеген тағылымды іс-шаралар, түрлі форматтағы жиындар өткізіліп келеді.